Тәуелсіздік шежіресі: 1991 жыл – Азаттық таңы атқан жыл
Қазақтың басты құндылығы – Тәуелсіздік. Биыл ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекелі кезеңі – 30 жылдығы. Алаштың айбынын асырып, ата-баба армандаған күнге жетіп, жасампаздықтың даңғыл жолына түскенімізге 30 жыл толып отыр. Осыған орай DIDAR газеті отыз жылдың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, әр жылдары ел тарихында болған елеулі оқиғаларды ұсынады.
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай…
Бұл әлі де болса Тәуелсіздігін жарияламаған, Президентін сайламаған елдің батыл қадамы еді. Қазақ елінің бұл қадамын түсінбек түгіл, мұндай «ақымақтыққа» күлгендер де көп болды.
1991 жылдың 28 тамызында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша Қазақ елі атом бомбасынан біржола бас тартқан болатын. Тұңғыш Президенттің осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды. 1992 жылдың мамырында Семей полигонының базасында, Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық құрылды.
«Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді. Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды» деп жазды Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзінің «Әлем. XXI ғасыр» кітабында.
Бұл осыдан 71 жыл бұрын құрылып, 40 жыл бойы Қазақ даласын қансыратқан алапат сынақ алаңына қойылған нүкте, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қазақ халқының бейбітсүйгіш, тыныштықты жаны қалайтын, алаңсыз халық екенін танытқан әлемдік қадамы еді. Бүгінде сол бір шешуші сәтте Нұрсұлтан Әбішұлының әрі тапқыр, әрі дұрыс шешім қабылдай білгенін әлем мойындап отыр.
Тоқтар – ғарышта
«Мен Кеңес одағының ең соңғы, 72-ші ғарышкерімін. Мен жерге қондым, менен кейін 16 мемлекеттің ең соңында қалған Қазақстан да өз Тәуелсіздігін алды. Әрине, бұл – тарихи сәт және бір-бірімен өте сәйкес келген сәт. Бұған дейін қалған 14 мемлекет өз жайларына кетіп, құрамда Ресей мен Қазақстан ғана қалған болатын. Мен ұшпасам да Қазақстан өз тәуелсіздігін алатын еді. Себебі, мен ұшуға дайындалып жатқан кездің өзінде Қазақстан Тәуелсіздіктің алғышарттарын дайындап қойған. Мен 2 қазан күні ұшсам, Қазақ елі 29 тамызда Конституцияны қабылдап, Жоғарғы кеңестің шешімі шығып қойған болатын» дейді Кеңес одағының екі мәрте батыры Тоқтар Әубәкіров.
Тоқтар Оңғарбайұлының айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Тура солай болды. Елбасының өзі айтқандай, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы қазақ баласының тұңғыш ғарышқа ұшуымен тікелей байланысты.
«Біз 1991 жылы тамызда Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарышқа аттанды. Небәрі екі айдан соң желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да, еліміз аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды» деді Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовпен кездесуінде.
Алғашқы Президент сайлауы
Кеңестік жүйенің сірескен сеңін бұзып, Егемендік декларациясын қабылдаған мемлекет үшін тұңғыш рет Президент сайлауын өткізу аса күрделі жағдай болатын. Оған бұрынғы жүйенің шырмауынан шыға алмағандар мен жаңа ғана қолға тиген азаттыққа ұмтылған жігерлі толқынның тартысы да әсер етпей қалған жоқ. Дегенмен, жаңалыққа жаны құмарлардың, тәуелсіздікке ұмтылған елдің сенімі басым болды. Оны сол кездегі деректерден анық білуге болады.
«Алғашқы президент сайлауына 8778726 сайлаушы немесе азаматтардың жалпы санының 88,23%-ы қатысты. Бұл сол кездегі сайлауға қатысуға қабілетті 10 миллиондай қазақстандықтың басым көпшілігі болатын» деп жазды Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өзінің «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» атты мақаласында.
Президент сайлауының жалғыз кандидаты – Нұрсұлтан Әбішұлы еді. Халықтың 98,8 пайыз дауысын жинаған үміткер дара жеңімпаз ретінде тұңғыш сайлаудың тұңғыш жеңімпазы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті болды. Президентті ұлықтау рәсімі 10 желтоқсан күні Алматыда өтті. Бұл қазақ халқының ең күрделі кезеңдегі ең сарабдал таңдауы еді.
«Әуелі – экономика, содан кейін саясат» бағытын ұстанған Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ алғашқы сайлаудағы бағдарламасы 8 тармақтан тұрды.
«Біздің өркениетті қоғамға қадамымыздың басты тетігі – мемлекеттік егемендікті жүзеге асыру, бәсекелестік пен әртүрлі меншік формасына негізделген әлеуметтік нарықтық экономиканы қалыптастыру, сонымен қатар, терең реформалар және өміріміздің басқа да қырларын демократияландыру. Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нақты мазмұнмен толықтыру – прогрессивті қайта құру мен бүкіл республика халқының әл-ауқатын жақсарту» деп басталған алғашқы тармағынан бастап соңғы 8-ші тармағына дейін Елбасы әуелі елдің экономикалық жағдайын қалыпқа келтіруді көздегенін байқау қиын емес.
Қазақ елінің Тұңғыш Президенті ретінде сайлаудан кейінгі ант беру рәсімінде сөйлеген Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бұл күннің Қазақстан Республикасы тарихында айрықша орны бар екенін атап өтті.
«Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық…» деді ол.
Бүгінгі таңда 1 желтоқсан Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесі болып аталып өтіп келеді.
Бодандықтан бостандыққа қадам басқан күн
Президентті сайлағаннан кейін көп ұзамай Қазақстан әлем алдында егемен ел ретінде тәуелсіздігін жариялады. Бұл жер бетіндегі қазақ деген халықтың сан ғасырға жалғасқан арманы еді. 370 жыл Ресейдің езгісінде болған халықтың бостандық болмысына, егемен елдікке, азат руххқа деген ұмтылысының жемісі еді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы тәуелсіздіктің табалдырығын аттаған көңілі күпті, көзі көлегей көптің үмітін арқалаған бірден-бір тұлға еді.
«Заман ағымы Қазақстанды тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде әлемге әйгілеген тарихи дата – 1991 жылдың 16 желтоқсанынан күн сайын, сағат сайын алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдыретін жан жүрегімізбен түсінеміз. Ол – егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы. Ол – өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы. Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады» дейді Елбасы өзі үшін осы елдің азаттығы қаншалықты құнды, қаншалықты жанына жақын, өмірімен өзектес екенін сезіне отырып.
Күндер емес, айлар емес, жылдар емес, тіпті ғасырлар да емес, дәуірлерге жалғасар тарихтың іргетасы қаланған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жайлы аз айтылған жоқ. Тіпті күні бүгінге дейін бұл кезеңнің қаншалықты ауыртпалыққа толы болғанын жыр қылып айтатындар көп. Соның барлығына төтеп беріп, соның барлығына төзімділік танытып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алу оңай іс емес. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жастайынан домна пешінің ыстығына шынықса, Мемлекет басшысы ретінде ел эканомикасының жалынына қақталып, әлемдік саясаттың түтініне ысталып, нағыз көшбасшы ретінде ысылып шықты. Сол көшбасшылығының арқасында ел Тәуелсіздігін теңселтпей, Егемендігін еңкейтпей, азаттығын аласартпай отыз жыл басқарды.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды
Кеңес үкіметі ыдырап, құрамындағы 16 мемлекет жан-жаққа тараған соң, алыс-жақын көршілермен саяси-экономикалық, әлеуметтік сауда-саттық саласында бауырластықты, тату көршілік қарым-қатынасты дамыту мақсатында тікелей Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылды. 1991 жылы 21 желтоқсан күні Алматыда өткен жиында ТМД-ны құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім жаңа ғана қаз тұра бастаған Тәуелсіз елдің ғана емес, ТМД құрамына кіретін барлық мемлекеттің тарихында «Алматы декларациясы» деген атпен қалды.
«Бұрынғы кеңестік кеңістікте құрылған біздің барлық құрылымдарымыз ТМД қатарында пайда болып, өсіп шықты» дейді ТМД құрамындағы мемлекеттердің бірі – Беларусь Президенті Александр Лукашенко.
Бүгінде құрамына 11 мемлекет кіретін бұл ұйым Еуразия кеңістігіндегі ең ықпалды бірлестіктің біріне айналды. Ұйым құрамындағы елдер өзара ықпалдастықты негізге ала отырып, осыдан 28 жыл бұрынғы үдерісті, меже мен мақсатты алғышарт етіп келеді.
«1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы арқылы негізі қаланған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бүгінде елдерімізді жақындастыра түсетін бірегей алаң болып қала береді. Біздің Достастық жұмысын жалғастырып және болашаққа деген жоспарларды іске асыра отырып, өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді» деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ТМД-ның 20 жылдық мерейтойы қарсаңында.
Semeynews.kz