
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Үлбі полиция бөлімінің кезекші бөліміне 47 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны жүгінген. Ер адамның айтуынша, бейтаныс қыз оның кәмелетке толмаған баласын алдаған. Алаяқ қыз ұлының сеніміне кіріп, оның құны 400 мың теңге тұратын ұялы телефонын ломбардқа өткізіп жіберген.
“Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында Глубокое ауданының 18 жастағы тұрғыны анықталды. Белгілі болғандай, қыз жасөспірімнен ұялы телефонын ломбардқа тапсыруды және бір аптадан кейін оны сатып алып беретінін айтып сендірген. Жеткіншек көмектесуге шешім қабылдаған”, – деді Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Орал Рыспев.
Күдікті қыз ломбардқа телефонды салып, ақшасын алып, қашып кеткен. Түскен қаржыны жеке қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, Осы баптың санкциялары мүлкін тәркілей отырып, бір мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан екі жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді.
Semeynews.kz