ҚазақстанҚоғамТәуелсіздікке 30 жылТОП

1997 жыл: «Қазақстан-2030» стратегиясында биік мақсаттар межеленді

Тәуелсіздік тарихында 1997 жылдың да алар орны ерекше болды. Осы жылды Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған болатын.

Қызыл қырғынның құрбандары еске алынды

Бұл жыл халықтық жалпы келісім мен «қызыл қырғын» атанған саяси репрессия құрбандарына арналған жыл болды. Сол жылы Қазақстан бірінші рет 31 мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтті.

1997 жылдың осы ерекше оқиғасы туралы белгілі жазушы Шерхан Мұртаза «Тәуелсіздік толғауы» атты   естелігінде былай деп жазады:

«Мен көп нәрсені ұмытармын, бірақ бұл Жарлық естен шыға қоймас. Өйткені сол қуғын-сүргін құрбандарының бірі – менің әкем еді. Молдадан оқығаны болмаса, сауаты да кемшін, билікке араласпаған қарапайым колхозшының бар айыбы байдың баласы екен. Тұрар Рысқұловпен рулас екен. Жазықсыз жанды жаламен соттап, қылшылдаған қырық үш жасында қыршынынан қию айуанға тән зұлымдық. Мұндай озбырлықпен, зұлымдықпен құрбан болғандар жалғыз менің әкем бе екен, мың-миллион. Бұл зобалаң атақты, ызғарлы отыз жетінші жылды ғана қамтымайды. Ең кемі ХХ ғасырдың жартысын қамтиды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. 1918-1922 жылдардағы жыланқысыр аштық. 1930-1933 жылдардағы коллективизация, қолдан жасалған этноцид… Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары. 1937 жылғы Қазақстанға жер аударылған корейлерден басталған, тұтас халықтарды зорлық-зомбылықпен көшіру науқаны. Айта берсе, таусылмайды. Осының бәрінде миллиондар қырылмағанда, не болды? Обал-сауап қайда? Өлгендерді қайтып тірілте алмайсың. Тым болмаса еске алудың өзі сауап. Келешекке сабақ. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Жарлығы иманды пәрмен болды». Енді жыл сайын мамыр айының соңғы күні бәріміз үшін қуғын-сүргін жылдарында қаза тапқандарды еске алу күні. Сондай-ақ бұл күн Тәуелсіздіктің қандай ауыр жолмен, қанмен келгенін түсінуге көмектеседі.

«Қазақстан-2030» стратегиясы жарияланды

1997 жылғы Елбасының халыққа жасаған тұңғыш Жолдауы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясына арналып, бұның өзі ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түсті. «Қазақстан-2030» стратегиясы – шын мәнісінде тарихи оқиға, тарихи меже болып қалыптасты. Бұл өз кезегінде келешекке көз жүгірту ғана емес, елдің діттеген мақсат-мұраттарды орындауға деген үлкен құлшынысы болатын. «Қазақстан-2030» стратегиясы жарияланған жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында алғашқы бекіген міндет пен алға қойған нақтылы мақсаттарды кезең-кезеңімен іске асырудың тетіктерін бір-бірімен ұштастыра ұсынып келді. 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды.

Жалпы, «Қазақстан стратегиясы-2030» төрт кезеңге бөлінді: 1997-2000 жылдар – дайындық кезеңі, 2000-2010 жылдар – бірінші кезең, 2010-2020 жылдар – екінші кезең және 2020-2030 жылдар – үшінші кезең. Осы кезеңдер аяқталған кезде Қазақстан дамыған елдер санатына енуі керек.

«2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы мен оны жүзеге асырудың бірінші кезектегі шаралары 1997 жылы 10 қазанда еліміздің Парламентінде ресми түрде жарияланды. Сол күні мен еліміздің Парламентінде Қазақстан халқына арналған Жолдауыммен шығып сөйледім. Маған халыққа Жолдау деген идеяның өзі ұнады, оның ел құлағына сіңісті болып кеткеніне қуанамын. Қазір жыл сайынғы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрге айналды. Онда бұл нағыз керектінің өзі болды. Республиканың барша халқына, барлық азаматарына үн тастай отырып, біз Стратегияның ерекше рөлі мен мәртебесін атап көрсеттік. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан стратегиясы – 2030»-дан басталады. Әрбір мұндай Жолдау біздің жалпы Стратегиямыздың және біздің жолымыздың құрамдас бөлігі. Ал кейінгі жылдардағы Жолдау «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің» белгісі болды» деп жазады Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.

2012 жылы еліміз «Қазақстан-2030» стратегиясының барлық міндеттерін мерзімінен бұрын орындап, әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына және даму деңгейі орташа елдер тобына енді.

Аудандар мен облыстар саны қысқарды

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту орталық органдардан басталды. 1997 жылдың наурызында министрліктер мен ведомстволар саны 50-ден 25-ке қысқарды және олардың жұмыс принципі түбегейлі өзгерді. Енді әрбір тапсырманы нақты орындау мерзімі белгіленді.

Мамырда еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгеріс енгізілді. 19 облыс орнына – 14 облыс, 230 аудан орнына 169 аудан құрылды. Торғай, Талдықорған, Көкшетау, Жезқазған, Семей облыстары таратылды. 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық реформа негізінде сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара болып табылатын облыстарды қайта құрудың үлкен маңызы бар еді. Шекаралас өңірлерді ірілендіру олардың жағдайын тұрақтандырып, егемен Қазақстанның біртұтастығына ықпал етті. Іріленген облыстар шекарамен шектес қалалардың атымен емес, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан болып, тұтастай өңірлердің атымен аталды.

Нәтижесінде, мемлекеттік басқару жүйесі кәсіби, ықшам және саны жағынан да оңтайлы бола түсті. Осы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер 25 мың адамға қысқарды. Осылайша, бюджеттік қаражаттан миллиондаған теңге үнемделіп, сол уақыттың ең өткір мәселесі – зейнетақы мен жалақы төлеуге жұмсалды.

«Мемлекеттік қызмет реформасы үлкен қоғамдық сілкініс туғызды. Оны жақтаушылар да, өткір сынағандар да болды. Біз сол кезде қарапайым логиканы басшылыққа алдық. Еңбек адамының үстінен қарайтын соншама бастықтың не қажеті бар? Олар халықтан жиналған салықтың есебінен айлық алатын. Бұған өз облысының кірісі жетіп жатса жақсы. Жоқ, бұл үшін өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған облыстар есебінен ақша аударуға тура келетін. Жылы орындарынан айырылған шенеуніктер, әрине, менің шешіміме қарсы болды» дейді осы реформа туралы Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде.

Зейнетақы реформасы: шешімін тапқан күрмеулер

90-шы жылдары Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың қиын кезеңін басынан өткізген басқа да тәуелсіз елдердегідей, бала туудың азаюының жағымсыз үрдісі байқалды. Соның салдарынан елімізде демографиялық қартаю белгілері біліне бастады. Егер 1990 жылы 60 жастан асқан азаматтар саны халықтың 10 процентін құраса, 1995 жылы 12 процентін құрады. 1990 жылы бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы үш қазақстандық сәйкес келсе, ал 1996 жылы бұл көрсеткіш екіге де жетпей (1,8 пайыз) қалды.

1990 жылдың ортасында зейнетақы жүйесінде іркіліс көп болды. Зейнетақы кешіктіріліп берілді. Тек 1995 жылдың өзінде зейнетақы көлемі ақшаның құнсыздануы себебінен үш рет қаралды, нәтижесінде орташа зейнетақы екі есеге өсті. 1997 жылдың қаңтарында елде 2,9 миллион зейнеткер болды. Бұл – барлық халық санының 17 проценті. Зейнетақының өсуі мен зейнеткерлер санының көбеюі мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірді. 1995 жылы зейнетақыға 46 миллиард теңге бөлінді, сонымен бірге зейнетақы бойынша берешектер көбейе берді.

Қалыптасқан экономикалық және демографиялық жағдайға байланысты зейнетақы реформасын кейінге қалдыруға болмайтын еді. 1997 жылдың наурызында Үкімет зейнетақы жүйесін реформалау тұжырымдамасын бекітіп, сол жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заң қабылданды.

Реформаның мәні мен маңызы сонда – біз таратушы зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көштік. Үлгі ретінде Чили моделі алынды. Қазақстан жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында бірінші болып зейнетақы реформасын жүргізді және оның нәтижесі де көп күттірген жоқ: мемлекеттің зейнетақы және жәрдемақы төлеу бойынша берешегі 50 миллиард теңге болса, 1999 жылдың соңына қарай бұл толығымен өтелді. Осылайша зейнетақы саласындағы дағдарыс өз шешімін тапты.

Ақмола ресми түрде Қазақ елінің астанасы атанды

Дәл 1997 жылы ел астанасын Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға көшіру туралы қаулы қабылданды. Қазақстанның Мемлекеттік нышандары: Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. 20 қазанда Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Жарлықта 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылған болатын.

«Менің ойымша, бізді қате шешім қабылдады деп жас ұрпақтың кінәлауына ешқандай негіз жоқ. Алматы бұрынғысынша еліміздің ең ірі қаласы болып қалды. Ал күшті екі орталықтың болуы республиканың экономикалық қуатын тек арттыра түседі. Әлемде екі астананың өмір сүруіне қатысты мысалдар өте көп. Олар – Анкара мен Ыстамбұл, Мәскеу мен Санкт-Петербор, Карачи мен Исламабад, Рио-де-Жанейро мен Бразилиа, Мельбурн мен Канберра, Оттава мен Торонто, Вашингтон мен Нью-Йорк. Бұл қатарда менің ойымша, біз алдыңғысы да, артқысы да бола қоймаспыз» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан жолы» атты естелік кітабында.

10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының астанасы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілді. Осыған байланысты Ақмола қаласының орталық алаңында салтанатты шара өтті. Сол күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің штандарты жаңа астанаға жеткізілді. Осы сәттен бастап елорда жүрегі Сарыарқа төрінде соға бастады. Орталық алаңда жиналған жұртшылық алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп: «Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға, осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өміршең маңызы бар шешімдер қабылданады. Бұл жерде енді Отанымыздың жүрегі соғуда. Осы жерде бүгін Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button