2012 жыл – Мәңгілік Ел идеясы ұсынылды
Тәуелсіздіктің 21-ші жылы елдің саяси өмірінде жаңғыру жаңалықтарымен басталды. 2011 жылдың күзінде Парламент депутаттары Мемлекет басшысының атына Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жариялаған болатын. Депутаттар Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістерді көрсете отырып, Мәжілісте кем дегенде екі саяси партия болуы тиістігін алға тартты.
Бұл ғана емес, үндеуде 2008-2009 жылдары болған күрделі әлемдік дағдарысқа да назар аударылды. Елбасы осы мәселелерді екшей келе «Төртінші шақырылған Мәжілісті тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал Мәжіліс депутаттарын сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленген еді.
Көппартиялы Парламент жасақталды
Осылайша, 2012 жыл қызу саяси науқанмен басталып, нәтижесінде елде көппартиялы Парламент жасақталды. Сайлау барысында халық дауысының 80,74 пайызын жинаған «Nur Оtan» партиясы Мәжілістегі орынның басым бөлігін алып, одан басқа тағы екі партия – «Ақжол» мен Халықтық коммунистер партиясы да орындарын иеленді.
Жеңімпаздар форумында «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, барша Қазақстан халқының жеңісі. Дауыс берудің қорытындысы қазақстандықтардың елімізді дамытуға, экономика мен саясатты жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға арналған біздің бағытымызды қолдайтынын білдіреді. Халық қоғамдағы бірлік, өзара түсіністік пен толеранттылық үшін, партияның нақты ісі мен бағдарламасы үшін дауыс берді» деп мемлекеттің ұстанып отырған саясаты көптің көңілінен шыққанына жоғары баға беріп, сайлауда қолдау көрсеткен барша халыққа алғысын білдірді.
Біртұтас экономикалық кеңістік құрылды
Айта кетерлігі, 2012 жылдың 1 қаңтарынан Біртұтас экономикалық кеңістік іске кіріскен болатын. Бұл бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғалымдар мен саясаткерлер назарына ұсынған еді. Осылайша еуразиялық интеграция идеясы іс жүзінде көрініс тапты. Айта кетерлігі еуразиялық интеграцияның бастауы 2000 жылы Нұр-Сұлтанда Беларусь, Ресей мен Қазақстан арасында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы шарт аясында өрбіген еді. Экономикалық қоғамдастық өз кезегінде Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығы сияқты қаржылық интеграцияның нақты тетіктерінің және ең бастысы ЕурАзЭҚ Кеден одағының іргетасын қалады. Нәтижесінде кеден тәртібі бірізділікке түсіп, кедендік ортақ шаралар жүйесі құрылды. Осы Кеден одағының жалғасы Біртұтас экономикалық кеңістікке ұласты. Сөйтіп, Қазақстан кәсіпкерлері мен қарапайым халыққа көптеген мүмкіндіктердің есігі ашылды. Отандық өндірісшілер үшін тұтынушылар аумағы ұлғайып, сауда нарығының жаңа деңгейіне шығу үшін жағдай жасалды. Кейіннен Еуразиялық экономикалық одақ дүниеге келді.
2012 жылы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәртебесі де арта түсті. Осы жылы еліміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жарғылық органдарына төрағалық етті. ҰҚШҰ мемлекетіміздегі бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен тыныштықты нығайту, аймақтық бүтіндік пен оған қатысушы мемлекеттердің егемендігін қорғау үшін 2002 жылы құрылған еді. Ұйымның құрамындағы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынтымақтастықты нығайту шеңберінде аса маңызды шаралар атқаруда.
Сонымен қатар дәл осы жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына да жемісті төрағалық етті. 2012 жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларына бағытталған экономикалық ынтымақтастық орнатты. Еліміздегі 10 мыңға жуық кәсіпорынның 2,6 мыңы – ұйымға мүше 28 мемлекетпен құрылған бірлескен кәсіпорындар. Мемлекетіміз ислам елдерінің, соның ішінде Араб елдерінің инвестициясын тартуды үнемі назарда ұстап келеді.
Әлемдік деңгейдегі басқосулар жалғасты
12 қаңтарда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында халқымыздың біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, есімі елге қадірлі ерен тұлға хақында сөз сөйледі.
2012 жылы V Астана экономикалық форумы «Жаһандық экономикалық өзгерулер: сын-қатер және даму перспективалары» деген тақырыпта өткен болатын. Форумға әлемнің 85 мемлекетінен 6500 өкіл және 300-ден астам журналист қатысты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев форум негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Айта кетерлігі, қазіргі күні осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктіреді, онда пікірталастар мен жарыссөздер пішімінде әлемдік қаржы дағдарысынан шығу стратегиялары айқындалып, инновациялық даму, ядролық және экологиялық қауіпсіздік, этносаралық және дінаралық толеранттылық, геосаясат және басқа да ауқымды проблемалар талқылануда. Сонымен қатар Тұңғыш Президент форумда Халықаралық болжам институтын құруды ұсынды.
2012 жылдың тағы бір басты оқиғасы 31 мамырда «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» деген тақырыпта өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі еді. Бұл басқосуға арнайы шақырылған дінбасылары мен құрметті меймандар алдында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, әлемнің 40 елінен келген барлық 85 делегация басшылары мен қатысушыларына ыстық ықыласын жеткізген болатын.
– Біздің кеңестің басты мақсаты – діндер үнқатысуымен бейбітшілікті нығайтуға мүмкіндік туғызу. Оның жұмысының негізінде әуелгі кездегі адамгершілік қасиеттерді – жақсылық, махаббат, әділеттілік, бейбітшілік пен келісімді ортақ ұстанушылық жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бір жылда екі Жолдау
2012 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына екі бірдей Жолдау жариялағанымен де ерекшеленеді. 27 қаңтарда Елбасы халыққа «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялады.
Жыл соңында «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдау еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындады. Қуатты да табысты мемлекет құрудағы түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісім мен татулығы, ұлттық экономика, жаңа кадр саясаты, бюджет, салық, ақша-кредит, тағы да басқа басым бағыттар нақтыланды. Қазақстандықтарды бірлікте болуға шақырды, бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол – қасиетті қазақ даласы екендігіне маңыз берілді.
Тұңғыш рет «Мәңгілік ел» идеясы ұсынылды. Елбасы елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу бастамасын көтерді. Ендігі жерде жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйысып, халық болып топтасып, осы міндетті абыроймен атқарып шығу қажет болды.
2012 жыл қазақстандықтар алғаш рет Тұңғыш Президент күнін атап өтті. 1 желтоқсан күні астанада Қазақстан Президентінің штандарты көтерілді. Қазақстандықтар мейрамның арқасында үш күн демалыс алды.
Ашаршылыққа арналған ескеркіш ашылды
31 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен астанада бой көтерген «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылды. Ал 6 шілдеде астанада «Әзірет Сұлтан» мешітінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
– Елордада еңселі, үлкен мешіт ашылып отыр. Осы жарқын жаңалықпен және Астана күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Төрт мұнаралы, сәнді және сәулетті мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз «Әзірет Сұлтаны» бар, – деді Елбасы.
Ел тарихындағы ең олжалы Олимпиада
2012 жыл Қазақстан үшін спортта жетістіктерге толы болды. Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасы жеті алтын медаль алып, жалпыкомандалық есепте 12 орынға ие болды. Осылайша Қазақстан өз рекордын жаңартты. Біздің құрама Олимпиадаларда бұрын-соңды мұндай нәтижеге қол жеткізген емес.
Алғашқы «алтынды» велошабандоз Александр Винокуров әкелді. Содан кейін жерлесіміз, жеңіл атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден алтын медаль жеңіп алды. Соңғы «алтынды» боксшы Серік Сәпиев иеленді, сонымен қатар Сәпиев Олимпиаданың ең шебер боксшысы болып танылып, Баркер кубогын иеленді.
Ал 17 тамызда астанада Лондон Олимпиадасында бақ сынаған Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелеріне құрмет көрсету салтанаты болды. Рәсімнің Тәуелсіздік сарайында өткен негізгі бөлігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің аты мен даңқын Ұлыбритания жерінде аспанға шарықтатып, айдай әлемге таратып қайтқан саңлақтарымызды қабылдады.
Semeynews.kz
Дерек көзі – Шығыс Қазақстан облыстық DIDAR газеті