ҚазақстанҚоғамОқиғаТОП

Біз алданып қалдық, әскерилердің бәрі қашып кетті: Жамбыл облысында зардап шеккен өрт сөндіруші жарылыстың қалай болғаны жайлы айтты (видео)

Журналист Ирина Советжанқызы Жамбыл облысындағы жарылыстан аман қалған жігіттің сұхбатын жариялады. Зардап шегушінің айтуынша, ол оқиға орнында жарылыс болатынын білмеген.

Алмаз есімді өрт сөндіруші Жамбыл облысындағы жарылыстың  қалай болғанын айтты. Айтуынша, өрт сөндірушілері оқиға орнында жарылыс болу қаупі барын білмеген.

“Бізге басшылығымыз бұйрық берді. Басшыларымыздың өзі де алданды. Ол жерде жарылыс болатынын білсек, өлсек те бармас едік. Біз барғанда әскерилер жүрді. Бірақ бәрі қорқып тұрғандай болды. Бәрі топтасты да кетіп қалды. Жарылыс болмай ма деп сұрағанда “жоқ, жарылатын ешнәрсе жоқ” деді. Әскерилердің бәрі қашып кетті. Біз алданып қалдық. Үлкен полковник азаматтың өзі “жарылыс болмайды, қорқынышты емес” деп өзі кері шегіне бастады. Біз камазда болғанбыз. Жарылысты көзіммен көрдім. Жарылыс болғанда камаздың артқы жағына бәрімізді шайып шығарды.

Қарауыл басшысы мені сүйреп бір тасаға әкелді. Кейін тағы біреуін әкелді. Сөйтіп бәрімізді бір жерге жинады. Менің екі көзім де көрмей қалды. Қолым сынып кетті. У-шуда бір-бірімізден ажырап қалдық. Мен әркімнен бір көмек сұрап сыртқа қарай шықтым. Біз алдандық. Жарылатын зат жоқ екен деп сендік. Біз өрт сөндіре бастағанда оқтар ақырындап атыла бастаған еді. Сосын басшымыз күдіктене бастады. “Бір шикілік бар секілді. Ақырындап артқа шегінейік” деді. Сол кезде жарылыс болды”, – деді зардап шегуші.

“Полковник жарылмайды деді де, өзі шегіне бастады”. Алмаз — жарылыстан құдай сақтап, аман қалған өрт сөндіруші. “Жарылатын зат жоқ деп басшыларымызға айтты, олар да алданып қалған сияқты. Ал, әскерилер шегіне бастаған. Жарылыстан аман қалғандар, жақындарына өздеріне өрт шыққан жердің қару қоймасы екені ескертілмегенін, әскерилердің көбі өрт басталғанда кетіп қалғанын айтқан”, – деп жазды Ирина Советжанқызы.

Айта кетейік, Жамбыл облысында жарылыс кезінде қаза тапқандар саны 14-ке жетті.

Тараз тұрғындары Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан көз жұмғандарды еске алып, аудандағы өрт сөндіру бөлімінің алдына гүл шоқтарын қойды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button