Семейде ағаш мүсіндер көрмесі ашылды
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойы аясында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері Сағат Әділхановтың «Табиғат және Мен» көрмесінің ашылуы өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Сағат Әділханов сәндік-қолданбалы өнеріне ерекше көңіл бөліп соның ішінде ағашты көркемдеп өңдеуді дәстүрге айналдырып, жастарға инновациялық жолмен білім бере отырып, алған білімдерін іс жүзінде дамытып, қолдану және пайдалана білу идеясын мақсатты түрде жүзеге асырып жүрген өнерпаздардың бірі. С.Әділхановтың еңбекқорлығы мен жоғары деңгейдегі шығармашылық білімінің арқасында ҚР «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталып, орыс өнерінің ІХ халықаралық фестивалі аясында өткен бейнелеу өнері және сәндік-қолданбалы өнер көрмесінің лауреаты, «Ұлы дала ақындары» атты І Халықаралық шығармашылық байқауында І орын иегері, сәндік-қолданбалы өнері І Республикалық конкурстың Гран-при иегері атанды.
«Табиғат және Мен» көрмесіне Сағат Әділхановтың заманауи үлгідегі, ағашты инкурстациялау әдісі арқылы жасалған «Қауышу», «Үшем», «Вальс» сияқты елуден астам туындылары қойылды.
Көрменің ашылуына Семей қаласының зиялы қауым өкілдері мен суретшілер қатысып, ерекеше өнер иесінің еңбектерімен жақын танысуға мүмкіндік алды.
Көрме 2021 жылғы 11 қазанға дейін жалғасады.
Semeynews.kz
