ШҚОҚоғамТОПШҚО

ШҚО: Қатонқарағай ауданында жетпіске жуық отбасы баспанаға ие болды

Қатонқарағай ауданында халықты баспанамен қамту жұмысы биыл да сәтті жалғасын тапты. Атап айтқанда, «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы бойынша аудан орталығында 10, Катонқарағай ауылында ағымдағы жылы жеті екі пәтерлі тұрғын үй салынып, көпбалалы, әлеуметтік осал топтағы, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға, мемлекеттік қызмет пен денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарға қолданысқа берілді, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Бұл үйлер жалдамалы болып табылады. Одан бөлек, Үлкен Нарында 30 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға шақ қалса, Катонқарағай ауылында қосымша екі пәтерлі үш үйдің құрылысы жүргізілуде. Осылайша, Ел Тәуелсіздігінің  30 жылдық мерейлі тойын аудандағы тағы 64  отбасы жаңа үйлерінде қарсы алады. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Досжан Қаймоллаев Катонқарағайдағы үйлердің аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес жас дәрігерлерге, ал аудан орталығындағы көпқабатты үйдегі пәтерлер тұрғын үй комиссиясының шешімі негізінде үй кезегіндегі тұрғындарға үлестірілетіндігін   айтады.

–  Биылғы баспаналы отбасыларды қоспағанда, ауданымызда қазіргі таңда  200-ден астам отбасы үй кезегінде тұр. Былтыр  Катонқарағай ауылында 24 пәтерлі тұрғын үй салынуы керек еді, алайда қаржы тапшылығына байланысты аталмыш нысан салынбай қалды. Биыл осы жоба бойынша тағы да өтінім жолдайтын боламыз.

Жалпы алғанда, ауданда халықтың баспана алуға деген сұранысы артқандықтан, үй кезегіне тұрғандардың саны да өсті. Ағымдағы жылы баспаналы болған жандар үйлерінің сапасына көңілдері әбден толуда. Олай дейтініміз, тұрғын үйлер құрылысының барысында тиісті тараптан үнемі бақылау жүргізіліп, орын алған олқылықтар дереу ескертіліп, жойылып отырды. Үйлердің екі жылдық кепілдемесі бар. Осы уақыт ішінде қандайда кемшіліктер пайда болса, онда олар мердігер тараптан қалпына келтіріледі. Осы арада айта кетейін дегенім, тұрғын үй иелері де  жасаған келісімшартқа сәйкес үйлерін күтіп ұстауы тиіс,  –  дейді Досжан Қаймоллаев.

Алтайэнерго жаңа ықшам аудандағы тұрғын үйлердің маңында биыл Дидар Бахтияров басшылық ететін «Диза строй» ЖШС-нің қолға алуымен балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы, сондай-ақ «Стрит воркаут» жаттығу алаңы салынды. Құрылысқа облыстық бюджеттен бөлінген 30 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

  • Мұндағы тиісті жұмыстар ағымдағы жылдың тамыз – қазан айлары аралығында жүргізілді. Бүгінде ойын алаңының айналдыра 28  жарықшам қою ғана қалды. Олардың темір тіректері қойылған, тек жарықшамдардың өзін ғана орнату қалды. Алаңның жалпы ұзындығы  80, ал ені 20 метрді құрайды. Қажетті материалдарды мердігер ұйым Алматы мен Нұр-Сұлтаннан жеткізді. Ендігі кезекте ойын алаңының алдына көлік тұрағы жасалады.  Одан бөлек, Алтайэнерго ықшам ауданындағы Огнев көшесіне ортша жөндеу жүргізіліп, көше жарықшамдары қойылды,  сондай-ақ жаңадан көпір салынды. Алдағы уақытта әлі де тиісті абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады, –  дейді Үлкен Нарын ауылдық окруінің әкімі Раджан Ілиясов.

Жаңадан баспаналы болған тұрғындар үйлерінің сапасына көңілдері толатындығын,  бөлмелерінің жарық та кең, ең бастысы, жылы екендігін  айтады.

–  Өзіміз көпбалалы отбасымыз. Әйелім төртіншіге аяғы ауыр. Үлкен қызым Сәбина 10-сыныпта, ортаншы  ұлым Әлімжан 7-сыныпта, кенже ұлымыз   Алдияр мектепалды даярлық сыныбында оқиды.   Жаңа үйге кіргелі бір ай болды. Үй кезегінде   жеті жыл тұрдық.   Отын мен көмірді жеткізіп алдық.  Өзім құрылысшымын. Үй ауласына  мал  қора салдым, шөп тасып алдым. Үйдің іші  жылы,  бөлмелері кең екен. Жуынатын бөлмесі, дәретханасы бөлек, ыстық және суық суы,  от жағу бөлмесі бар. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағдайлар жасалған, қуанышымызда шек жоқ. Осындай халыққа арналған баспаналар тағы да салына берсін, әлі де үй ала алмай жүрген талай кісілер бар ғой. Осы үйді салып берген облыс басшылығына, аудан әкімі мен мердігерлерге зор  алғысымызды білдіреміз,  – дейді баспаналы болған тұрғынның бірі Бақытжан Базарханов.

Semeynews.kz

Дерек көзі – DIDAR Шығыс Қазақстан облыстық газеті

Осы айдарда

Back to top button