
Бұл жайлы университеттің оқу жылына дайындығы сөз етілген баспасөз брифингі барысында ШҚТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов мәлім етті.
«Қазіргі уақытта профессорлық оқытушылық құрам мен қызметкерлердің 98 пайызы вакцина алған. Студенттер арасында да екпе салдырғандар саны артып келеді. Осы ретте, еңбек ұжымы мен студенттерге түсіндіру жұмысы үнемі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ COVID-19 инфекциясына жылдам дайын болатын тестілер сатып алынған. Жаңа оқу жылында университетке Аshyq жүйесі арқылы немесе ПТР-сынаманың теріс нәтижесін аптасына 1 рет көрсету арқылы кіру талабы енгізілді», – дейді ол.
Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, екпе алған студенттердің оқу ақысына 5% жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ екпе салдырғандар арасында ақшалай ұтыс ойындары бірнеше рет өткізілді.
«Университетке шет мемлекеттерден келіп оқитын студенттерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мамандарымыз олармен байланысып, қандай форматта оқитындығына қатысты ақылдасуда. Егер осы жаққа келу мүмкіндігі болмаса, онда онлайн форматта білім алуға еш кедергі жоқ», – дейді академиялық қызмет жөніндегі проректор Жадыра Қоңырбаева.
Semeynews.kz