ШҚОҚоғамТәуелсіздікке 30 жылТОПШҚО

Ұлы даланың қаһарман тұлғасы

Келер жылы қазақ халқының ұлы даласының сан ғасырлық шежіресінде өшпестей із қалдырған талантты қолбасшы, дарабоз батыр, халықтың нағыз қаһарман тұлғасы Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 330 жыл толмақ. Атаулы датаға орай, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Өскемендегі №44 мектеп-лицей мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бірлесе ұйымдастыруымен «Ұлы даланың қаһарман тұлғасы» атты I республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Өскемендегі конференция жұмысына еліміздің басқа өңірлері мен қалаларынан арнайы келген тарихшы-ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Атап өтерлігі, даңқты қолбасшының 330 жылдық мерейтойы республикада бірінші болып Шығыстан бастау алып отыр.

Басты мақсат – Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында «Ұлы даланың ұлы есімдерін» ұлықтау мақсатында ерліктің арқауы, елдіктің бастауы болған дарабоз батыр Қабанбай бабамыздың ел мен жерді қорғау жолындағы даңқты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, қазақ халқының қаһармандық тарихын зерттеп, зерделеу, жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналдыру болды.

Жиын алдымен  Өскеменге Семейден кіреберістегі Қабанбай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына құран бағыштаудан басталды. Мәртебелі меймандар, ғалым-әріптестер өз сөздерінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында бұл бағыттағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Олардың қатарында “Қабанбай” халықаралық қоры мен “Ер Қаптағай” республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құсман Шалабаев бар. Ол қазақстандықтардың ұлы ата-бабалардың есімін қастерлеп, еліміздің дамуына өз үлесін қосқаны үшін ризашылығын білдірді.

Ал батыр ескерткішінің жанында құрметті қарауылда университет басшылығының бастамасымен 2018 жылы ашылған, батыр есімін иеленген әскери кафедра курсанттары салтанатты сап түзеді. Бұл жайт әскери істің тарихы мен дәстүрлері жаңа заманда және жылдам өзгеретін уақыт рухында да жалғасын тауып жатқанын айқын аңғартып тұрғандай әсер қалдырды.

– Қабанбай батыр Қытай жазбаларында 1757-1758 жылдардан бастап, «Қазақтың бас батыры» деген атпен хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай мен Әбілпайыздан кейінгі үшінші тұлғасы ретінде аталып отырды. Орыс тарихшыларының жазбаларында да Қабанбай туралы нақты тарихи деректер бар. Ол өз өмірінде 103 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жеткен. Өмірінің соңына дейін елін, жерін қорғауда ат үстінен түспеген даңқты батыр. Облыс орталығында біраз жыл бұрын Қабанбай батырдың еңселі ескерткіші орнатылса, Өскемендегі орталық үлкен көшелердің бірі батырдың есімімен аталады. Жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту мектеп пен университет қабырғасынан бастау алатыны анық. Сондықтан еліміз бойынша алғаш рет Шығыстан басталған бұл ауқымды шараның маңызы өте үлкен, – дейді конференцияның басты ұйымдастырушыларының бірі, жоғарыда аталған мектеп-лицейдің ұстазы Қайрат Айтқожин.

 Мұнан соң Оралхан Бөкей атындағы № 44 лицейде А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері батырдың өмірі мен әскери ерліктеріне арналған көшпелі көрме ұйымдастырды. Көрмеге даңқты қолбасшының өмірі мен ерлігін дәріптейтін барлық тарихи құжаттар, туындылар мен кітаптар қойылды.

Лицей базасында өткен ғылыми-практикалық конференция тізгінін университет мұражайының директоры, Қазақстан тарихы кафедрасының сеньор-лекторы Жанетта Қалимолдина алса, оның жұмысына ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Есенов, Оралхан Бөкей атындағы № 44 лицейдің директоры Жаңыл Назарбаева және облыстағы тарихшылар, университеттің басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан тарихы кафедрасының сеньор-лекторы  Роза Чекетаева өз сөзін халықтың көпғасырлық арманы және оған қол жеткізу жолы ретінде тәуелсіздік тақырыбына арнады. Өз кезегінде, тарих ғылымдарының кандидаты, сеньор-лектор Маратбек Ақанов “Қабанбай батыр – ақиқат пен аңыз” тақырыбын жан-жақты ашып, өткенді зерттеудің ғылыми тәсілдерінің маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды.

Халықта көптеген аңыздар мен дәстүрлер бар екені анық, соған орай Семейден келген Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімов “Қабанбай батырдың тұлғасы ауызша және жазбаша деректерде” тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

– Шығыс Қазақстан облысына көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл іс-шарамыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Келер жылы Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойын ауқымды түрде ел болып атап өтуді жоспарлап отырмыз. Бірінші кезекте, біз жастардың осындай батыр бабаларымыздың ерлігі мен тарихымыздағы маңызды орнын терең түсінгенін қалаймыз. Ұлы қолбасшының өміріндегі көптеген тарихи оқиғалар мен фактілер әлі зерттелген жоқ, – деді «Қабанбай» халықаралық қорының және «Ер-Қаптағай» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құсман Шалабаев.

Мұнан кейін ғалымдар диалогы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бас ғимаратында дөңгелек үстел басында жалғасты. Мұнда да жоғары оқу орнының ғылыми кітапханасы жұмысты тақырыпқа сай ғылыми көрме ұйымдастырудан бастады.

Ғылыми-практикалық конференция барысында көрнекті қайраткерлердің, атақты батырлардың және тарих пен қоғамдағы көрнекті тұлғалардың маңызды рөліне қатысты басқа да тың тақырыптар қозғалды.

Мысалы, Шығыс Қазақстанның тарихына тікелей қатысы бар “Аягөз – Майлышат – Шорға” тарихи-танымдық экспедициясының негізгі қорытындылары туралы ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Есенов жиналғандарға мол мағлұмат берді. Ал «1757 жылғы Мамырсу бітімі» туралы Аягөз аудандық мәслихатының депутаты Нұрланбек Тоқтабаев толығырақ деректер келтірді.  Мұның бәрі әрі қарайғы ғылыми зерттеулер үшін аса құнды материалдар екені даусыз.

Сондай-ақ басқосуда әртүрлі аумақтардың тарихи атауларына және жергілікті ғалымдардың зерттеу жұмыстарының көптеген бағыттарына назар аударылды. Дөңгелек үстел қорытындысында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.

Semeynews.kz

Дерек көзі – DIDAR Шығыс Қазақстан облыстық газеті

Осы айдарда

Back to top button