Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанда қандай ірі жарыстар өткізілді
Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде елімізде көптеген халықаралық жарыстар өткізілді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен танымал атлеттер қатысты. ҚазАқпарат тілшісі сол жарыстардың негізгілерін атап өтуді жөн көрді.
Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз ел атанды. Осы жылдар ішінде елімізде спорттың әр түрі бойынша чемпионаттар өткізілді. Олар негізінен екі ірі қалада – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өтті.
2011 жылы Алматы мен Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) Қысқы Азия ойындарының жалауы желбіреді. Азия ойындарына 26 елдің спортшылары қатысты. Олар спорттың 11 түрінен сынға түсті. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 70 медаль иеленіп, бірінші орынға табан тіреді.
Қысқы Универсиада – 2017. Бұл 2017 жылғы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда өткен 28-ші қысқы Дүниежүзілік студенттік-жастар спорттық жарыстары. 8 спорт нысанында спорттың 12 түрі бойынша өткен жарысқа әлемнің 57 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Медальдық есепте Қазақстан Ресейден кейінгі екінші (36 медаль) орын алды.
Екінші Орталық Азия ойындары Алматыда 1997 жылғы 13-20 қыркүйек аралығында спорттың 12 түрі бойынша өтті. Қазақстан 229 медаль жеңіп алып, бірінші орын алды. Орталық Азия ойындары – КСРО-ның бұрынғы Орталық Азия республикаларының атлеттері арасында әр екі жыл сайын өтетін спорттық жарыс. Ойындар Азия Олимпиадалық кеңесі мен ХОК патронажымен өтеді.
Керлинг
Алматыда керлингтен 2015 жылы 7-14 қараша аралығында ерлер мен әйелдер командалары арасында Тынық мұхит-Азия чемпионаты өткізілді. Ерлер турнирінде Оңтүстік Корея құрамасы финалда Жапония құрамасын жеңіп, өз тарихында екінші рет чемпион атанды. Ал Қазақстан өз тобында жетінші болды. Әйелдер турнирінде Жапония жеңіске жетті. Қазақстан қыздары төртінші орынға табан тіреді.
Бокс
2012 жылғы бокстан Азия Олимпиадалық квалификациялық турнирі 5-12 сәуірде Қазақстанның сол кездегі астанасы – Астана қаласында (қазіргі Нұр-сұлтан) «Дәулет» спорт кешенінде өтті. Турнирде 2012 жылғы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарына 25 жолдама ойнатылды. Онда 10 салмақ дәрежесінде 28 елден 131 спортшы бақ сынасты. Қазақстаннан үш боксшы іріктеуден өтті.
2013 жылы 13-26 қазан аралығында әуесқойлар арасындағы 17-ші әлем чемпионаты Алматыда өтті. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан 8 медальмен (4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль) бірінші орынға ие болды.
2016 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Астанада 19-27 мамыр аралығында өтті. Қазақстан 6 медальмен (4 алтын және 2 қола медаль) бірінші орынды жеңіп алды.
2006 жылы 2-9 қазан аралығында Алматыда студенттер арасындағы әлем чемпионаты өтті. Қазақстан 10 медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Сондай-ақ Алматы мен Астанада Қанат Ислам, Айдос Ербосынұлы, Жанқош Тұраров, Виктор Коточигов және өзге де боксшылардың қатысуымен кәсіби бокс кештері өткізілді.
Күрес
2004 жылғы Азия чемпионаты бөлініп өтті, яғни: 16-18 сәуір аралығында Иран астанасы Тегеранда ерлер арасында еркін күрестен, 5-9 мамыр аралығында Алматыда ерлер арасында грек-рим күресінен және 22-23 мамыр аралығында Жапонияның Токио қаласында әйелдер арасында еркін күрестен жарыс болды. Қазақстан 7 медальмен Жапонияға (9 медаль) есе жіберіп, екінші орынды иеленді.
2006 жылғы Азия чемпионаты 4-9 сәуір аралығында Алматыда ұйымдастырылды. Қазақстан 14 медальмен бірінші орыннан көрінді.
2014 жылғы Азия чемпионаты елордада 23-27 сәуір аралығында өтті. Медальдардың 24 жиынтығы ойналды: 8 — ерлер еркін, 8 — ерлер грек-рим стилінде, 8 — әйелдер еркін стильде. Чемпионатқа Азияның 17 елінен 257 спортшы қатысты. Қазақстан Иран құрамасын алға шығарып, 14 медальмен екінші орынға тұрақтады.
2019 жылғы 14-22 қыркүйек аралығында әлем чемпионаты Нұр-Сұлтандағы «Барыс Аренада» өтті. Бұл жарыс Токиодағы 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу болды. Қазақстан 3 күміс және 4 қола медальмен 14-орынға ие болды.
Сонымен қатар, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жыл сайын қазақ күресінен «Еуразия барысы», «Әлем барысы» және «Қазақстан барысы» жарыстары өткізіледі.
Самбо
Самбодан 2015 жылғы Азия чемпионаты Атырау қаласында 11-13 желтоқсанда өтті.
Спорттық самбодан 29-шы әлем чемпионаты 2005 жылдың 11-14 қарашасында Астанада ұйымдастырылды. Командалық есепте біздің ерлер – екінші, ал әйелдер бесінші орынға ие болды.
Конькимен жүгіру спорты
2012/2013 жылғы маусымда конькимен жүгіру спорты бойынша Әлем кубогының үшінші кезеңі 2012 жылғы 1-2 желтоқсан аралығында елордада «Алау» мұз айдынында өтті. Жарыстар орта және ұзақ қашықтықтарда, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің командалық жарысында ұйымдастырылды.
Конькимен жүгіру спорты бойынша спринтерлік көпсайыста 46-шы әлем чемпионаты 2015 жылдың 28 ақпаны мен 1 наурызы аралығында «Алау» мұз сарайында өтті. Мұнда әлем чемпионы ресейлік Павел Кулижников болды. Әйелдерде американдық Бриттани Боу чемпион болды. Қорытынды квалификацияда қазақстандық конькишілер келесі нәтижелерді көрсетті: Екатерина Айдова әйелдер арасында төртінші, ал Денис Кузин ерлер арасында он бірінші орынға табан тіреді.
Дзюдо
Дзюдодан 2004 жылғы Азия чемпионаты Алматыда 15-16 мамырда өтті. Спортсүйер қауым бәсекені Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында тамашалай алды. Қазақстан тоғыз елдің арасында 9 медальмен үшінші орыннан көрінді.
Дзюдодан 30-шы әлем чемпионаты 2015 жылдың 24-30 тамыз аралығында Астана қаласында «Алау» мұз сарайында өтті. Жапондықтар ойнатылған 16 алтын медальдың 8-ін жеңіп алып, командалық есепте бірінші болды. Қазақстандықтар екі медаль (1 алтын, 1 күміс) жеңіп алып, Словениямен төртінші орынды бөлісті.
Ауыр атлетика
2009 жылғы Азия чемпионаты Талдықорғанда 11-15 мамырда өткізілді. Чемпионат Азияның 40-шы ерлер және 21-ші әйелдер біріншілігі болды. Азияның 22 елінен 157 спортшы қатысты. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан 21 медальмен (8 алтын, 5 күміс және 8 қола) Қытайдан кейінгі екінші орынға орналасты.
2013 жылғы Азия чемпионаты Астанада 21-26 маусымда өтті. Бұл Азияның 44-ші ерлер және 25-ші әйелдер чемпионаты болды. Оған Азияның 18 елінен 136 атлет қатысты. Қазақстан КХДР мен Иранға есе жіберіп, үшінші орынға (19 медаль) ие болды.
2014 жылғы әлем чемпионаты Алматыда 8-16 қараша аралығында өтті. Бұл ерлер арасындағы 81-ші және әйелдер арасындағы 24-ші чемпионат болды. Барлығы 76 елден 683 спортшы қатысты. Қазақстан бес медальмен төртінші орынға табан тіреді. Алдыңғы үш орынды Қытай, КХДР және Ресей мемлекеттері бөлісті.
Хоккей
Шайбалы хоккейден Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының қамқорлығымен бірінші дивизионда әлем чемпионаты 2019 жылы 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында Нұр-сұлтан қаласында және 28 сәуір мен 4 мамыр аралығында Эстония астанасы Таллинде өтті. Қазақстан бірінші дивизионның «A» тобында үшінші орын алып, 2020 жылғы әлем чемпионатының топ-дивизионына өтті.
2017 жылғы қысқы Универсиададағы хоккей ойындары 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда өтті. Хоккейші ерлер Универсиада жүлделерін тарихта 24-ші рет, ал хоккейші әйелдер — бесінші рет жеңіп алды. Турнирдің барлық матчтары Halyk Arena мен Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтті. Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы 12 құрама арасында екінші орын алды, финалда Ресей құрамасынан 0-1 есебімен ұтылды. Ал әйелдер үшінші орынға ие болды.
7-ші Қысқы Азия ойындары аясында Шайбалы хоккей Астана қаласында «Қазақстан» мұз сарайында және Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өтті. Ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан құрамасы бірінші орын иеленді.
2011 жылғы Қысқы Азия ойындары шеңберінде Допты хоккейден жарыстар 2-6 ақпан аралығында өткізілді. Допты хоккей қысқы Азиадада алғаш рет өткізілді. Барлық матчтар Алматы маңындағы «Медеу» мұз айдынында өтті. Финалда Қазақстан құрамасы Моңғолия командасын 16:2 есебімен жеңіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алған еді.
Допты хоккейден 32-ші әлем чемпионаты 2012 жылдың 29 қаңтар – 5 ақпан аралығында «Медеу» мұз айдынында және Алматы орталық стадионының қосалқы алаңында өтті. Біріншілікке 14 команда қатысып, Швеция құрамасы он бірінші рет әлем чемпионы атанды. Қазақстан қола жүлдеге ие болды.
Су добы
2012 жылғы ерлер командалары арасындағы су добының әлемдік лигасы – 2011 жыл қараша – 2012 жыл маусымға дейін өткен жарыстардың он бірінші ұтыс ойыны. Құрлықтық топтардағы іріктеу матчтарынан кейін 8 команда 2012 жылғы 12-17 маусымда Алматыдағы орталық жүзу бассейнінде өткен финалдық турнир — суперфиналға іріктеуден өтті. Матч соңындағы пенальти сериясында финалда Испанияны жеңген Хорватия құрамасы турнир жеңімпазы атанды. Қазақстан бесінші болды.
Гандбол
Гандболдан 2010 жылғы әйелдер арасындағы Азия чемпионаты Қазақстанда 2010 жылдың 19-25 желтоқсан аралығында өтті. Бұл 13-ші турнир және 2011 әлем чемпионатына іріктеу болды. Чемпионатқа төрт үздік команда қатысты. Нәтижесінде Қазақстан жеңімпаз атанды.
Шахмат және дойбы
2013 жылғы Әйелдердің командалық әлем чемпионаты 2-13 наурыз аралығында Астана қаласында өтті. Қазақстан әлемнің 10 елінен жетінші орынды иеленді.
2006 жылғы Ерлер арасындағы орыс дойбысынан әлем чемпионаты 16-28 қараша аралығында Ақтөбе қаласында өтті. Негізгі бағдарламада Николай Стручков (Ресей) және блицте Муроулло Амриллаев (Ресей) әлем чемпиондары атанды. Чемпионатқа жеті елдің 34 өкілі қатысты. Қазақстандықтар медальсыз қалды.
Теннис
2013 жылғы Қазақстан Президентінің кубогы – ITF өзінің әйелдер туры шеңберінде және ATP Астанадағы Challenger туры шеңберінде өткізетін жыл сайынғы кәсіби халықаралық теннис турнирінің жетінші ұтыс ойыны.
2019 жылғы 24 қазанда Нұр-Сұлтанда «Барыс Аренада» қазіргі заманның ең мықты екі теннисшісі – серб Новак Джокович пен испандық Рафаэль Надальдың қатысуымен қайырымдылық матч өтті. Жеңімпаз Рафаэль Надаль болды.
Трамплиннен шаңғымен секіру
Қысқы Универсиада-2017 аясындағы трамплиннен шаңғымен секіру бойынша жарыстар 30 қаңтар – 5 ақпан аралығында Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өтті. Қазақстандықтар үздік үштікке ене алған жоқ.
2015 жылғы 12-13 қыркүйекте «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде 16 елдің қатысуымен ерлер мен әйелдер арасында шаңғымен трамплиннен секіруден FIS Grand Prix Әлем Кубогының жазғы кезеңдері өтті.
Фристайл-могул
2019 жылдың 2-3 наурызында «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында алғаш рет фристайл бойынша әлемнің 12 елінің қатысуымен Әлем кубогының кезеңі өтті. Суперфиналда Юлия Галышева жеке могулда бірінші орынды жеңіп алды.
2020 жылы 1 наурызда «Шымбұлақ» ТШК-да ерлер мен әйелдер арасында параллельді могул бойынша фристайл бойынша FIS Әлем кубогының кезеңі өтті. Әйелдер арасында Джелин Кауф жеңімпаз атанды, ал қазақстандық Аяулым Амренова мен Олеся Граур квалификация қорытындысы бойынша финалға өтпеді. Юлия Галышева жаттығуда алған жарақатына байланысты қатысқан жоқ. Ерлер арасында жапондық Икума Хоришима жеңіске жетті. Кіші финалдың қорытындысы бойынша үй кезеңінде қазақстандық Дмитрий Рейхард төртінші орынға ие болды.
Велоспорт
«Тур Алматы» – UCI Азия туры аясындағы 2.1 санаттағы жарыс ретінде Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) қолдауымен Алматыда өтетін жыл сайынғы веложарыс. Tour of Almaty алғаш рет 2013 жылы өтті. Жеңімпаздар: Максим Иглинский – Astana Pro Team (2013), Алексей Луценко – Astana Pro Team (2014, 2015, 2016, 2017), Давиде Виллелла – Astana Pro Team (2018), Юрий Натаров – Astana Pro Team (2019) болды.
Футбол
2014 жылы 26 қыркүйекте Алматының орталық стадионында әлем құрамасы мен «Қайраттың» аңыз командасы арасында«Жұлдыздар матчы» өтті. Құрамына «Алтын доптың» төрт иегері: Ривалдо, Фабио Канноваро, Луиш Фигу және Андрей Шевченко енген әлем құрамасының жаттықтырушысы атақты Фабио Капелло болды. «Қайраттың» тәлімгері Құрбан Бердіев болды. Нәтижесінде әлем құрамасы 5:1 есебімен жеңіске жетті.
ММА
Қазақстанда аралас жекпе-жектен бірнеше рет жарыстар өткізілді. Түрлі лигалар ұйымдастырушылар болды. Осы уақыт ішінде Қуат Хамитов, Шавкат Рахманов, Сергей Морозов, Жалғас Жұмағұлов, Арман Әшімов, Арман Оспанов, Асу Алмабаев және тағы басқалар өз жеңістерімен жанкүйерлерді қуантты.
Semeynews.kz