
1991 жылғы 29 тамыз. Бұл датаны біздің көпшілігіміз естен шығара бастадық. Дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.
Полигон Ертіс өзенінің сол жағалауында, Семейден солтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Полигонға үш облыстың жері кірді: Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан), Павлодар және Қарағанды. 18 500 шаршы шақырымдағы пайдалы қазбаларға бай, құнарлы жер полигон үлесіне берілді.
Семей ядролық сынақ полигонындағы алғашқы ядролық қаруды сынау 1949 жылғы 29 тамызда болды. Жарылыс жерден 30 метр биіктікте жарылды, оның қуаттылығы 20 килотоннды құрады. Жарылыс Хиросима мен Нагасакиге тасталған ядролық бомбамен теңеседі.
Полигонның жарылыстар екі кезеңде жүргізілді: ашық сынақ (жерде және ауада) және жерасты. 1949 – 1963 жылдары 138 ауадағы және 28 жердегі ядролық жарылыстар жүргізілді. 1963 жылы 10 қазанда КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында ядролық сынақтарды үш ортада (ауада, космоста және су астында) жүргізуге болмайтыны туралы Мәскеуде қол қойған Халықаралық келісім күшіне енгеннен кейін, полигонда тек жер асты жарылыстары жүргізілді.
Ядролық сынақтардың шыңы 1961-1962 жылдары болды. Екі жыл ішінде 68 ядролық жарылыс болды, тек 1961 жылдың қыркүйек айының өзінде 15 атомдық сынақ жүргізілді. 1964 – 1989 жылдар аралығында Семей полигонында 352 жерасты жарылысы болды, қуаттылығы 150 килотоннға жетті. Осылайша, Қазақстан аумағында болған барлық ядролық жарылыстардың жалпы суммарлық қуаттылығы 50 мегатоннан асты. Радиоактивті қалдықтар 1,7 млн. адам тұратын 304 мың шаршы шақырым аумаққа таралды. Семей облысы экологиялық апат аймағына айналды. Бүкіл аумақ жарылыс өнімдерімен ластанды, миллионнан астам адам түрлі диапазон дозасында радиация сәулесін алды.
Семей облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Ф.Абдыхалықованың хабарламасында Семей қаласында жүргізілген радиологиялық топтың өлшеу нәтижелері туралы ақпарат бар: «1965 жылғы 16 қаңтарда гамма-фонының жоғарлауы және радиоактивті жарылыс өнімдерінің қарқынды түсуі анықталды. Таңертеңгі сағат 10:30-да Ак.Павлов көшесіндегі және Комсомол даңғылындағы гамма-фон сағатына 1250 микрорентгенге теңесті, қалыпты гамма-фон сағатына 10-12 микрорентген. Келесі күндері гамма-фон біртіндеп төмендей бастады».
Сынақтардың табиғи жағдайлардың және адам денсаулығының өзгеруіне әсерін зерттеген көптеген ғылыми экспедициялардың қорытындылары, ядролық қаруды сынауды тоқтатудың орындылығын, полигонға іргелес аудандарды жабдықтауды және халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсартуды көрсеткен. Қазақстан КП Семей обкомының бірінші хатшысы М.Карпенконың 1962 жылғы 25 тамызда Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа жазған хатында: «Атомдық қаруды сынау полигонында қазіргі уақытта сериялық сынақтар жүргізілуде. Олар жоспарлағандай, қараша айына дейін созылады. Сынақ басталғаннан бері Бесқарағай, Абай, Ново-Покровка, Шар аудандарында және Семей қаласында радиоактивті ластану өсті. Осы жылдың 7 тамызына, 300-350 метр биіктікте жоспарланған жарылыс, өнімдегі ақауларға байланысты жердегі болып шықты, осының нәтижесінде жердегі шаң массасы атмосфераға көтерілді. Жел бағытының өзгеруіне байланысты көтерілген шаң-тозаң Семейде, Бесқарағай, Ново-Покровка, Шар аудандарында радиоактивті қалдықтардың пайда болуына әкелді. Алғашында радиоактивті ластанулар айтарлықтай жоғары болды. Мысалы, аталған аудандардан, ластанудан кейін бірден алынған астық сынамаларында, астық үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген радиоактивті ластану нормасынан 10-60 есе асатыны анықталды. Семей қаласы және аталған аудандар маңындағы ұзақ мерзімді сынақтардың өзі, тіпті қолайлы ауа-райы жағдайында да радиоактивтіліктің артуына әкеледі. Қала және аудан тұрғындары, сынақ салдарын біліп қана қоймай, тіпті оны көріп, сыртқы көріністерін сезінуде».
Жердегі сынақтарға тиым салынғанына қарамастан, 10-нан астам радиоактивті газдардың сыртқа шығу жағдайы орын алды. Солардың бірі – полигонның бір бұрышында көлемі 24 миллион кубометрлік, радиоактивті ыдырау өнімдерімен ластанған жасанды көл жасалды.
1989 жылы 12 ақпанда ұңғыманы жарылысқа дайындау технологиясын бұзу нәтижесінде, радиоактивті газдардың жер бетінен тағы бір шығуы орын алды. Сынақ эпиорталығынан 110 шықырым жерде 2 күннен кейін радиоактивті фон сағатына 4000 микрорентгенді құрады. Бұл оқиға Қазақстанда антиядролық қозғалыстың құрылуына түрткі болды. Қозғалысқа республикалық жазушылар Одағының төрағасы, ақын Олжас Сүлейменов жетекшілік. Дәл осы «Невада-Семей» қозғалысы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына, ядролық жарылыстан зардап шеккендердің денсаулықтарын оңалтуға және зиянды өтеп беруге үлкен ықпал жасады. Қозғалыс белсенділері Невада полигонындағы бұқаралық акцияға, Нью-Йоркте өткен митингке, КСРО, АҚШ және Ұлыбритания парламент мүшелерінің қатысуымен өткен форумдарға қатысып, 42 елдің 2000 мыңнан астам парламентарийлері қол қойған, ядролық сынақтарға тыйым салуды талап ету туралы ашық хат мәтінін ұсынды.
Қазақстанда Семей полигоны жабылғаннан кейін әлемнің төрт ірі полигондарында – Новая Земля (Ресей), Невада (АҚШ), Мороруа (Франция) және Лобнорда (ҚХР) ядролық қаруды сынауға мороторий жарияланды. Бұл жерде, қозғалыс жетекшісінің, белгілі қоғам қайраткері, ЮНЕСКОДАғы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Олжас Сүлейменовтың еңбегі зор. Көп жағдайда Олжас Сүлейменовтың беделінің арқасында қозғалыс Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар елімізден тыс жерлерде де қолдау тапты.
1991 жылғы 29 тамызда Семей жерінде ядролық жарылыстарды тоқтату үшін тартысты күрес сәтті аяқталды – Қазақстан Респбуликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы № 409 Жарлыққа қол қойылды.
Жыл сайын Семейде халықаралық ядролық форум өтеді. Семей қаласы «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының құрамына кіреді. Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
Биылғы жылы біз Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдық мерекесін атап өтудеміз. Аз уақыт өткен сияқты, дегенмен, осы уақыт ішінде айуандық қаруы мен олардың сынақтары туралы ата-аналарының әңгімесінен ғана білетін тұтас ұрпақ өсті. Бұл жас ұрпаққа еліміздің орасан зор аумағының мәңгілікке жоғалғанын түсіну қиын. Семей қаласының құрметті азаматы, суретші Александр Шевченко жазып өткендей: «Мен төрт жыл полигонда жұмыс жасадым. Күрекпен, қайламен жұмыс істедік. Өте ауыр болды. Бірақта ең алғаш үлкен «саңыраулықты» көргенде, «Біздің еліміз атом бомбасын жасады!» деп қуаныштан көзімізге жас алдық. Сынақтың зияндылығын контузиямен госпитальде жатқан уақытта, салдаттар мен жақын маңдағы ауыл тұрғындар өле бастағанда түсіндік. Осы трагедияны, мен, өскелең ұрпаққа ескерту ретінде өз туындыларымда бейнелеп көрсетудемін».
Ядролық қаруда қолданылатын химиялық заттардың ыдырауы, жүздеген жылжылдарға созылып, топырақты, ауаны және суды ластайды. Сондықтан, қырық жылға созылған сынақтан зардап шеккен аумақтарды оңалту еліміздегі басты міндеттердің бірі болып қала береді. Оны шешу үшін мемлекеттің және азаматтық қоғамның елеулі күш-жігері қажет.
Semeynews.kz