ҚазақстанҚоғамМерекеТәуелсіздікке 30 жылТОП

1992 жыл: Көк аспанда көк туымыз желбіреді

Тәуелсіздіктің әрбір жылы, оның ішінде енді егемен ел ретінде тізгінді қолға алған кез оңай кезең емес. 1992 жылдың табалдырығын Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде аттады. Дәл осы жылдың ел тарихындағы орны ерекше. Өйткені, күні кеше өз егемендігін жариялаған Қазақ елі дербестігін танытып, тұтастығын сақтап қалуы үшін барын салды. Бір жылда Қазақстан рәміздерін қабылдап, әскерін құрды, шекарасын межелеуді қолға алды.

Біріккен ұлттар ұйымының 168-ші мүшесі атанды

Азаттық алған алаш жұрты алты құрлыққа аты мәшһүр болмаса да, сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатынын алғашқы күннен бастап танытты. Сол арқылы алыс-жақын шетелдермен саяси ынтымақтастықта, тату көршілік бауырластықта араласатынын аңғартты. Бұл қадамда Қазақ елінің Біріккен ұлттар ұйымына мүшелігі айрықша маңызды еді.

Осы мақсатта 1991 жылы 20 желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Бутрос Бутрос-Галиге арнайы хат жазды. 1991 жылы 31 желтоқсанда Қазақстанның өкілі, со кездегі сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова БҰҰ бас хатшысына Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы туралы өтінішін жеткізді.

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанына төрт ай, БҰҰ-ға өтініш жасағанына үш-ақ ай өткенде 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясы Қазақстанды Біріккен ұлттар ұйымына 168-ші мүшесі ретінде қабылдады.

Ұйымға мүше болған ширек ғасырдан астам уақытта Қазақстан әлемдік деңгейдегі оннан астам ұсыныс жасады. Оның қатарында ең бастысы ядролық қарусыз әлем, Арал мәселесі сынды ең өзекті мәселелер бар. Сонымен қатар Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесті БҰҰ басшылығына жіберілді. Сондай-ақ, ол Бас ассамблеяның құжаты ретінде БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер арасында алты ресми тілде таратылды.

Бұдан бөлек, қазақтың ғана емес, адамзат тарихында алғаш рет БҰҰ мінберінен қазақ тілі әлемге тарады. 2018 жылы 19 қаңтарда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті. Осы жиында сөз сөйлеген Елбасы баяндамасын қазақ тілінде жасады.

 

Өз туы, гербі мен гимні бар елге айналдық

Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Көк байрақтың авторы белгілі суретші Шәкен Ниязбеков болса, гербтің авторлары танымал сәулетшілер – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мемлекеттік гимн екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Қазіргі орындалып жүрген Әнұранның авторлары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Жұмекен Нәжімединов, әуенін жазған – Шәмші Қалдаяқов.

Тәуелсіз елдің елдігін, әлемдік аренадағы ресми «құжатын» танытатын бірден-бір белгісі – мемлекеттік рәміздері. Соның ішінде Елтаңба мен Ту. Бұл екі символика да Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей мақұлдауымен, халықтың таудауымен жасалған. Ал Әнұранның авторлығына Елбасының өзі де араласты.

– Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді, – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Әскерсіз мемлекет болмайды

1992 жылы 7 мамырда Елбасы, Қазақстан Республикасының сол кездегі Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның Қарулы күштерін құру туралы» Жарлығы шықты.

– Нұрсұлтан Әбішұлы қысқа мерзімнің ішінде аса шешімпаздықпен сыртқы істер министрлігін, қорғаныс министрлігін, транспорттық, байланыстық құрылымдарды құрды. Осы салаларға бейімі бар, нағыз мамандарды басшылыққа алып келді. Соның нәтижесінде біз басқа елдермен бірден қарым-қатынас орната бастадық, – дейді осы күндерді еске алған қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.

 

Атажұртқа ағылған ұлы көш

Әлемге тарыдай шашыраған қазақ халқының басын бір шаңырақ астына тоқайластырып, бір арнаға тоғытуда Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше. Тіпті, осы істе көш басында тұрған тұлға деуге де болады. Қазақ елі Тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап, шеттегі қандастарды тарихи отанына оралуға үндеген Нұрсұлтан Әбішұлы 1992 жылы 28 қыркүйекте әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақты Атажұртқа шақырды.

Алғашқы құрылтайға әлемнің 33 елінен 800-ден астам өкіл келді. Содан бері бес рет құрылтай өтті. Онда шетте жүрген 5 миллион қазақтың тағдыры жайлы сөз болып, елге келген бір миллионнан астам қандастың ел қатарлы өмір сүруіне қатысты мәселелер талқыға түседі. Басқасын айтпағанда, осы құрылтай негізінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар» қоры қатарлы іргелі ұйымдар құрылып, алыс-жақындағы ағайынның игілігі үшн қызмет етіп келеді.

Өз қандасын өзекке теппей, бауырға басқан әлемде саусақпен санарлық қана ел болса, соның бірі – Қазақстан.

Осының барлығы да сонау Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың шетте жүрген қандастарға арнап жазған үшбу хатынан бастау алған болатын.

 

Шекараны шегендеу ісі басталды

Мемлекет болу үшін әуелі оның жері мен елі болуы керек. Кешегі ата-бабаларымыздың арқасында Алтай мен Атырауға, Арқа мен Алатауға созылған ұланғайыр дала бұйырды біздің пешенемізге. Алайда, еліміздің шегенделген, ресми рәсімделген шекарасы болмады.

Тәуелсіздік алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әуелі осы істі қолға алды. Соның нәтижесінде бүгінгі Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орынға ие болып отыр.

Көршілермен қанша тату болсақ та, шекара мәселесі өте шетін жағдай. Содан да болар, 1992 жылы басталған шекараны бекіту процесі 10 жылға созылды. Ең соңғы қазақ-өзбек шекарасын бекіту 2001 жылы толықтай аяқталды.

– Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 500 шақырымға созылған шешімін таппаған шкара мәселесі бар. Соның осы ширек ғасырда анықталғаны – 12-ақ шақырым. Екі елдің үкіметаралық шекара комиссиясы соңғы 5-6 жылда ортақ шешімге келу бойынша бір де бір отырыс өткізбеген. Ал кейін сайланған басшы бір айдың ішінде 30-дан аса шекаралық учаскені анықтап үлгерді. Осыдан шығатын түйін, мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен саяси өмірі мемлекет басшысының ерік-жігеріне тікелей байланысты, – дейді Ерлан Қарин Тәуелсіздік жылдарындағы шекара мәселесін еске алып.

Semeynews.kz

Дерек көзі – Шығыс Қазақстан облыстық DIDAR газеті

 

Осы айдарда

Back to top button