ҚоғамСемейТәуелсіздікке 30 жылТОП
Семейде «Маңызды шешімдер кезеңі» атты көрме ашылды
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Маңызды шешімдер кезеңі» атты көрмесі қоры ашылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығын мерекелеудің Республикалық жоспары шеңберінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Semeynews.kz
- Бүгін, Ұлы Абай жерінде, қасиетті Семей өңірінде, біз Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған, «Маңызды шешімдер кезеңі» көрмесін ашып отырмыз. Бұл мерейтой Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен бірге атап өтілуі кездейсоқ емес. Нұрсұлтан Назарбаев, халық еркіне сүйеніп, Одақтық орталық талаптарына қайшы келіп, 1991 жылғы 29 тамызда полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды, міне, біздің Тәуелсіздігіміздің есептік нүктесі осыдан басталады. Қазақстан халқы ядролық қаруға «жоқ» деген нық пікірін білдірді, осылайша өзінің халықаралық саясаты принциптерінің бірін қалыптастырды. Бұл процессте қоғам қайраткері және ақын Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қозғалысы үлкен рөл атқарды. Осыдан кейін, сол кездері Ұлыбритания, Франция және Қытайды қосқанда суммарлық әлеуеттен асып түсетін төртінші қуатты ядролық қарудан өз еркімен бас тарту басталды. Семей жерінде ядролық сынақтар 40 жыл бойы, 1949 жылдан 1989 жылға дейін жүргізілді. Осы уақыт ішінде 456 жарылыс болды. Сынақтар ай сайын дерлік жүргізілген болып шықты. Сонымен қатар олардың суммарлық қуаттылығы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуаттылығынан 2500 есе артық. Бір жарым миллионнан астам адам радиацияға ұшырады. Біз бұл ұлттық трагедияның салдарын әлі де сезінеміз. Бүгінгі таңда Қазақстанда атомды бейбітшілік мақсатта пайдалану идеясы қарқынды жүргізілуде. 2017 жылы біздің еліміз МАГАТЭ мүше-елдері үшін ядролық отынды жеткізуді және оны сақтауды жүзеге асыратын МАГАТЭ халықаралық төмен байытылған уран банкін құрып, өз территориясына орналастырды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігері арқасында Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі мәртебесін сенімді түрде сақтауда. Еліміздің сіңірген еңбегі үшін, БҰҰ 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруға қарсы бастамаларды ілгерілету және халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Елбасының саясатын жалғастыруда. 2019 жылғы қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74 сессиясында мемлекет басшысы, ядролық қарудан азат әлем құру Қазақстанның басты мақсаты болып қала беретінін атап өтті. Бұл ұмтылыс қазақ халқының ұлттық болмысының ажырамас бөлігіне айналды. Осының бәрін біз, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және облыс әкімі Даниал Ахметовтың жеке қолдауы арқасында, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасымен ұййымдастырылған брифингте айтып көрсетуге тырыстық, – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
Экспозицияға Қазақстанның жаңа тарихының маңызды беттерін ашатын мұрағаттық материалдар кешені, Елбасы Кітапханасының қорындағы кітаптар мен экспонаттар қойылды. Көрмеде Тұңғыш Президенттің ядролық қарусыздандыру және ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесі үшін берілген халықаралық марапаттары ерекше орын алады. Сонымен қатар, Елбасының атомды бейбітшілік мақсатта пайдалану және жаһандық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету идеяларын насихаттау туралы мұрағаттық материалдары ұсынылды.
- Көрменің Семей қаласында ұсынылуы кездейсоқ емес. Тұңғыш Президенттің ядролық қаруға қарсы бастамалары мен тәуелсіздік тарихындағы маңызды оқиғалар қаламен және облыспен тығыз байланысты. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысы болды. Әрине, бұл жерде ядролық қарусыздану ұстанымын түбегейлі ұстанып, дәйекті түрде қорғай білген Елбасының рөлі ерекше екені сөзсіз. Көрме осы жүріп өткен үлкен жолдың, ұлттық трагедиядан атамды бейбіт өмірде пайдалануға дейінгі кезеңдерін көрсетеді. Осы ақпараттар, әсіресе, бейбітшілік пен келісімде өскен жас ұрпақ үшін пайдалы, – деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мухамедчинов көрменің салтанатты ашылу рәсімінде.
Қала тұрғындары мен қала қонақтары бірегей материалдармен, артефакттармен және Елбасы кітапханасының құжаттар жинағымен бір ай көлемінде таныса алады. Көрме 27 қыркүйекке дейін жалғасады.
Semeynews.kz