ШҚО-да балалардың 50%-дан астамы спортпен тегін айналысады
Мұндай мүмкіндікті Шығыс Қазақстан облысындағы спорт мектептері мен секциялары биыл игіліктенеді. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - елдің өркендеуінің берік негізі" атты Жолдауын талқылау барысында айтылды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Ол үшін өңірде 2025 жылға дейін облыстың жалпы білім беретін мектептерінде қосымша 3213 спорт секциясы ашылады. Ағымдағы жылы 22 мың баланы қамтитын 1268 секция ашылады.
Бұдан басқа, спорт секцияларын жан басына қаржыландыруға арналған мемлекеттік тапсырыс жүйесін енгізудің арқасында балаларды тарту бірнеше есеге артады.
“Осылайша, ағымдағы жылы балалар мен жасөспірімдердің 109 мыңы немесе жалпы санының 56,4% – ы дене шынықтырумен және спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алды. өткен жылы олардың саны 85 мың болды”, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Сондай-ақ, өңірде Жолдаудың міндеттеріне сәйкес спорттық инфрақұрылым кеңейтілуде. Өткен жылы 16 жаңа нысан пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы тағы 14 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде үстел теннисі орталығы, 11 Фок және 2 спорт модулі. Нәтижесінде тіпті шалғай елді мекендердегі балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік туады.
Бұдан басқа, жоғары жетістіктер спортын дамыту шеңберінде келесі жылдан бастап басым спорт түрлері бойынша жаттықтырушыларды оқыту жоспарлануда. Ол үшін шетелдік жаттықтырушы-консультанттар тартылатын болады.
Semeynews.kz