ҚоғамСемейТОП

Сот ісін жүргізу тілі

Мемлекеттік тілді сот ісінде қолдану туралы Семей гарнизоны әскери сотының судьясы Альмира Байсалқанова мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.

– Сот ісін жүргізу тілі қалай белгіленеді?

– Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану сот процесіне қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің құқықтық кепілі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді

Сот істі сот талқылауына дайындау сатысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

– Орыс тілі немесе басқа тілдер сот ісін жүргізуде қалай қолданылады?

– Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабында  Қазақстан Республикасында қылмыстық сот ісі қазақ тілінде жүргізілетіндігі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа да тілдер қолданылатыны көрсетілген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган (лауазымды тұлға) күдіктіге (айыпталушыға) оның сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғаушының көмегіне жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға сот ісін жүргізу тіліне қатысты құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, олардың мүдделерін қорғауды осы заңда белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етуге тиіс.

– Егер іске қатысушылар тілді жетік білмеген жағдайда қалай болады?

– Заңнамаға сәйкес сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде білмейтін іске қатысатын адамдардың ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, сотта сөз сөйлеу құқықтары қамтамасыз етіледі және қорғалады.

Сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін адамдарға сот ісі жүргізіліп отырған тілде болған әңгімелерді жете түсінбейтін немесе жеткілікті дәрежеде түсінбейтін, өздерінің ойлары мен пікірлерін сол тілде еркін білдіре алмайтын, сондай-ақ әңгімелесу, мәтіндерді оқу кезінде, сұрақтарға жауап бергенде, ауызша және (немесе) жазбаша тілде басқа да қиындықтарға тап болатын адамдар жататындығын назарда ұстаған жөн.

Процесті жүргізетін органдар сот ісін жүргізуге қатысатын адамдарға істің олар үшін қажетті, басқа тілде жазылған материалдарын сол адамдар білетін немесе түсінетін тілдерге өтеусіз аудару және аудармашының қызметтерін тегін пайдалану құқығын қамтамасыз етуге тиіс.

– Сот ісін жүргізуде кімдер аудармашы бола алады?

– Заңнама талаптарына сәйкес аудармашы ретінде іске қатысып отырған органдар мен адамдардан қызмет бабы бойынша тәуелсіз, іс үшін маңызы бар мән-жайларды аударуға біліктілігі жеткілікті мүдделі емес адам тартылады.

Азаматтық істер бойынша сот талқылауына дайындық аяқталғаннан кейін құжаттар мен өзге де материалдарды сот ісінен өзге тілде ұсынған тараптар олардың аудармасын өз бетінше қамтамасыз етеді.

– Егер құжат дайын болып, сотқа берілген жағдайда?

– АПК талаптарына сәйкес шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен ғана емес, сонымен қатар сот ісіне қатысатын тараптардың талабы бойынша олардың ана тіліндегі немесе өздері білетін басқа тілдегі аудармасымен бірге берілуі тиіс.

– Адвокат мемлекеттік тілді білмеуі болып тұра ма?  

– Иә, осындай жағдайлар үнемі орын алып тұрады, бірақ бұл оның сот процессіне қатысуына кедергі бола алмайды. Егер қорғалуға құқығы бар куә, күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған, ақталған және өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам сот ісі жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткілікті түрде білмесе, онда сот процесіне қорғаушының қатысуы міндетті.

– Процессуалды құжаттар қай тілде әзірленеді?

– Істер бойынша қабылданған процестік құжаттар сот ісін жүргізу тілінде жасалады.

Процестік құжаттарды жасаған кезде олардың мазмұны мен сот ісін жүргізу тілінің лингвистикалық (тілдік) қағидаларына қойылатын талаптарға назар аудару қажет.

Процестік заңнамада көзделген жағдайларда куәландырылған құжаттардың көшірмелерін сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдар үшін аудармамен қоса беру іс жүргізуді жүзеге асыратын органдардың міндеті болып табылады.

– Процесс барысында сот ісін жүргізу тілі өзгерту мүмкін бе?

– Сот процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы қаулы шығаруға және істі мемлекеттік (қазақ) тілде қарауды жалғастыруға құқылы.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button