1998 жыл: Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің экономикасы кері кетіп, қаржы саясаты да тығырыққа тіреліп, кейін төл теңгеміз айналымға енгеннен кейін ғана құлдырау тежеле бастады. Теңгеден кейінгі кезеңде Қазақстанның кен байлығы саудаланып, өз тізгініміз өз қолымызға тиді. Бұл кезеңді Елбасы өзінің бір сөзінде «отты өшіру кезеңі» деп бағалаған еді.
Осылайша, құлдырау мен күйзеліс ауыздықталғаннан бастап халықтың рухани дүниелеріне кеңінен көңіл бөліне бастады. Мәселен, 1997 жылды Елбасы «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы деп жарияласа, 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», ал 1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп аталып өтілді.
Тарихи танымға айрықша мән берілді
Соның ішінде 1998 жыл «Халық тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» ретінде аталып, тәуелсіз жаңғырудың, еркін ел болудың осы жылдарында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өз Жарлығымен тарихи танымға айрықша мән беру қажеттігіне пәрмен бергендей еді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш жылдың жариялану маңызына тоқтала келе, осы жылы да тұғырдан тайса да, санадан әлі ысырыла қоймаған тоталитаризм идеологиясын әшкерелеуді жалғастыра түсетіндігімізді алға тартқан болатын.
«Тоталитаризмге халық тұтастығының қажеті жоқ. Ол ұлт мәселесін қолдан қиындатып, халықтардың бір-біріне сенімсіздігін, күдікшілдігін арттыруға мүдделі. Халықтың бір тобын бір тобына, бір табын бір табына айдап салуға мүдделі, өйткені үрейге бой алдырған ондай қоғамды билеу жеңілге түседі. Тоталитаризмге ұлттық тарихтың да қажеті жоқ. Ол ұлттың тарихи жадын жойып, мәңгүрттік психологияны орнықтыруға мүдделі, өйткені өткенін білмейтін халықтың өзіне сенімі болмайды. Ал өзіне сенімі аз халықты айтқанға көндіру, айдағанға жүргізу жеңілге түседі. Тоталитарлық қоғам атаулының аңсайтыны да сол. Біз – өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ, кім, не деп таниды? Қалай мойындайды? Алаңдайтын ештеңе жоқ. Жазыңыздар. Жариялаңыздар. Шын жақсы болса, шет тілдеріне, әсіресе ағылшын тіліне аудартуды да ойластырамыз. Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», – деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылдың 17 наурызындағы зиялы қауым өкілдерімен кездесуі барысында.
Расында да, сол рухани арпалыс кезеңдердің өзінде тындырылған істердің өзі бір төбе, әсіресе тарих танымына қатысты қыруар шара атқарылды. Арғы-бергі тарихи тұлғалар қайта жаңғырып, ұлықталды. Ұлттық тарихқа қатысты ізденістер өрістеліп, археологиялық, этнологиялық экспедициялар ұйымдастырылып, Ғылым академиясының сессиясы, көптеген ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Халықтың тарихи санасын тереңдетуге, жаңаша қалыптастыруға жағдай жасалып, мәдени ізденістерге кең жол ашылды.
Елорданың халықаралық тұсаукесері өтті
1998 жылы бас қаламызға айналған Ақмолаға Астана аты берілді. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру ісі аса қарқын алды.
Елбасының Астана идеясының жүзеге асу барысына орай сол кездегі елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков былай деп еске алады: «Бір күні Елбасыны ұзақ сапардан күтіп алдық. Тура әуежайда Премьер-Министр екеуімізді машинасына отырғызып алды. Елорда атауын өзгерту туралы ойдың піскен кезі. Кездесулерде де бұл туралы айтып жүрген. Біраз үнсіз отырып… «Мүмкін, Астана деп атармыз? Қанатты сөз сияқты. Болашаққа деген талпынысымыздың символы болар еді», – деді. Әдеттегідей, Елбасының сөзінен кейін біз біраз үнсіз қалдық. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бүгін резиденцияға келіңдер. Сонда сөйлесеміз», – деді. Кешке әңгіме жалғасты. Астана үшін Тұңғыш Президент бірнеше мысал келтірді. Бірақ заң бойынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауы керек болатын. Қолдау көрсетілді де. 1998 жылғы 6 мамырда қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар қала атауын Астанаға ауыстыру туралы біржақты шешім қабылдады».
6 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Астана деп қайта атау туралы» Жарлыққа қол қойды. Н.Назарбаев Астана жайындағы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп еске алады:
«Бұған дейін де бұл қаланы қалай атау туралы сөз көп болды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Қаланы елдің атымен Қазақстан деп атау жөнінде, басқа да, соның ішінде Нұрсұлтан деп атау керек деген де ұсыныстар болды. Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай деп қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек. Мүмкін Қараөткел дерміз? Алматы өзімен бір аттас Алматы шатқалының атымен аталған ғой. Әлде Есіл ме? Сарыарқа ма? Бірақ көкейге қонар емес. Өзіміздің дәстүрлі, қалаулы, бірақ тым ескі атауларымыз бүгінгі астананы көшірумен және Қазақстанда жүріп жатқан басқа да зор өзгерістермен байланысты жалпы көңіл ауанына жауап бере алмай тұрғандығынан болар. Шынын айтқанда, астананың атын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде бір жолы… Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Сөйтіп, түн ортасында келген ой Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады. Астана осы сөздің тура мағынасында нағыз астанаға айналды. Жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының астанасына. Айтпақшы, сол күні «Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласында Сарыарқа және Алматы аудандарын құру туралы» Жарлық қабылданды. Сөйтіп, Астана қаласының картасында екі аудан пайда болды. Олар астананы екі бөліп тұрған жоқ, қайта біртұтас біріктіріп тұр…».
Бұдан кейінгі кездері де Астананың қала мәртебесіне сәйкес жаңғырту жұмыстары жалғасын тапты. Елорданың төрінен қазақтың үш ұлы тұлғасы Төле, Қазыбек және Әйтеке билерге ескерткіш тұрғызылып, бабалар алдындағы үлкен бір парыз орындалды. Сол жылы 10 маусымда елордамыздың халықаралық тұсаукесер салтанаты өтті.
Қазақстан мен Ресей Каспийдегі шекараны белгіледі
6 шілдеде Қазақстан мен Ресей арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияға қол қойылды. Ал, ең бастысы – екі ел осы құжат аясында мұнай мен газға бай Каспий теңізінің түбі мен су айдынын әділ бөліп, межелеп алды. Шекара қос жағалаудың тура орта бөлігі арқылы түсіріліп, орасан зор Құрманғазы мұнай кен орны Қазақстан қарамағына өтті.
«Борис Ельцин екеуіміз XXI ғасырда жалғасатын мәңгілік достық пен одақтастық жайлы декларацияға қол қойып, Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу жөніндегі ұзаққа созылған келіссөздердің нүктесін қойдық. Қазақстан әріптестерін Каспий теңізіне БҰҰ-ның теңіз құқығы жөніндегі 1982 жылғы конвенциясы ережелерін қолдануға және оның түбін ресурстарымен бірге модификацияланған орта сызық бойынша межелеуге көндіруге күш салды.
Каспий теңізін жалпы қолданыстағы теңіз деп есептеп келген Ресей Каспий төңірегіндегі әрбір мемлекетке ені 10 миль болатын жағалау белдеуіне барлау жүргізуді және теңіз түбінің минералды ресурстарын өңдеуді ұсынды. Қалған ресурстар бірлескен иелікте қалып, арнайы комитет арқылы басқарылып отыруы тиіс болды.
Ұзақ келіссөздер барысында, ақыры Борис Ельцинді қазақстандық тұжырымдаманың Каспий бойындағы мемлекеттердің мүдделеріне сай келетініне, соның арқасында, алдағы уақытта табиғи ресурстарды өңдеу жеңілдей түсетініне сендіре білдім.
Борис Николаевичпен қарым-қатынаста хаттамалық дипломатияның қажеті болған жоқ. Егер ол сенсе, соңына дейін сенетін. Егер сенбесе, мұнан кейінгі әңгімеден түк шықпайтын. Ельциннің саясатшы ретіндегі орнын төмендетуге болмайды деп білем. Мен үшін Ресейдің бірінші президенті жаңа заманның ең ұлы саяси тұлғасы болып қала береді», – деп еске алады Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.
Кәсіпкерлер саны жарты миллионнан асты
Бұл жылы еліміз кәсіпкерлік саласы бойынша аймақтың айқын көшбасшысы бола отырып, инвестиция тартуды жалғастырды. Сарапшылардың бағалауы бойынша 1998-1999 жылдары Қазақстан Орталық Азияға түскен барлық тікелей инвестициялардың 80%-дан астамын алды.
Экономикалық өсу және жекешелендіру жалғасты. 1998 жылдың соңына қарай 94 ірі кәсіпорын жекешелендірілді. Өндірістік кәсіпорындардың 90%-дан астамы жекеменшік нысанына айналды. 1998 жылдың соңына қарай ел экономикасының 90%-ы жеке секторға өтті, 500 мыңға жуық бизнес өкілі кәсіпкерлердің жаңа тобын қалыптастырды.
Ал 1998 жыл еліміздің дамуына әсер еткен басқа да оқиғалармен ерекшеленді. Мәселен, 15 қаңтарда Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасында әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
4 маусымда екінші қазақстандық инвестициялық саммит өтіп, оған 24 елден 160 компанияның басшылары мен өкілдері қатысты.
26 маусымда «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заң қабылданды. Мұнда жаңа кезеңдегі еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатердің алдын алу жайы айқындалды, өйткені шекарамызға жақын жерлерде әскери шиеленістер өршіп кетті. Ауғанстан тәліптердің қол астында болды.
30 маусымда Тұңғыш Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Иинвесторлармен жүйелі, тиімді диалог жүргізу үшін мемлекетке осындай кеңесші-консультациялық орган керек еді. Кеңестің бірінші отырысы Оңтүстік-Шығыс Азиядан басталған қаржылық дағдарыс кезінде Алматыда өтті. Бірақ әлем экономикасының шат-шәлекейін шығарған осы дағдарыс Қазақстанға шетелден келіп жатқан ауқымды инвестициялар ағымына тоқтау сала алмады. Бұған себеп болған басты фактор – Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық еді.
Осы жылы атқарылған басты шаралардың бірі – елдегі зейнетақы реформасы. 22 желтоқсанда Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға қол қойды. Бұл ретте елімізде 1998 жылға дейін қолданыста болған ынтымақтық зейнетақы жүйесін сол күйінде сақтау дағдарысқа әкелуі мүмкін еді. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып зейнетақымен қамтамасыз етудің жинақ жүйесіне өтуді бастады.
Semeynews.kz
Дерек көзі – Шығыс Қазақстан облыстық DIDAR газеті