
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылғы 10 қыркүйекте ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ренат Унарбеков, ҚР ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін Шығыс Қазақстан облысы ПД Алтай ауданы полиция бөлімі кадр саясаты тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Әлия Нұрбекқызы Анаеваға табыс етті.
Еске сала кетейік, 12 тамызда сағат 07:45-те Алтай ауданының 102 арнасына Алтай аудандық полиция бөлімінің қызметкері полиция аға лейтенанты Әлия Анаева жұмысқа бара жатып, Курчатов көшесінде орналасқан ғимараттың 3-қабатынан секірмек болған азаматты байқағанын хабарлады. Ер азамат терезе алдына тізерлеп шығып, қазір секіремін деп айқайлаған.
Әлия Анаева ер адамның назарын аударып, оны тыныштандырып, кенет әрекеттер жасамауға көндіру шараларын қолдана бастады. Осы уақытта патрульдік полиция взводының қызметкерлері полиция аға лейтенанты Айхан Әуталипов және полиция кіші лейтенанты Қуат Байшоқов ғимарат ішіне еніп, құтқару операциясын жалғастырды. Қ.Байшоқов ер адамды терезе алдынан алыстауға көндіре бастаған, ер адамның назар аударғанын пайдаланған әріптесі А.Әуталипов, оның қолынан ұстап алып, терезе алдынан түсіріп бөлме ішіне кіргізді.
Semeynews.kz