Семей медициналық университетінде XV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
Семей медициналық университетінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған «Экология. Радиация. Денсаулық» атты XV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 15 жылда алғаш рет конференция онлайн форматта жүргізілді.
Дәстүрге айналған конференцияға Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар таяу және алыс шетелдердің жетекші ғалымдары, дәрігерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Конференция Семей полигонында 40 жыл көлемінде болған сынақтардың салдарына, зардап шеккен аумақтағы тұрғындарды оңалту және аумақтағы экологиялық жағдайды жақсарту мәселелеріне арналды. Биылғы мерейтойлық жылы XV Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Жапония, Германия, Венгрия, Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасының және еліміздің жетекші ғалымдары қатысты.
- Радиациялық қауіпсіздік Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар әлем бойынша әлі де денсаулықтың өзекті мәселелерінің бірі болып табылатынын мойындауымыз керек. Жыл сайын атақты ғалымдар мен зерттеушілермен қатар, студенттік жастардың да қызығушылықтары артып келеді. Әрине, бұл біздің елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың арқасы. Осы конференция жас зерттеушілер үшін, радиациялық экология және қауіпсіздік мәселелерінде инновациялық шешімдер алаңы болады деп үміттенемін. Қазіргі кездегі басты міндет, дәрігерлер мен жас мамандарға мүмкіндік жасау және олардың радиациялық қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы жұмыстарын ынталандыру. Бұның негізгі кілті – еліміздегі, таяу және алыс шетелдердегі жетекші ғалымдардың бастарын қосу, тиімді байланыстар орнату. Жыл сайын мемлекетіміздің алға қойған мақсаттар ауқымы кеңейіп келеді. Оларды табысты шешу үшін бізге, тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы қойылған тапсырмаларды шешуге бар күш-жігерін салатын көптеген талантты, білімді, бастамашыл мамандар қажет, – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Конференция пленарлық отырыспен жалғасты. Онда Семей медициналық университеті ғалымдарының Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына қосқан үлестері, ұзақ жылдар бойы жүргізілген ядролық сынақтың салдары, зардап шеккен халықты оңалтудың өзекті мәселелері және аумақтағы экологиялық жағдайды жақсарту қаралды.
Конфренеция 5 негізгі секцияда өтті. Онда жетекші шетелдік және отандық ғалымдардың 50-ден астам баяндамалары ұсынылды. Кездесу барысында қатысушылар клиникалық медицина, диагностика және радиациялық, сондай-ақ экологиялық ластанған аумақтарда тұратын халықтың ауыруларын оңалтудың өзекті мәселелерін қарастырды.
Конференция соңында қорытынды пленарлық отырыс өтіп, секциялардағы жұмыс нәтижелері жарияланады және нәтижесі бойынша қабылданған Қарарға қол қойылады.
Semeynews.kz