1999 жыл: Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қиындықтар артта қалып, ел етек-жеңін жинай бастаған 1997, 1998, 1999 жылдары, яғни, үш жыл қатарынан тарихи танымға айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, 1997 жыл «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» аталса, 1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды. Яғни, ұлттың тарихи танымына мемлекеттік мән беріле бастады. Шын мәнінде ел теуелсіздігі нығайып, алдағы даму реформаларын сәтті жүргізудің бірден-бір кепілі – ұлт бірлігі мен қоғамдық келісім. Ал ұлттық, ұлтаралық тұтастықты сақтау ұрпақтардың өзара ықпалдастығын тиімді үйлестірері сөзсіз.
Тағы да тарихқа айрықша назар аударылды
Үш жылдың қатарынан ұлттық тарихи танымды жаңғыртуға арналуында не мән бар еді? Бұның мәнісі – Тәуелсіздікті нығайту. Расында Тәуелсіздікті аңсап қаншама жан өмірден озды, қолдары жете алмады. Ал қолға тиген Тәуелсіздікті нық ұстау – көзі тірі ұрпақтың парызы. Сондықтан да ұрпақтар бірлігі туралы айтылғанда тарихи қатпарлардағы бабалар мұратымен сабақтасу жолын қамту да маңызды. Бұл ретте ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген болатын. Ендеше өткенге бойлап, кешегі тарихты білмей тұрып, болашаққа байыппен бару да мүмкін болмайтыны анық.
Атаулы жыл турасында сол кездегі Мемлекеттік хатшы, жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылын» өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның мәжілісінде былай деген болатын: «Сонымен, міне, жаңа ғасыр қарсаңында «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының» шараларын күллі қауым болып қолға алмақшымыз. Атаулы жылды өткізу жөнінде мемлекеттік комиссия құрамына ену құрметіне ие болып отырған сіздердің біразыңыз бұған дейін «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын» және «Ұлттық тарих жылын» өткізу жөніндегі комиссиялар жұмысына қатыстыңыздар. Сол екі жылда атқарылған шаруа, жинақталған тәжірибе бұл істе де қажетке жарап, өз пайдасын тигізбек. Өйткені, бұл жолы да бұрынғыдай біз тарихи зердені, тарихи ой-сананы тереңдетуді, ХХ ғасырдың интеллектуалдық құндылықтарын тыңғылықты пайымдауды, аға ұрпаққа қамқорлықты күшейтуді, жұртшылықты қоғамның бірлігін нығайту мен жас ұрпақ тәрбиесіне белсенділікпен жұмылдыруды, сол арқылы бұдан арғы дамуымыздың жалпыұлттық қағидалары мен стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға баршамыз болып атсалысуды көздеп отырмыз. Бұл ниет үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген жылды өткізу жөніндегі шаралардан да айқын көрініп тұр. Аға ұрпақ өнегесі – өтіп бара жатқан ғасырдың рухани мұрасы. Бүгінгі буын – келер жүзжылдықта өмір сүріп, елімізді өркениетке жеткізер ұлы жолдағы жасампаз ұрпақ. Сол ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығы – қос ғасыр тоғысындағы қоғамдық ахуалымыздың ойдағыдай сауығып, жаңа ізденістеріміздің жемісті жүзеге асуының бірден бір кепілі. Осы жолдағы талабымыз оңғарылып, алдымыздан ақ күн туа бергей. Іске сәт!».
Расында, егемен қазақ елі үшін ғасыр аяғы рухани толысқан жыл болды. Тарихты түгендеуге күш салынып, ақтаңдақтар ақиқаты аршыла бастады. Сол жылы 6 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының» алғашқы томы, Мұстафа Шоқай шығармаларының екі томдығы және Қытай мұрағаттары негізіндегі қазақ тарихына арналған 5 кітап жарық көрді. Бұл жас мемлекеттің рухани тұрғыдан түленуінің белгілері еді. Халқымыздың көне қаһармандық эпосы «Алпамыс батыр» жырының 1 мың жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтіп, М.Хайдар Дулатидің 500 жылдығына арналған мерейтой қарсаңында «Тарих-и-Рашиди» шығармасы қазақ тілінде басылып шықты. Сонымен қатар 1999 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасып, 19144 жазықсыз жапа шеккен адамның есімі ардақталды. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің сегізінші жылы жұртымыз рухани кемелдене түсті.
Тұңғыш рет баламалы негізде Президент сайлауы өтті
Ал еліміздің саяси ахуалына келсек, 1999 жылдың басты оқиғасы 10 қаңтарда өткен Президент сайлауы еді. Елімізде тұңғыш рет баламалы негізде демократиялық үрдіспен өткен сайлауда халық басым дауыспен (81,71 пайыз) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қайта сайлады.
19 қаңтарда ел Президенттігіне кандидат Н. Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың негізінде «Отан» партиясы құрылды. Осы күні партияның құрылтай съезі өтіп, 12 ақпанда тіркелді. Басты мақсаттары ретінде партия қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған экономикалық және саяси реформалардың жүзеге асуына белсенді түрде жәрдемдесу, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, әлеуметтік әділеттілікті бекіту және елдегі тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, азаматтардың отансүйгіштік сезімі мен Қазақстанның жан-жақты және үйлесімді дамуы үшін жауапкершілігін тәрбиелеу деп жариялады.
Қазақстанның қоғамдық саяси өмірі шынымен де жаңғыра түсті. Осы жылы елімізде 14 саяси партия, 30-ға жуық саяси қозғалыс пен бірлестік жұмыс істеді. Күзде ел Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтті.
Теңгенің бірінші девальвациясы және гипермаркет
Дәл сол жылы отандық валюта ел тарихында алғаш рет еркін жүзуге жіберілді. 1999 жылдың үшінші сәуірінде Үкімет ұлттық валютаның айырбас бағамы саясаты туралы қаулы қабылдап, ол еркін өзгермелі болды.
Салдарынан доллар 90 теңгеден бірден 160 теңгеге дейін өсті, ал тамызға қарай 135 теңгеге жуық белгіге тоқтады. Көптеген қазақстандықтар үшін жаңа курс күтпеген жағдай болды.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабының «1998 жылғы экономикалық дағдарыс» тарауында теңгенің девальвациясына дайындық 1998 жылғы қыркүйекте басталғанын атап өткен. Сарапшылар теңгені «еркін жүзуге» жіберудің артықшылықтары мол деп сендірді.
Сонымен қатар 1999 жылы Қазақстанда алғашқы гипермаркет – «Рамстор» пайда болды. Ол Алматыда ашылды. Гипермаркет ғимаратында мұз айдыны мен кинотеатр болды, бұл сол кездегі айырықша жаңашылдық еді.
Сауда-ойын-сауық орталығының ашылуына Елбасының өзі қатысты. «Мені емес, дүкенді түсіріңіздер. Мұнда көрсетерлік көп дүние бар» деді Нұрсұлтан Назарбаев оны қоршап тұрған репортерларға.
Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы да жағымды бола бастады. Мәселен, сол жылдардың статистикасына көз жүгіртсек, 1999 жылы астық өндіру 1998 жылмен салыстырғанда 2,1 есе артып, 15,9 миллион тонна бидай алынды. 1999 жылдың сәуірінде екінші деңгейдегі банктердегі халықтың салымдары 348 миллион теңгені құрады. 1999 жылы елімізде 86 мыңға тарта шаруашылық құрылымы, соның ішінде 2140 серіктестік, 509 акционерлік қоғам, 2909 өндірістік кооператив және 79 мыңнан астам фермерлік қожалық жұмыс істеді.
Алғашқы ұлттық халық санағы
Сонымен қатар 1999 жылдың басты оқиғаларының бірі – Тәуелсіздіктен кейін алғаш рет өткен ұлттық халық санағы. Ақпан-наурыз айларындағы науқан барысында халық санының 14 миллион 652,7 мың адамға жеткені, ондағы қазақ ұлты 53,4 пайызды құрағаны белгілі болды. Бұл шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі болатын.
Халық саны 1989 жылмен салыстырғанда 1 246,1 мың адамға, яғни 7,7 пайыз қысқарды. Санақ нәтижелері сол кезеңдегі еліміздің экономикалық проблемаларын, сондай-ақ әлемдік демографиялық процестерді көрсетті. Мысалы, орыстар мен басқа да еуропалық этностар өкілдерінің көшіп кетуі, ең алдымен, Қазақстандағы өмір сүру деңгейінің төмендеуімен байланысты болды. Немістер эмиграциясының басқа себебі болды. Атап айтқанда, Германияда отандастарды отанына қайтару бойынша мемлекеттік бағдарлама іске асты.
1999 жылы Қазақстандағы ең көп ұлттар бұрынғыдай 8 миллион қазақ пен 4,4 миллион орыс болып қалды. Бірақ халықтың жалпы санындағы қазақтардың үлесі артты, 1989 жылы 39,7 пайызды құраған-ды.
Қалалар халқының ұлттық құрамы өзгерді. Мәселен, астанада қазақтардың үлесі 17,7 пайыздан 41,3 пайызға дейін өсті. Жалпы, қалалардағы қазақтар саны 45 пайызға, ауылдарда 9 пайызға артты.
«Бұл жеңіс экономиканы жаңғыртуға, әл-ауқатты арттыруға және саяси тұрақтылықты, жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған ішкі және сыртқы саясатымыздың дұрыстығын растады. Президент мандатын жаңа мерзімге соза отырып, қазақстандықтар тәуелсіздіктің жаңа кезеңінде елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылығын сақтау жолындағы стратегиялық қадамдарымызға қолдау білдірді.
Іріткі салушы күштердің Қазақстан қоғамына жік салу пиғылы іске аспады. Ұлттық мәселелерге байланысты кейбір қиындықтарды саяси мақсатқа пайдаланбақ ниетінен де ештеңе өнбеді. Біз Қазақстанның көп ұлтты халқының басын қоса білдік. Сайлау қорытындысы осыны көрсетті».
(Нұрсұлтан Назарбаев, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан)
Semeynews.kz