ҚазақстанҚоғамТәуелсіздікке 30 жылТОП

Тәуелсіздік шежіресі: 2011 жыл – Ел мерейі еселенген жыл

ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қарай қадам басқан Қазақстан үшін 2011 жылдың басы саяси өмірдегі қызу мәселелерді қоғам болып талқылаумен ерекшеленді. Атап айтқанда, 2010 жылдың еншісінен 2011 жылға ауысқан аса маңызды мәселенің бірі - ҚР Президентінің өкілеттігін ұзартуға қатысты болатын. Нақтыласақ, 2010 жылдың желтоқсанында Өскемен қаласында Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың жиыны өтті. Оған қатысқан 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларынан келген 850 делегат бастаманы бірауыздан қолдады. Бұл бастаманы республикамыздың түкпір-түкпірінен оны қолдаушылардың қатары күн өткен сайын көбейді. Өз кезегінде Парламент те референдум өткізу туралы бастамаға қызу қолдау білдірді. Осылайша, 2010 жыл мен 2011 жылдың аралығындағы аз ғана күн ішінде қоғам тың бастаманы қызу талқылауға кірісіп кетті.

Айта кетерлігі, Президент өкілеттігін ұзарту туралы ұсынысты бір айдың ішінде 5 миллион адам қолдады. Осының өзі аталған бастаманың маңызын толық көрсетіп отыр десек те болады әрі 5 миллион адам дегеніңіз референдумға қатысатын сайлаушылардың жартысынан астамы деген сөз еді. Алайда Елбасы халықтық қолдауға құрметпен қарап қана қоймай, заңдылықты да басты назарда ұстады. Бұған қатысты Парламент қабылдаған заңды күшіне енгізбестен бұрын, Конституциялық Кеңеске жүгінді. Ал Конституциялық Кеңес өз кезегінде депутаттар қабылдаған норманың Ата Заңға сай емес екенін көрсетті. Кейіннен Елбасы: «Біз бұны «жай қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи тағылымы деп қабылдағанымыз жөн» деп түсіндіре келе референдумның орнына мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізуді ұсынды.

Кейіннен «Нұр Отан» партиясы атынан кандидат ретінде ұсынылған Н. Назарбаев 3 сәуірде өткен президенттік сайлауда дауыс берушілердің 95,55% сеніміне ие болды. Осылайша Елбасы 8 сәуірден бастап осыған дейін атқарып келген қызметін одан әрі жалғастыруға ресми түрде кірісті.

Елдің саяси өмірінен бөлек, халықаралық деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – VII Қысқы Азия ойындары болатын. 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Қазақстанда өткен ауқымды доданың салтанатты ашылуы «Астана-Арена» алаңында өтті. Азиада ойындарына алғаш рет 27 елден келген 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Құрлықтық жарыста Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальды жеңіп алып, командалық бірінші орынды иемденді. Бұл ел мерейін арттырған, елімізде спорттың оң бағытта дамып келе жатқанын дәлелдеген айшықты оқиға ретінде тарихқа енді.

Айта кетерлігі, 2011 жылдың күзінде Парламент депутаттары Мемлекет басшысының атына Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жариялаған болатын. Депутаттар Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістерді көрсете отырып, Мәжілісте кем дегенде, екі саяси партия болуы тиістігін алға тартты. Айта кетерлігі елімізде саяси жүйеге реформалар жасалып, партиялық тізім бойынша сайлау енгізілген болатын. Бұл ғана емес Үндеу аясында 2008-2009 жылдардағы орын алған күрделі әлемдік дағдарысқа да назар аударылды. Елбасы осы мәселелерді екшей келе 6 қарашада «Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» өз Жарлығына қол қойды. Ал Мәжіліс депутаттарын сайлау 2012 жылдың 15 қаңтарына белгіленді. Мәжіліс қызметі тоқтаған кездегі Парламенттің қызметі Сенатқа жүктелді.

Президент Н. Назарбаев 21-23 қыркүйекте Нью-Йоркке сапар жасады. Сапар барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясының жалпы пікірталасына және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуге қатысты. Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеу идеясын ұсынды. Елбасының осы сапары кезінде еліміздің осы ұйымдағы өкілдік деңгейі үлкейетін болып шешілді. Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женева қаласындағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы болып тағайындалды. Қазақстан басшысының ұсынысымен жүзеге асқан бұл тағайындау ел мерейін асырған, еліміздің халықаралық деңгейде кеңірек таныла түсуіне оң ықпал еткен шешім болғаны сөзсіз. Ал осы сапардан кейін Астанада тағы бір маңызды іс-шара – «Ядросыз әлем үшін» халықаралық форумын жоғары деңгейде өтті. Оған БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЯСЖТКҰ секілді беделді де танымал халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар – барлығы 400-ден астам адам қатысты. Форумда сөз сөйлеген Н. Назарбаев: «Қозғалыстың басты мақсаты ядролық қатерлермен күресу ғана емес, адам баласының санасында ядроның қандай түріне болса да жиіркеніш сезімін қалыптастыру аса маңызды. Және мен біздің елордамызда өтіп отырған осы форумға үлкен үміт артамын», деп атап көрсетті.

15 желтоқсанда Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында ел егемендігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Онда Президент Н. Назарбаев Тәуелсіздіктің 20 жылдығындағы Қазақстанның жүріп өткен жолын саралап, қол жеткізген табыстар мен алдағы міндеттерге шолу жасады. «ХХ ғасыр бүкіләлемдік архитектураны қозғалысқа түсірді. Біріншіден, таяудағы 10-15 жылда әлемді жаңа технологиялық төңкеріс күтуде. Бұл – жаңа жүзжылдықтағы ең басты қатер. Екіншіден, түбегейлі өзгерістер жаңа экономикалық әлем құрылысының негіздерін айқындайды. Әлем жаһандық депрессияның шегінде тұр. Әлемдік экономиканың тікелей жоғалтқандарының өзі ғана триллиондаған доллармен есептеледі. Ешкімнің де жаһандық апаттың асау теңізінде моп-момақан кемежай болып қала алмайтыны анық. Бұл Еуропадан және басқа да елдерден байқалады. Бізді де қиын кезең күтіп тұр», – деді Елбасы салтанатты жиындағы сөзінде.

2011 жыл:

– 1 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жаңажылдық құттықтау сөзінде: «Таяуда Қысқы Азия ойындарының алауы жағылады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитін өткіземіз. Жауапты істер елімізді жаңа биіктерге шығарады деп сенемін» – деді;

– 27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды.

– 4 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы шықты. Ал бір аптадан соң, яғни 11 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына кандидат болып ұсынылды.

– 21-22 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары өтті. Елбасы мен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның кездесуінде екі ел халқының арасында жыл өткен сайын сенім мен достықтың нығайып келе жатқандығы, екі елдің көптеген халықаралық мәселелерде көзқарастары сәйкес келетіндігі атап өтілді.

– 5 наурызда Астанада Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті;

– 17 наурызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Елбасы Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен келіссөздер жүргізді.

– 1 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Роберт Спенсер Оливерді және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы – ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушыларының арнайы үйлестірушісі Тонино Пицуланы қабылдады.

– 3 сәуірде Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы өтті. Ал ертеңіне, таңғы сағат 10-нан 7 минут өткенде Орталық сайлау комиссиясы тарапынан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, сайлаушылардың 95,5 пайызы дауыс бергені хабарланды. Осылайша, 8 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты Ұлықтау рәсімі өтті. Осы күні Елбасы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне К.Мәсімовті тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

– 16 сәуірде Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға өзінің шақыруы бойынша ресми сапармен келген Үндістан Республикасының Премьер-министрі Манмохан Сингхпен кездесіп, келіссөз жүргізді.

– 19 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның астанасы Киев қаласына барып, Чернобыль АЭС-індегі апатқа 25 жыл толуына орайластырыла ұйымдастырылған, атом қуатын қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелеріне арналған саммитке қатысты. Саммит барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Баррозу және Украина Президенті Виктор Януковичпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың кейбір мәселелері жөнінде пікір алмасты.

– 20 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Эстонияға екі күндік мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында Қазақстан Президенті Эстония басшысы Тоомас Ильвеспен кездесті.

– 3 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ІV Астана экономикалық форумы «Жаңа онжылдық: болашақтар мен талаптар» деген тақырып бойынша өз жұмысын бастады. Оның жұмысына әлемнің 80 елінен 3 мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында көрнекті саясаткерлер, ірі халықаралық корпорациялардың, орталық банктердің, қаржы институттарының, экономиканың нақты секторының өкілдері, Нобель сыйлығының 6 лауреаты: Роберт Манделл, Джон Нэш, Роджер Корнберг, Джеймс Миррлис, Роберт Ауманн, Финн Кидланд және бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері болды.

– 24 мамырда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Кездесуде тараптар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге қатысты мәселелерді талқылады.

– 25 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылды. Онда Елбасы «Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбылысы» тақырыбында сөз сөйледі.

– 6 маусымда Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Малайзия Премьер-министрі Наджиб Тун Абдал Разакпен кездесті. Кездесуде екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қарастырылды.

– 8 маусымда Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының (БИЭФ) салтанатты түрде ашылу рәсімі болды. Оған Ислам әлемінің 50-ге тарта елінен және Ислам халықаралық ұйымдарынан көрнекті тұлғалар: саяси және қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар жиналды.

– 13 маусымда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесіп, келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев атап өткеніндей, бұл Қытай басшысының Қазақстанға жасаған 7-ші сапары, ал екіжақты 25-ші кездесу екен. Осы фактінің өзі-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қызу қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетеді.

– 15 маусымда Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтті. Отырыс Ұйымның он жылдық мерейтойына арналды. Басқосуда Ұйымның өткен он жыл ішіндегі қызметінің нәтижелеріне талдау жасалды және Ұйымды алдағы кезеңдерде дамытудың перспективалары айқындалды. Сондай-ақ, саммит барысында әлемдік және өңірлік өзекті жағдайларға қатысты кең көлемдегі мәселелер де талқыланды. Саммит жұмысына ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік етті.

– 17 маусымда Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Испания Корольдігі Үкіметінің төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатеромен кездесті. Елбасы мен Испания Үкіметінің төрағасы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты келіссөз жүргізді, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады.

– 25 тамызда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен кездесті.

– 30 тамызда Конституция күніне және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әскери шеру өтті.

– 7 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Сайед Юсуф Реза Гиланимен кездесті. Тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдардағы екіжақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

– 19 қыркүйекте Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Франция астанасы Парижге келді. Мұнда Мемлекет басшысы осы елдің Президенті Н.Саркозимен жүздесіп, «Альстом», «Обер э Дюваль», «Эр Ликид» сияқты ірі компаниялар басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

– 22 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Елбасы жиында Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған Қазақстан Республикасы БҰҰ Жарғысын ұдайы берік ұстанумен келе жатқанын атап көрсетті.

– 12 қазанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Ядросыз әлем үшін» атты сол форум өз жұмысын бастады. Форумда Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларация қабылданды.

– 21 қазанда Алматыда Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің I Саммиті болып өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Илхам Алиев, Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева және Түркия Премьер-министрінің орынбасары Бекир Боздағ қатысты.

– 18 қарашада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысына қатысты. Бұдан өлек, Елбасының Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларымен кездесуі өтті.

– 15 желтоқсанда Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

– 16 желтоқсанда Мемлекет басшысы Астанадағы «Мәңгілік Ел» қақпасының ашылу салтанатына қатысты.

Semeynews.kz

Дерек көзі – ҚазАқпарат халықаралық ақпараттық агенттігі

Осы айдарда

Back to top button