ҚазақстанҚоғамМерекеТәуелсіздікке 30 жылТОП

1996 жыл – егемен елдің алғашқы бесжылдығы

1996 жыл – Тәуелсіздіктің бесінші жылы. Жаһанның картасынан күні кеше ғана орын алған жаңа мемлекет осы жыл ішінде не тындыра алатын еді? Шындығында Қазақстанның алғашқы бес жылдығында тәуелсіз елдерге қойылатын талаптардың барлығы жүзеге асты. Әлем мемлекеттері Қазақстанды таныды. Халықаралық ықпалдастық артып, дипломатиялық қатынастар орнықты.

Бесжылдықтағы ең басты жетістігіміз не еді? Бұл – бейбітшілік пен тұрақтылық. Рас, күні бүгінге дейін бүткіл әлемнің әрбір елі үшін ең басты, маңызды дүние тыныштық болып отырғанын ескерсек, егемендікке қолы жаңа жеткен Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұл мәселе күн тәртібінен еш түскен емес. Өйткені сол кездің өзінде көпұлтты Қазақстанның болашағына бал ашқандардың бәрі қандай да бір берекесіздіктің болатынын сенімділікпен болжайтын. Алғашқы жылдан бастап сыртқы күштердің араңдатушылары тарапынан «Тәуелсіздік қазаққа қол емес» дегенге саятын сараптары сандыраққа айналды. Қазақстан қаншама ауырлықты басынан өткергеніне қарамастан, бірлік пен татулықтың ордасына айналды. Ендеше бес жылдың белесіндегі ең басты жетістік те Қазақстандағы бейбітшілік болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ сапалы қаланған осы ұстаным әлі күнге дейін еліміздің жетістігіне ғана емес, халықаралық қауымдастық қызыға қарайтын үлгілі жолға айналды.

 

Жалақы қарызы 30 миллиард теңгеден асты

Сонымен, 1996 жылға қайта оралсақ, бұл жыл да мемлекеттігіміз үшін ауыз толтырып айтарлық оқиғаларға толы болды. Жаңғырған Конституцияның арқасында жаңа тұрпаттағы мемлекеттік құрылым жасақталып, қираған одақтан «мұраға» қалған қалың проблемалардан тазару жұмыстары жалғаса түсті. Өркениеттік дамуға сай қос палаталы кәсіби Парламент өз жұмысын бастап, биліктің басқа тармақтарымен ынтымақтасқан заң шығарушы билік қоғам үшін сапалы құжаттарды қабылдауға кірісті. Осы кездері қабылданған өміршең заңдардың өзі мемлекеттің саяси-экономикалық жаңаруына үлкен сеп болды. Бір сөзбен айтқанда, елдің тәуелсіз дамуындағы 1996 жылдың еншісіндегі жетістіктің өзі бір төбе.

Тәуелсіздіктің бесінші жылындағы статистикалық мәліметтерге көз жүгірте отырып, бұл жылы да еліміздегі ішкі жағдайдың, әсіресе әлеуметтік қамтудың онша жақсара қоймағанын байқаймыз. Жалақы айлар бойы берілмеді, күнкөрістің төмендеп, Кеңес одағында сұмдық болып көрінетін жұмыссыздық мәселесі шынымен жағадан алды. Өтпелі кезең халықты қажыта түсті. Әйтсе де, бұқара келешектен күдерін үзбеді. Экономиканың тығырықтан шығып, қолға алынған реформалардың нәтижесіне үміттене қарай бастады. 1996 жылы елімізде 12 мың шағын кәсіпорын, 18,7 мың жекеменшік кәсіпорын, 2 мыңнан астам коопертивтер жұмыс істеген екен. Ал осы жылдың 1 ақпанында Зейнетақы қорының зейнеткерлерге қарызы 4,7 млрд. теңгені құраған. Республикада кәсіпорындар мен ұйымдардың 70 пайызы жалақы төлеуді кешіктіруінің салдарынан жалақы жөніндегі жалпы қарыз 31,5 млрд. теңгеге жеткен. 1996 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республика емдеу мекемелерінде тіркелген туберкулезбен ауыратын адамдардың саны 45 мыңға жеткен. Сондай-ақ, бұл кезде ірі қара малдың туберкулезбен ауруы 4,4 пайызды құрады. Республикада жалпы білім беретін 8368 мектеп жұмыс істесе, оның тек 3328-і қазақ тілінде сабақ жүргізді. Осы жылы елімізде 66 жоғары оқу орны жұмыс істесе, мұндағы студенттердің тек 20 пайызы ғана қазақ тілінде оқытылды. Сонымен қатар, республикада басылатын 1227 газет-журналдың 275-і қазақ тілінде жарық көрген. Ал 200-ден астам телерадио ұйымдарының тек бесеуінде ғана қазақ тілінде хабарлар дайындалыпты.

Дәл осы 1996 жыл туралы жазушы-публицист, мемлекет қайраткері марқұм Камал Смайылов «Тәуелсіздік толғауы» атты естелігінде былай деп жазады: «1996 жылы Тәуелсіздігіміздің бес жылдығын алғаш рет салтанатпен атап өткенбіз. Жүріп өткен жолымызды қорытындылап, қуаныштар мен қиындықтарды сараптап, тағы да бір шолу, талдау жасап шыққанбыз. Сонда Тәуелсіздіктің бес жылдығына арналып Алматыда өткен салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының, оның басшылары мен батырларының ғасырлар бойы армандаған мақсатын айта келіп, былай деді: «ХVІІ ғасырда қазақ сахарасында жасындай жарқылдаған Абылай армандап өткен, мұңды шерге толы ХІХ ғасырда Кенесары қарумен күрескен, жаппай қырып-жоюға қарсы бас көтерген Бөкейхан межелеп кеткен асыл мұраттар өлген жоқ, соның бәрі 1991 жылы 16 желтоқсанда жүзеге асты. Осы бес жылда біз толыққанды тәуелсіз мемлекеттің бар нышандарына ие бола алдық». Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы тойы еді. Бұл бес жылда әлем қауымдастығындағы жаңа мүше – тәуелсіз Қазақстан әлемге белгілі, танымал болып үлгерді. Қазақстанды 117 мемлекет таныды, 105 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 26 ел бізде өздерінің елшіліктерін ашса, қырық елде біздің елшіліктеріміз бен өкілдіктеріміз жұмыс істей бастады. Осы уақытта шетелдермен, халықаралық ұйымдармен сегіз жүзден астам келісімшарттарға қол қойылды…».

 

Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргесі қаланды

1996 жылдың тәуелсіз елдегі ішкі дүние осылай болса, халықаралық аренада Қазақстанға қатысы бар шаралар да бірінен соң бірі тізіліп өтіп жатты. Осы жылы Қазақстанның да араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының іргесі қаланды. Осынау ұйымның құрылуына сол кезде біраз жұрт күмәнмен қарағанымен, ШЫҰ өзінің шынайылығын, қажеттілігін танытты. Ұйымның өңірдегі ғана емес, әлемдегі беделі де айтарлықтай беделі жоғары.

Алғашқыды «Шанхай бестігі» деген атаумен құрылған бұл халықаралық ұйымға Қазақстан құрылтайшы қатарлы қосылған. Кейін оның құрамына қосылушы елдердің саны артып, 2001 жылы «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» деген атпен үкіметаралық ұйым ретінде тұрақты түрде қызмет істей бастаған. Содан бері Қазақстан аталған халықаралық ұйымның ықпалды ойыншысы боп келеді.

Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің бесінші жылы Мемлекет басшысының шетелдерге сапары жалғасып, халықаралық ықпалдастықтың алғашқы баспалдақтары қалана бастады. Экономикалық ынтымақтастықтар негізінде Президент Үндістан, АҚШ, Малайзия, Сингапур, Австралия елдеріне сапар жасап, олардың бәрі де дерлік сәтті өтті. Оның жемісі де кейінгі жылдары біліне бастады.

 

Көк байрағымыз Олимпиада ойындарында желбіреді

1996 жылғы әлемнің басты спорттық жарысы – АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан алғашқы рет жетістікке жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортшыларға аттандыру жиынында елдің беделі, оның халықаралық мойындалуы саясаткерлердің іс-әрекетіне ғана емес, спортшыларға да байланысты екенін атап өтті, «Сіздер ең үлкен спорт додасына алғаш рет қатысып отырған жас егеменді елдің намысын қорғайтын боласыздар, жңіспен оралатындарыңызға кәміл сенемін!» деді.

Біздің олимпиадашылар сәтті өнер көрсетті! 197 ел қатысқан ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 24-ші орынды (ТМД елдері арасында үшінші орынды) иеленді! Бұл отандық спорттың үлкен жетістігі болды. Қазақ олимпиадашылар үш алтын, төрт күміс және төрт қола медальді жеңіп алды.

Атлантада боксшымыз Василий Жиров алтыннан алқа тағып, «Балқаш барысы» деген лақап атқа ие болды. Зақым алған қолына қарамастан ол өзінің барлық жекпе-жегін жоғары деңгейде өткізіп, қарсыластарын басымдықпен жеңді. Жеңіске деген ұмтылысы үшін оны қазылар алқасы да, жанкүйерлер де жақсы көріп кетті, сондықтан ол Олимпиада ойындарының ең үздік боксшысына берілетін Баркер кубогын да алды.

Жировтан басқа, грек-рим күресінің палуаны Юрий Мельниченко мен бессайысшы Александр Парыгин алтын медальдарға ие болды.

Олимпиада аяқталғаннан кейін, 1996 жылғы 3 қыркүйекте Алматыға Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Хуан Антонио Самаранч келді. Ол Тұңғыш Президенттің әлемдік олимпиадалық қозғалысты дамытудағы еңбегін мойындай отырып, Нұрсұлтан Назарбаевқа ұйымның жоғары наградасы – Алтын орденін табыс етті.

 

Елбасының алғашқы Жолдауы жарияланды

«1997 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» атты алғашқы Жолдау Алматыда 1996 жылдың қазан айында жасалды.

Елбасы сөзін елдің саяси өмірінің негізгі тенденцияларын және ұлттық экономикадағы ахуалды талдаудан бастады.

«Жас республиканың халықаралық жағдайда өзіне-өзі сенімді болатын реті бар. Өйткені біз қысқа мерзім ішінде орасан зор тарихи маңызы бар іс атқардық – еліміздің ұлан-ғайыр шекара белдеуінде қауіпсіздік орнап, көрші елдермен арадағы татулықты, бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен халықаралық-құқықтық іргетасы берік саясат салтанат құрды. Мемлекеттік құрылыстағы басты жетістік – Конституция мен айқын да анық мемлекеттік билік жүйесі» деді сол кездегі Мемлекет басшысы.

Экономикалық жағдайдың шынайы ахуалын сараптап, реформалар барысында жіберілген жекелеген ағаттықтарды мойындай отырып, Тұңғыш Президент сол уақытта ұлттық экономиканы сауықтырудың маңызды мәселелерін атап көрсетті.

Одан әрі 1997 жылдың өзекті міндеттеріне көше отырып, Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы саясатқа кеңінен тоқталып, бұл бағытта өмірге икемділік, салмақтылық, теңгерімділік пен көпвекторлылық өзгермейтінін атап өтті. Алда заңнамаларды түбегейлі өзгерту реформасы тұрғанына тоқталып, оны Конституциямен сәйкестендіру міндеті туралы айтты.

Сонымен қатар, кейінге ысыруды көтермейтін мәселелерді шешуді, атап айтқанда, жалақы мен зейнетақыны кешіктіруге жол бермеуді, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді міндеттеді.

«Аса ауыр кезеңдерді басынан өткізген көптеген қазақстандықтардың жаңа жоспарларға күмәнмен қарауы мүмкін екенін де сездім. Соған қарамастан, Жолдауды оптимистік сарында аяқтауды жөн деп таптым. Алға жылжудың негізгі алғышарттары жасалғанын, ендігі жерде батыл бастама мен білім, ерік-жігер, шыдамдылық пен табандылық, біліктілік пен жауапкершілік бұрынғыдан да қажет екенін, күрделі де жауапты міндеттерді сонда ғана орындай алатынымызды айттым. Алдымызда, мен сол кезде ойлап, жоспарлаған, елді одан әрі жаңғырту үшін атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстар күтіп тұр еді» деп еске алады осы оқиғаны Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.

 

«Тәуелсіздік монументі» ашылды

16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан Тәуелсіздігінің бес жылдығына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Ескерткіш авторы – Елтаңбамызды жасаған сәулетші Шот-Аман Уәлиханов.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның сол кездегі президенті Сүлеймен Демирель қатысты.

Монумент діңгегінің биіктігі 28 метрге жетеді. Көкке қарай шаншыла бой көтерген діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстан Елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағы бар дулығалы жас сарбаздың бітім-тұлғасы (биіктігі – 6 метр) айбарлы кейіппен монументтің беріктігі мен ауқымын айқын аңғартады.

Монументтің екі қапталын айнала қазақ халқының тарихынан сыр шертетін бедерлі бейнелер орналасқан. Діңгектің төрт жағындағы төрт мүсін де – ақылгөй абыз ата мен ақжаулықты Жер-ана, құлыншаққа мінген бала мен қыздың бейнесі ескерткіштің мазмұнын айқындай түседі.

Кезінде түркі қағаны өз мөріне  «Таңда  да  жұбан»  деген сөздерді қашап  жазған екен. Нақ осы сөздер монумент алдында тұрған кітапта да бедерленген… Әрине, біздің де таңдауымыз бар, ол – біртұтас ел болып қалу.

 

«ХVІІ ғасырда қазақ сахарасында жасындай жарқылдаған Абылай армандап өткен, мұңды шерге толы ХІХ ғасырда Кенесары қарумен күрескен, жаппай қырып-жоюға қарсы бас көтерген Бөкейхан межелеп кеткен асыл мұраттар өлген жоқ, соның бәрі 1991 жылы 16 желтоқсанда жүзеге асты. Осы бес жылда біз толыққанды тәуелсіз мемлекеттің бар нышандарына ие бола алдық».

Нұрсұлтан Назарбаев,

Тәуелсіздіктің бес жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен,

Алматы

Semeynews.kz

Дерек көзі – Шығыс Қазақстан облыстық DIDAR газеті

Осы айдарда

Back to top button