Күнделікті, тәуліктің кез-келген уақытында бұл жерден әр түрлі ұлт пен дін өкілдерін кездестіруге болады. Өлкетанушы Павел Жуковтың айтуынша, адамдар осы жерден тек емдік суды алып қана қоймай, сонымен қатар олар мәңгілікке қол жеткізуге, тылсым күшке сыйынады.
Жоғалғанның табылуы
Әр тұрғылықты мекеннің, мұқият құжатталған, жарияланған және қайта басылған өзіндік тарихы бар. Алайда жергілікті жер атауларының шығу тарихымен ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан аңыз әңгімелер арқылы танысқан анағұрлым қызықты. Міне, қазіргі қарастырып отырған Қасиетті Бұлақтың ашылу тарихына семейліктер ерекше құрметпен қарайды. Оның тарихы сонау ХVІІІ ғасырдың басынан басталады. 1719 жылы Тоболдан Ертiске қарай Ресей империясын жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшiн қорғандар салу мақсатында гвардия майоры Иван Лихаревтың жетекшiлiгiмен экспедиция жолға шығады. Оқ-дәрілер мен әскери жабдықтардан бөлек экспедицияда Абалацк шіркеуінің Құдай анасының иконасы болған. Аңызға сәйкес, Семей қамалының маңынан өтіп бара жатқан кемелер, барлық физика заңдарына қайшы, кенеттен орындарында тұрып қалып, лоцмандардың басқаруларына көнбеген. Осыдан кейін кеме бортындағылардың бірі иконаны қамалдық шіркеуге қалдыруды айтқан.
1740 жылы Семей бекінісіндегі аса құрметті заттардың бірі – икона жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді, ең қызығы, тергеу қалай жоғалғанын анықтай алмады. Бірақта бірнеше жылдан кейін белгісіз жағдайда икона қайтадан халыққа оралды. Белгілі бір семейлік татар үйіне қайтып келе жатып, адасып кетеді. Қараңғы түсіп, жолаушы өзін жайсыз сезініп, ағаштардың арасынан от жарығын көріп, бойындағы бар күшін жинап, жүгіріп жарық жанып тұрған жерге жетеді. Ол жерде шұңқырдағы терек діңгегінде икона ілініп, ал оның төмен жағында шам жанып тұрғанын көреді. Шұңқыр маңында бұлақ көзінен аққан суды байқайды. Маңайын қарайлаған татар, қай жерде екенін түсініп, көп ұзамай бекініске оралады. Бекіністе ол көрген олжасы туралы айтқан. Оны естіген казактар іле-шала икона тұрған жерге жетеді. Аңыз бойынша, астында жанып тұрған шам иконаны ұстамақ болғандардың барлығын күйдірген, тек сол татар азаматы ғана иконаны еш кедергісіз шешіп алған.
Содан бері бұлақ Қасиетті деп аталды, ал семейліктер аңызды қайталағанда, бұл табиғи құбылыстың интернационалдық мәнін үнемі атап көрсетеді.

“Қандай керемет… “
1777 жылы Семей бекінісінің орны ауысады. Жаңа мекенде бірінші болып Знаменская шіркеуі бой көтереді, осы жерге қасиетті икона әкелініп, бүкіл қаланы киелендірді. Қасиетті бұлақ көзі туралы әңгімелер аймақтан тыс шалғай жерлерге тарады. Осыдан кейін, 1855 жылы әскери шенеулік Свидерскиймен қасиетті бұлақ басына қажылық жасаушыларға арнап бұлақ басына ағаштан шатыр орнатылды. Шатыр астына иконалар қойылды және олардың ортасына Семей-Абалацк Құдай Анасы иконасының көшірмесі орналастырылды. Осы жерде керемет емделулерді куәландыратын жазбалар жазылған дәптер сақталатын. Бір күні бұлақ басында үлкен өрт шығып, шатыр және оның астындағы заттар, жазбалар барлығы өртеніп кетті.
Киелі жер ешқашан бос болмайды деп бекер айтпаған. ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары павлодарлық көпес Артемий Деров бұлақ басына ағаштан әсем шіркеу салды, ал семейлік ІІ гильдия көпесі Федор Плещеевтің еңбегімен бұл жерде тас шіркеу бой көтерді. Ол Томск және Семей Преосвященный Платон Епископының рұқсатымен 1870 жылы салынды. Шынында, артынша белгілі болғандай, құрылысшылар тас материалмен асыққан көрінеді, себебі құмды жаға тұрақты ауытқулар тудырып, уақыт өте келе шіркеу қабырғасында жарықтар пайда бола бастады. 1900 жылы тас шіркеу бұзылып, орнына ағаштан шіркеу салынды.
Осының бәрі бұлақ басына келушілердің санын азайтпады, және қажылыққа келушілерді орналастыру үшін, жиналған жеке қайырымдылық қаражаты есебінен Қасиетті Бұлақ маңында жазғы барактар салынды. Сонымен қатар, жыл сайын 7 (21) шілдеде Семейде қаладан Қасиетті бұлаққа дейін Крест шеруі өтуде. Шеру халықтың көп жиналуымен, қаладағы барлық дінбасыларының, армияның қатысуымен өтеді. Әскери оркестр “Сколь славен… ” әуенін ойнап, діни шеруді жалпықалалық мерекеге айналдырды.

Шіркеу қызметкерлерінің қамқорлығында
- 1902 жылы бұлаққа Миссионер Знаменская әйелдер қоғамдастығы келеді, – деп әңгімесін жалғастырды өлкетанушы Павел Жуков. – Бастапқыда олар Алаштағы, яғни Семейдің сол жағалауындағы Қырғыз миссиясы маңында орналасты. Ол жерде ерлер монастырі орналасқан, ал солтүстік-батысқа қарай, бір көшеден кейін, оған кішігірім саз балшықты қоршауы бар ақ үй, яғни – монах Сидони басқарған әйелдер қауымы орналасты.
Құжаттарға көз жіберсек, «Қасиетті Басқарушы Синод, 1912 жылғы 28 ақпанда Басқарушы Сенатқа, Қасиетті Синодтың шешімі бойынша: Омск Епархиясының, Семей облысындағы ескі Семей бекінісі маңындағы Миссионер Знаменская әйелдер қоғамдастығы, ішіндегі әйелдер санымен бірге, әйелдер монастырына ауыстырғанын және олар ол жерді өз қаражаты есебінен ұстайтынын хабарлаған».
Монастырьдағы әйелдер белсенді өмір салтын кешіп, өз күштерімен бидай егіп, ұн өндіріп, Ертіс жағалауын өздері бекіндірген. Олардың жанында бар-жоғы үш еркек еңбек еткен, олардың екеуі – дін қызметшісі, біреуі – шаруашылық бойынша көмекші Ананий Корнеев. Айтпақшы, Корнеевтің ұрпағы әлі күнге дейін Қасиетті Бұлақ маңында тұрады. Сонымен қатар монастырьдағы әйелдер маңайындағы ауылдарда тастап кеткен балаларды тәрбиелеумен айналысқан. Олар тастап кеткен балалардың шығу тегіне, дініне қарамады. Олар үшін ең бастысы – тастанды балалардың аштан немесе суықтан өліп қалмаулары болды. Қыз балаларды, әйелдер монастырі болғандықтан, өсіріп, оларды негізгі білімге және үй шаруашылығына үйреткен. Ең бастысы, барлық зерттеушілердің ортақ пікірге келулері – монастырьда күштеп шоқындырмаған. Балалар 14 жасқа толған соң дінді өздері таңдаған.
Сельхозартель – шипажай – пайдасыздық
Ескі қарағайлар астындағы бейбіт өмір 1921 жылы аяқталды. Міне, сол жылғы сегізінші наурыздағы «Степная правда» газетінде жарияланған мақалаға көз жіберсек: «Ағымдағы жылдың 27 ақпанында Власовтың төрағалық етуімен, мемлекеттен шіркеуді алшақтату туралы жарлықтың орындалуын жүзеге асыру бойынша ведомствоаралық комиссияның екінші отырысы өтті. Негізгі мәселе – Қасиетті Бұлақтағы әйелдер монастырын жою, шіркеулерде шамдарды сатуды тоқтату, жергілікті дінбасыларын жалпыазаматтық еңбек жауапкершілігіне тарту болды. Әйелдер монастыры жойылды деп есептелсін, ондағы шіркеу православиелік азаматтар тобына берілсін, ал ондағы шаруашылық құрылыстар, барлық мүліктерімен бірге коммуналдық бөлімге берілсін. Дін қызметкерлері белгілі шектеулермен, орталықпен бекітілген, шіркеу қызметінен бас уақыттарында еңбекке тартылсын».
Тағы бір жергілікті аңыз бойынша (кейбіреулер бұл деректерді ескі монах әйелдерден естігендерін мәлімдейді), монастырь жабылғанға дейін екі ай бұрын, әйел монахтардың бірі шіркеуден, “Знамение Пресвятой богородицы” иконасынан түсіп тұрған жарық сәулесін көрген. Қатты қорыққан қызметші әйел ол туралы ғибадатхананың игумені Екатеринаға хабар берген, онда ол «Біз енді бұл жерде өмір сүрмейтінімізді біліңіз» деген. Ғибадатханаға қараушы ана Екатерина Иванюк өзі монастырь тағдырын кешті.
1937 жылғы тамызда оны тұтқындап, кейіннен ол ату жазасына кесілді, үкім сол күні орындалды. Оның жерленген жері белгісіз… Монастырь жабылғаннан кейін онда тұрған адамдардан ауыл шаруашылық артелі құрылды. Аштықпен күрес ұранымен шіркеулерді қирату Қасиетті Бұлақты айналып өткен жоқ. 1922 жылдың сәуірінде Қасиетті Бұлақтағы шіркеуден құнды заттар алынды, атап айтқанда, 24 фунтты 31 зат, 92 алтын бұйым (шамамен 10,2 келі). Знаменская шіркеуі және дұға оқитын орын соғысқа дейінгі жылдардағы есеп бойынша, 43 999 рубльге бағаланды. Олар бұзылып, ескі Семей бекінісіне әкелінді, кейіннен бейтаныс береулер жағып жібергенге дейін сол жерде жатты.

«1922 жылғы 8 сәуірдегі губерниялық атқарушы комитет Президиуымы отырысының хаттамасынан…
Артелдер бірнеше монах әйелдерден тұрады. Олар артел атын жамылып, контрреволюционерлік элементтерді жасырады, сондықтан осындай артелдерді ұстау мақсатсыз:
а). Қасиетті Бұлақтағы артел таратылсын.
б). Губерниялық земстволық мекемеге артел мүлкін губерниялық профкеңеске демалыс үйлері үшін беру ұсынылсын».
Шынымен, осы жерде 1922 жылғы 29 мамырда «Қызыл Бұлақ» атауымен демалыс үйі ашылды, алайда 1929 жылы бұрынғы Қасиетті Бұлақ ауданындағы жағалауды бұзу мәселесі көтеріледі және 24 қазанда рұқсат беріледі, рұқсат қағазында келесідей мәтін айтылды: «Техникалық тұрғыда, дұрыс көзқарас: Қызыл Бұлақтағы құрылысқа Ертіс өзенінің арнасынан асуы құлау қауіпін төндіріп тұр. Оны ауылға немесе Семей қаласына көшірудің мақсаттылығы жоқ. Біздің басты назарымыз жалғыз бағыт бойынша, бесжылдық жоспарды жүзеге асыруға бағытталғанда оған кез-келген адам қажетсіз қаражат және жұмыс күшін жұмасамайды.
Бізге, осы кезеңде, біздің материалдық құндылықтарымызды арттырмайтын құрылыстар, бұл жағдайда шіркеулер мен ғибадатханалардың пайдасыздығы үшін жұмысты тоқтатудың қажеті жоқ. Құрылыс бақылау басқармасының инженері П.Дробинский».
Билік бұлақты өздері үшін пайдасыз деп ресми түрде мойындағанымен, бұрынғы монастырьға қатысты соңғы құжаттардың бірінде, 21 шілдеде Қасиетті Бұлаққа қажылық жасап, дұға оқуға рұқсат алуға қатысты өтініштердің бірінің жауабында келесі мазмұнда айтылған: «Қарар: Қасиетті Бұлақ деп аталатын жерде пионерлік лагерлер орналасқан және ол жерде балалар мен лагшерге қызмет көрсететін жұмысшылардан басқа бөтен ешкім жоқ, Облыстық атқарушы комитет рұқсат бере алмайды».
Қола дәуірі туралы естелік
- Бірақ қазіргі семейліктер Қасиетті Бұлаққа көп бармайды, – деді Павел Жуков, – бірақ олар монастырь және шіркеуді естерінен шығармайды. Бұрынғы монастырь диірменшісі Владимир Корнеевтің немересі бұрынғы монастырь орналасқан жерге балқарағай көшеттерін отырғызды. Осы балқарағай көшеттері қазіргі уақытта жемістерін беруде, балқарағайлар қарапайым емес, өзіндік құпиясы бар, жемісінің қызығын тиіндар көруде. Ағаштар туралы сөз қозғалса, 1740 жылы икона ілініп тұрған әйгілі терек қазіргі уақытта жоқ. Теректің қабыршықтары денсаулыққа пайдалы және ол армандарды орындайды деп сенген қажылыққа келушілер оны тамырымен талап әкеткен. Қазіргі уақытта Крест жорықтары жандануда, жыл сайын қатысушылардың саны артуда.
Бірнеше жыл жазғы маусымдарда монастырь орнында өз ісінің энтузиастары В.Колбиннің және А.Долгушевтің жетекшілігімен мектептердің археологиялық экспедициялары жұмыс істеуде. Бұлақ басындағы шатырдың орнласқан жері нақты анықталды (оның қазіргі орналасуы бастапқы орнатылған шатыр орнымен сәйкес келмейді, себебі Ертіс шамамен 80 метр жағаны шайып кеткен), монастырьдің жертөлелері табылды. Олардың қабырғалары жұмыртқа аралас әктас ерітіндісімен жасалған, ол өз кезегінде ғимараттың тұрақтылығын нығайтқан. Экспедиция қатысушыларын «Қасиетті Бұлақ» жазбасы бар Абалацкая иконасының бейнесі бейнеленген құмыраның фрагменті қызықтырды. Кейінірек, осындай тұтас құмыраны Жексенбілік собор келушілерінің бірі тарту етті. Қазіргі уақытта осындай шыны құмыралар қай жерде жасалды, қанша данада жасалғанын анықтау өлукетанушылар алдында тұрған басты мақсат.
Бұлақ суының емдік күшіне аздап тоқталсақ. Семей медициналық институтының негізін қалаушылардың бірі Сергей Бобов осы жерде шипажай салуды армандаған, алайда қаржылық қиындықтарға байланысты ол осы арманын жүзеге асыра алмады. Павел Жуковта жора-жолдастарымен бірге жергілікті СЭС қызметіне суға талдау жасау туралы тапсырыс берді, қорытындысы бойынша суда ешқандай артық ауыр металдар, қоспалар жоқ, сұйықтық таза деген сараптама алынды. Дегенмен, қала тұрғындарының айтуы бойынша, су құрамында азғантай болса да күміс қоспалары бар, міне осы қоспалар суға емдік қасиет береді.
- Жақында, күтпеген жерден, осы бұлақ маңайындағы жерлер қола дәуірінде мекенделгені белгілі болды, – деп қорытындылады Павел Жуков. – Археологиялық жәдігерлер осының дәлелі болды. Мүмкін, төрт мың жыл бұрын, адамдар осы жерде Қасиетті Бұлақ қайнарын ем қабылдау үшін қоныстанған болуы керек.
Әліде Қасиетті Бұлақ қайнарын, оның шығу тарихын зерттеу жалғасуда.
Semeynews.kz










