ҚазақстанҚоғамМерекеТәуелсіздікке 30 жылТОП

1993 жыл: Төл теңгенің тұғырға қонған жылы

Тәуелсіздік шежіресіндегі 1993 жылдың алатын орны да ерекше. Өйткені, азат ел боламын деп жаһанға жар салғаннан гөрі, дербес мемлекет ретінде өмір сүре алатыныңды дәлелдеу үшін де осы бастапқы жылдары тынбастан еңбек етіп, жұртқа игі болар әрбір істен аянып қалмау керек болды. Кешегі күні тек орталықтың айтқанымен жүріп, соның дегені ғана болатын заманнан кетіп, тізгінді қолға алған қазақ елі үшін нағыз қиын кезең, тұралатқан шақ туды.

Халық басындағы әлеуметтік қиындықтар еселеніп, экономика құлдырады. Инфляция мың есеге дейін шарықтап, ақша құнының шегі білінбеді. Жұрт «жоқшылық заман келді ме» деп үрейленді. Расында да, тәуелсіздігінің ақиқатын жаңа сезіне бастаған Қазақстанның экономикасына аса ауыр болған кез 1993 жылы басталған еді.

Тарихшылар 1993 жылды алғашқы Конституция қабылданған және ел атауы «Қазақ Республикасынан» «Қазақстан Республикасы» болып түпкілікті өзгертілген жыл деп есептейді. Бұл жылдың тағы бір басты оқиғасы «Мемлекеттік шекара туралы» заңның қабылдануы болды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан аумағының тұтастығын заңдастыруды Тәуелсіздік жарияланған алғашқы күннен бастап өзі үшін басты міндет етіп қойған-ды.

 

Алғашқы Ата заңымыз бекітілді

Қазақ елі – «тәртіпсіз ел болмайтынын, тәртіпке бағынған құл болмайтынын» ежелден көкейге түйіп, көкірегіне құйып өскен ел. Сондықтан да болар, дала заңына бағынып, табиғат заңына мойынсұна білді. Қасым ханның «Қасқа жолын» да, Есім ханның «Ескі жолын» да, Әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» да халық тарихы, дәуір толғағы дүниеге әкелген болатын.

Қазақстан Тәуелсіздігін жарияламай тұрып, егемендік туралы декларация қабылдады. Ол – 1990 жыл болатын. Ал араға үш жыл салып, 1993 жылғы 28 қаңтарда егемен Қазақстанның алғашқы Конституциясы он екінші шақырылған Қазақстан Жоғарғы кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрған еді.

«Жаңа ғана шынында да тарихи оқиға болып өтті – Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Барлық қазақстандықтарды республика үшін шын мәнінде ерекше оқиғамен құттықтаймын. Мұның өзі мемлекеттіліктің қалыптасуы, ұлттық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің сапалы жаңа кезеңіне өту, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдігі, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың перспективалы ойларын нақты жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасаудың іргетасын қалады. Халық депутаттарына, құқық саласындағы мамандарға, шетелдік достарға, қазақстандықтарға, республиканың жаңа Конституциясын жасауға қатысқандардың барлығына ризашылық пен алғыс білдіремін» деп сөз сөйледі Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев Конституцияның қабылдануына арналған салтанатты мәжілісте.

1993 жылғы құжат республиканың тәуелсіздігін бекітті. Онда қазақ тілі алғаш рет «мемлекеттік тіл» деп жазылды, ал сол кездегі елордамыз орыс тіліндегі қисынсыз «Алма-Ата» атауынан арылып, «Алматы» болды. Десек те, конституцияда көптеген мәселелер, соның ішінде заң шығарушы және атқарушы биліктің өкілеттіктеріне, жерге, азаматтыққа қатысты мәселелер көрініс таппады. Бұл олқылықтар елдің басты заңын қайта қарауды талап етті, екі жылдан кейін Қазақстанда жаңа Конституция пайда болды.

 

Үш жүздің басын қосқан Ордабасы

Ордабасы тауында қазақ халқының басына күн туғанда жоңғар шапқыншылығына қарсы үш би – Төле, Қазыбек, Әйтеке бас қосып, елдің ертеңі үшін ортақ шешім жасап, бірлікке бастағаны тарихтан мәлім.

28 мамыр күні Түркістан облысына қарасты осы киелі Ордабасы жерінде үш биді еске алуға арналған үлкен жиын өтті. Жүз елу мыңға тарта адам жиналған ұлы тойға Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбек және Қырғыз елдерінің сол кездегі басшылары Ислам Кәрімов пен Асқар Ақаев қатысты.

«Бүгін біздің бәрімізді осынау қасиетті биіктіктің басына бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкеліп отыр… Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды. Тағдыр жақындығы мүдде жақындығын туғызады. Мүдде жақындығы жоқ жерде жер жақындығы мен шекараластықтың да бақастық пен дүрдараздықты өрбіткеннен басқа бітірері шамалы. Адам мен адамды, халық пен халықты, мемлекет пен мемлекетті жалғастырар ең берік дәнекер – мүдде жақындығы. Бүгінде Орталық Азияда қоян-қолтық жатқан бауырлас елдердің мүддесі біреу. Ғасырлап күтіп, әзер қолы жеткен азаттықтан айырылып қалмау. Ол үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу. …Тарихта біздің елдеріміздің арасына от жағып, сырттан қақтығыстыру әрекетін жасағандар аз болған жоқ. Дегенмен бірге болған кезде қандай жаудан да басым түсіп жаттық. Дәл қазіргі кезеңде де біздің халықтарымыздың бірлігі егемендігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін өте қажет деп санаймын» деді Елбасы сол жиында сөйлеген сөзінде.

Нұрсұлтан Әбішұлы халқымыздың басын біріктірген киелі тауда үш бидің рухын мәңгі құрметтеу үшін монумент орнату жөнінде бастама көтерді. 1997 жылы сол жерде «Бірлік» ескерткіші ашылып, оған Елбасымыздың өзі қатысты.

 

Өз ақшамыз айналымға енді

Ел егемендігінің бір белгісі – дербес ақша-қаржы жүйесі. Тәуелсіздік алған тұста еліміз бұрынғы біртұтас кеңестік «сом аймағында» болды. Сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты ұлттық валюта айналымға енгізіле қоймаған еді.

1992 жылғы шілдеде жеке валютасын енгізген Ресей Қазақстанға өз рубльдерін қолдану туралы ұсыныс жасай бастайды. Олардың мынадай талаптары болды – біріншіден, рубльді пайдалану үшін Қазақстан Ресейдің құрамына федерация субъектісі ретінде енуі керек, екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған 700 миллион АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсыруы керек. Қысқасы, олар өз рублдерін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды.

Сол кезден бастап егемен еліміз Кеңес одағының сомымен қалған еді. Оған дейін құнсызданып келген қызыл сом әрі қарай құлдырап, инфляция деңгейі 400 пайыздан асты.

Осы қысылтаяң шақта, Кеңес өкметінен қалған вагон-вагон ақшаның құны кетіп, қоқысқа тастауға да жарамай тұрған кезде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның төл теңгесін жасауға шешім шығарды. Бұл да Тәуелсіз елдің тарихи шешімдерінің бірі еді.

1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертеңінде қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

15 қарашада таңғы сағат 8-ден бастап Қазақстанның территориясында өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Бағам 500 сомға 1 теңгеден болды. Осы кезге дейін жаңа валютаның банкноттары мен тиындары республиканың барлық облыстары мен аудандарына тасып жеткізілген болатын.

Сол кезден бері қазақ халқының тарихында өз теңгесі айналымда келеді. 1 теңгелік банкноттан бастап 20 мың теңгелік купюраның арасында қазақ тарихының жарқын келбеті сақталды. Олай дейтініміз, қағаз ақшаларда еліміздің ерекше сәттері көрініс тауып отыр.

 

Жекешелендіру науқаны жалғасты

1993 жылы 10 наурызда жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алу басталды, ол үрдіс тәуелсіздік алған алғашқы күндерден-ақ жүргізілген-ді. 1992 жылы 6200, 1993 жылы 2700 шағын кәсіпорын, бірінші кезекте сауда және қызмет көрсету, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру орындары жекешелендірілді. 1995 жылға қарай жекешелендірілген кәсіпорындар саны 15 мыңға жуықтады.

Барлық қазақстандықтарға инвестициялық жекешелендіру купондары берілді. Оларды инвестициялық қорларға салу арқылы кез келген адам зауыттың иесі бола алады деп жоспарланды. Алайда, іс жүзінде бұл жүйе жұмыс істей алмады, бірде-бір қор халыққа ақша төлемеді.

 

Жастарды шетелде «Болашақпен» оқыту басталды

Білікті кадрларға мұқтаж елімізде Тұңғыш Президент Н.Ə. Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды, осылайша Қазақстан посткеңестік елдер арасында осындай қадам жасаған бірінші мемлекет болды.

Елбасы осы халықаралық стипендия арқылы еліміздің білім саласына айрықша мән беретінін көрсетті.

«Бір жағынан, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік кеңістігіне әлемдік технологиялар трансфертінің магистралі тартылды. Екінші жағынан, әлем біздің стипендиаттар арқылы Қазақстан, оның халқы, мәдениеті мен дәстүрлері, еліміздің мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы көбірек біле түсті. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біз жаhандық элита даярлаудың әлемдік жүйесіне қосылдық. Бұл – Тәуелсіздік дәуірінде қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру жөніндегі менің жоспарымның аса маңызды бөлігі» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл жылы, сондай-ақ, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. Осылайша біздің мемлекет кезінде кертертпа жүйенің кесірінен еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған азаматтарды ақтап, бәзбіреулердің өктем саясатымен жасалған тарихтың қателігін түзеді. Егемендіктің тағы бір нышандары – жаңа мемлекеттің өз ордендері мен медальдары және басқа да мемлекеттік наградалары, оның ішінде «Алтын Жұлдыз» белгісі мен «Халық каһарманы» атағы бекітілді.

Қосымша:

«Дәл осы сәттен бастап шын мәнінде тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуындағы жаңа санағы бойынша бетбұрыс кезеңі басталады. Мұндай оқиғалар әр елдің тарихында тек бір рет болады. Біз үшін мұның бұрын-соңды болмаған экономикалық ғана емес, сонымен бірге саяси маңызы зор».

 

Н.Ә. Назарбаев,

Алматы қ., 1993 жылғы 12 қараша

 

Semeynews.kz

Дерек көзі – Шығыс Қазақстан облыстық DIDAR газеті

Осы айдарда

Back to top button