Семей сынақ полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай ІХ Халықаралық конференция өтті
Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жыл толуына орай Курчатов қаласында 7 – 9 қыркүйек аралығында ҚР Ұлттық ядролық орталығы базасында «Семей сынақ полигоны: ғылыми-техникалық потенциалдың даму перспективасы мен мұрасы» атты ІХ Халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты конференция «онлайн» форматта жүргізілде. Конференцияға 20 астам елдің жетекші мамандары қатысты.
- Осы конференция қатысушыларға пайдалы болып, өз жемісін береді деп ойлаймын. Олар бейбіт атомды пайдалану және ядролық қарудың таралмауы саласындағы пікірлерімен және тәжірибелерімен алмасты. Сондай-ақ, бұл ескертулердің барлығы келешекте атом энергетикасы, радиоэколоия, термоядролық технология және басқа да салалардағы жаңа ашылулардың негізі болады деп үміттенемін, – деп атап өтті ҰЯО РМК Бас директоры Эрлан Батырбеков.
Конференцияда полигонның жабылуының 30 жылдығы ҚР Ұлттық ядролық орталығының құрылу тарихымен тығыз байланысты. Ұлттық ядролық орталығы осы жылдар ішінде бірқатар халықаралық қауымдастықпен бірлесе отырып бұрынғы полигон аумағын қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша ғылыми-техникалық және инженерлік жұмыстар жүргізді. Бүгін бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағы КСРО әскери-өндірістік кешеннің инфроқұрылымының ядролық қызметінің салдарынан толықтай тазартылды деп айта аламыз. Ал полигон, әскери қауіп көзінен ғылыми зерттеу нысанына айналды. Осы уақыт аралығында Қазақстан алдарына «ядролық қарусыз әлем» деген ортақ мақсат қойған шет елдермен берік байланыс орнатты.
- 1991 жылғы 29 тамыз шын мәнінде тарихи күнге айналды. Тұңыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың шешімі адамзат тарихының болашақ бағытын мәңгілікке өзгертті. Қазақстан мен Жапония арасында тығыз байланыс орнатудың ерекше себебі бар, екі ел бірдей ядролық қарудың зардабы тигізген азап пен зиянды біледі. 1993 жылы Қазақстан және Жапония ядролық қаруды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды және жапон-қазақстандық комитет құрды. Ауруларды емдеуде қажетті тәжірибелері бар жапондық мамандар бірнеше жыл көлемінде Қазақстандағы ядролық сәуле салдарынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуде. Бұл ретте еліміздегі медицина болашағына жауапты кадрларды дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі уақытта Қазақстанда осы салада көптеген көрнекті кадрлар дайындалды және бұл дәстүр әлі де жалғасын табуда. Биылғы жылы Нагасаки университетінде медициналық сақтандыру саласы бойынша 4 магистрант және 2 докторант білім алатын болады. Семей ядролық полигонындағы өзара әрекеттестік, екі ел арасындағы игілікті ынтымақтастық тарихындағы алғашқы қадам болды. Ал Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір, болашақ ұрпаққа еске салатын символына айналды. Бізден бұрынғы аға буынның ізін жалғастыра отырып, біз кез келген қиындықты жеңу міндетін есте сақтауымыз керек және біздің биік мұратымыз – ядролық қарусыз әлемге қадам басуымыз керек, – деп атап өтті Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада.
Биылғы жылы аталып өтудегі сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығы – ядролық сынақтарды тоқтатуды жан-жақты қамтитын халықаралық күрес ісінде шын мәнінде маңызды оқиға. Бүгін Қазақстан Ресеймен тығыз байланыста. Екі елде бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді, ал ғалымдар бейбіт атом саласында үйлестірілген жұмыстар жүргізуде.
- Полигон КСРО мен АҚШ арасында ядролық қаруға бақылау саласындағы конструктивті ынтымақтастық дамыған жағдайда жабылды. Сынаққа мораторий Кеңес Одағымен 1989 жылы енгізілді, ал екі жыл өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей сынақ полигонын жабу және аумақты қалпына келтіру туралы Жарлыққа қол қойды. Ресей, Қазақстан және АҚШ арасындағы үшжақты келісімге сәйкес Семей полигонында көлемді жұмыстар жүргізілді. Бүгінде Ресей мен Қазақстан бейбіт атом саласында ынтымақтастықты жалғастыруда. «РосАтом» мемлекеттік корпорациясы және «ҚазАтомПром» ұлттық атом компаниясы желілері бойынша бірлескен кәсіпорындар бар. Ғалымдардың жұмыстары жолға қойылған. Бұл тұрғыда бейбіт атомның артықшылықтарын айтпай кетуге болмайды. Ядролық энергия экологиялық таза және қауіпсіз. Энергия тұтынудың артуы аясында ол заманауи талаптарға барынша сәйкес келеді. Өкінішке орай, жершарымыздағы ядролық сынақтарды біржола тоқтатуға және әлемнің барлық аймақтарын ядролық қаруға байланысты қауіп-қатерден құтқаруға арналған маңызды және тиімді халықаралық бастамалар мен келісімдер кейбір ядролық державалармен іс жүзінде тежелуде. Осыған байланысты ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы келісім, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы келісім және кепілдік туралы хаттама күшіне енген жоқ. Ресейдің және АҚШ-тың Президенттері, Владимир Путин және Джо Байден, 16 маусымда Женевада өткен саммитте ядролық соғыс басталмауы керек, өйткені онда жеңімпаздар болмайды деген маңызды саяси мәлімдемені растады. Осы конференция ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға және атомды бейбіт мақсатта пайдалануға өз үлесін қосады және осы салада халықаралық ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді деп есептейміз, – деді Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин.
Semeynews.kz