
ШҚО баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 26 тамызда таңертең үйінен жұмысқа кетіп, алайда жұмысқа жетпей, хабар-ошарсыз кеткен қалалық әкімдіктің қызметкері туралы жаңалық ШҚО Риддер қаласының тұрғындарын дүрліктірді. Ұялы телефоны өшірулі болды, жоғалған әйелдің 8 жастан 11 жасқа дейінгі үш баласы бар.
Кешке қарай орман алқабын тексеру барысында, жоғалып кеткен адам әдетте уақытын қысқарту үшін жұмысқа баратын “төте” жолдардың бойында, зорлықпен өлтірілген, тұншығу және бірнеше пышақ жарақаттарымен оның мәйіті табылды. Оқиға орнына облыс орталығынан полиция департаментінің, прокуратураның басшылығы, сондай-ақ криминалдық полиция қызметкерлері дереу жетті.
Бірнеше күннен кейін жедел уәкілдер осы қанды қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын бірнеше рет сотты болған 34 жастағы ер адам болып шықты. Ол жауап алу кезінде қылмысқа бару себебі оңай олжаға кенелу екенін айтты. Ол орман алқабынан өтіп бара жатқанда, әйелден күміс бұйымдар мен қолына қысқан сөмкесін көрген.
- 6 күн бойы жедел-тергеу іс-шаралары тәулік бойы жүргізілді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды, оның әрекеттері ҚР ҚК-нің 99 және 192-баптары бойынша сараланады, олардың санкциялары 20 жылға дейін жазаны немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздейді, – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қазіргі уақытта анасынан қалған жас балалар жақын туыстарына қамқорлыққа берілді, жергілікті атқарушы органдар қажетті көмек көрсетуде.
Semeynews.kz