
2021 жылғы 15-17 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында самбо күресінен өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясының спортшылары – Есентай Имаханов 64 келіде, Нұрым Қайроллин 58 келіде, жасөспірімдер арасында 80 келіде Ажар Асхат қола жүлдегерлері атанды.
- Бүгін әлем чемпионатынан келіп отырмыз. Чемпионат 15-17 қазан аралығында Грекияның Солоники қаласында өтті. Әлем чемпионатына барлығы 26 мемлекет қатысты. Чемпионат жоғарғы деңгейде өтті. Бізден үш спортшы қатысты. Жасөспірім қыздар арасында Ажар Асхат, ер балалар арасында түрлі салмақта Есентай Имаханов және Нұрым Қайроллин қола жүлдегерлері танылды.
Спортшыларымыздың дайындықтар өте жақсы болды. Алтын аламыз деп жоспарлап барған болатынбыз, сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Әліде болса жаттығуларды күшейтеміз. Осындай жағдайда қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасына, жаттығу жиындарын өткізуге көмек көрсеткен спорт Академиясына рахмет. Алдымызда әлі 2024 жылғы олимпиада бар, сол олимпиадада медаль аламыз деген үміттеміз, – деді ШҚО аға жаттықтырушысы, ҚР бас жаттықтырушысы Имаханов Біржан.
Семей спортының ұстаханасына айналған Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей қаласы бойынша №1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, самбо күресінен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы Мерейғалы Көшкіновті, спортшылардың бапкерлері Қайрат Күнсафин, Біржан Имахановты және барша жанкүйерлерді, әлемдік додада жүлде алған спортшыларымызды құттықтаймыз!
Semeynews.kz
Ажар АСХАТ – қола жүлдесі үшін күрес