ҚазақстанҚоғамСпортТОП

Волейбол: Қазақстан суперкубогінің иегері анықталды

Бүгін Өскемен қаласында волейболдан ерлер командалары арасында суперкубок иегері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас жүлдені ел чемпионы Алматының «Буревестнигі» мен Қазақстан кубогының иегері «Тараз» командасы сарапқа салды.

Тартысты өткен матч барысында белгілі бапкер Александр Запевалов жаттықтыратын алматылықтар алғашқы екі сетті өз есептеріне жазды – 25:22, 25:19.

Дегенмен Борис Гребенников баптайтын тараздықтар үшінші партияда таразы басын өздеріне аудара білді – 25:18.

Төртінші сетте алдымен алматылықтар 9:2 есебімен алға шыққанымен, тараздықтар да қалыспады. Таразы басын теңестіріп қана қоймай, өздері алға шыға білді. Сет соңына таман «Буревестник» сапындағы Михаил Устинов, Сергей Рязанов, Нодирхан Қадырханов сынды волейболшылар сәтті ойнап, жеңісті жұлып алды – 25:23. Жалпы есеп – 3:1.

«Буревестник» өткен жылы да суперкубок үшін ойында «Атырауды» ұтқан болатын. Биыл сол жетістігін тағы қайталады.

Ертең ерлер командалары арасында Ұлттық лиганың бірінші тур ойындары басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер командалары арасында Өскеменнің «Алтайы» Қазақстан кубогының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button