ШҚОҚоғамМерекеТОПШҚО

ШҚО-да Конституция күніне орай 250-ден астам іс-шара өтті

Қазақстанда Конституция күні атап өтілуде, деп хабарлайды Semeynews.kz.

ҚР Конституциясы қабылданғанына 26 жыл толды. Еліміздің Ата Заңы 1995 жылғы 30 тамызда жалпы референдумда қабылданды.
Бүгін, Конституция күні еліміздің түкпір-түкпірінде атап өтілді. Шығыс Қазақстанда 250-ден астам іс-шара өтті. Шығыс Қазақстан әкімі Даниал Ахметов шығысқазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтады:

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Конституция – ел дамуының жүйелі негіздерін айқындайтын құжат. Ол бостандық, бірлік, экономикалық әл-ауқат, таңдау құқығы, еңбек құқығы, діни сенім құқығы және тағы басқа да салауатты және табысты қоғамның негізгі құндылықтарын қамтиды.

Конституция елімізді дамытудың тура жолын айқындап, халқымыздың бірлігін бекемдеді. Мемлекетіміздің басты құжаты ел тәуелсіздігін қалыптастыруда үлкен рөл атқарып, құқықтық және демократиялық қоғамның негізін қалауға өлшеусіз үлес қосты.

Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінде әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы өркениетті мүшесі ретінде танылды. Саяси-экономикалық жүйеде лайықты орынға ие болдық.
Осының бастауында Қазақстан Республикасының Конституциясы тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұдан былай да Ата заңымыз егемен еліміздің абыройын арттыратын, халықтың құқығы мен бостандығына кепіл құжат ретінде игілігімізге жарайтынына сенімдімін.

Құрметті отандастар, сіздерді Конституция күнімен құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Абай ауданы Қарауыл ауылында 22 көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және жетім балаларға көптен күткен пәтерлердің кілттері табысталды. Саржал ауылында 120 орынға арналған ясли-бақша ашылды. Сонымен қатар, Саржал және Көкбай ауылдық округтерінде «Ашық әкімдік» фронт-кеңселері ашылды. Осындай фронт-кеңселер Ұлан ауданының Таврия ауылында да ашылды.
Тарбағатай ауданы Құмкөл ауылындағы Сасан би атындағы орта мектепте Тұрсынғали Досанұлы атындағы күрес залы және қыз балалар үшін, заманауи жабдықтармен жабдықталған технология кабинеті ашылды.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-да, ҚР Конституциялық Кеңестің қатысуымен онлайн режимде «Қазақстан Республикасының Конституциясы: заңдылықтың және мемлекеттің тәуелсіздігінің кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында, ҰБТ 70 баллдан жоғарғы сертификаттары бар, осы ЖОО-ң «Құқықтану» мамандығына оқуға тапсырған абитуриенттер арасында өткен «Тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы» /«Главный закон независимого Казахстана» онлайн-викторинасының жеңімпаздары марапатталды. Викторина жеңімпазы, Алтай қаласынан келген Айдана Нұрқасыноваға жоғарғы оқу орнының ректоры университетте білім алуға арналған білім грантының сертификатын табыстады.
Сонымен қатар Өскеменде «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шығыс Қазахстан облысының басты жетістіктері» атты дөңгелек үстел, Конституция күніне арналған концерт, «Қазақстан Республикасының Конституциясы: заңдылықтың және мемлекеттің тәуелсіздігінің кепілі» атты дөңгелек үстел және челленд өтті, челлендж барысында жастар белсенділері қала тұрғындарына ҚР Конституциясын таратты.
Семейде Конституция күніне орай орталық қалалық кітапханада кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button