ҚоғамСемейТОП
Семейдің шеткі аумақтарының проблемалары бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды
Семей әкімі Бақытжан Байахметов қаланың шеткі аумақтары мен саяжай алқаптарының проблемалары жүйелі және кешенді түрдегі жоспарлы жұмысты қажет ететін маңызды мәселелердің бірі болып табылатынын атап өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.

- Қазіргі таңда, бұл аймақтардағы барлық мәселелерді біз білеміз және таныспыз. Оларды біртіндеп шешу мақсатында, менің орынбасарларым бастаған арнайы жұмыс тобы құрылды, топтың басты мақсаты тұрғындардың күрделенген мәселелерін шешуге арналған қысқа, орта және ұзақ мерзімдерді қамтитын жоспарлы түрдегі жұмысты жүзеге асыру. Біз шеткі аймақтарды дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын әзірлеу үстіндеміз. Қолда бар ақпараттарды ескере отырып, ол нақты тармақтармен толықтырылатын болады, – деп жазды қала әкімі әлеуметтік желілерде.
Шаһар басшысы хабарлауынша, бүгін оның тапсырмасы бойынша жұмыс тобының мүшелері Мирный саяжай алқаптары және Водный кентінің тұрғындарымен екі кездесу өткізді.
- Мирный тұрғындарының ең басты проблемасы бұл жарық мәселесі, себебі жарық тарату желілеріне ешкім қызмет көрсетпейді. Қазіргі уақытта сот шешімімен желілер тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына берілді, бұл бізге қалалық бюджет есебінен желілерді күту үшін қызмет көрсететін мекемені анықтау бойынша конкурстық рәсімдерді өткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті қала әкімі.
Қала әкімінің мәліметі бойынша, Водный кентінде сумен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру, мектеп пен балалар ойын алаңын салу сияқты бірқатар мәселелер бар.
- Кентте магистралды су құбыры желілері мен сорғы станциясы салынды. Кварталішілік сумен жабдықтау желілерінің құрылысына жобалық сметалық құжаттама әзірлеу жұмысы аяқталуға жақын. Әрі қарай, қаржыландыру мәселелері шешілгеннен кейін, жобаны іске асыру бойынша тиісті жұмыс басталады, – деп түсіндірді Б.Байахметов.
Сонымен қатар, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың тапсырмасы бойынша 600 орындық жаңа мектептің құрылысы үшін жыл соңына дейін типтік жобаны қолданыстағы жер телімімен байланыстыру аяқталады.
- Осыдан кейін, келесі жылы бюджеттік өтінім беріледі. Балалар ойын алаңы мен спорт алаңдарының құрылысына конкурстық рәсімдер жүргізілуде. 31 тамызда мердігерді анықтау жоспарланып отыр, содан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Әрине, біз барлық жұмысты жергілікті қоғам өкілдерінің пікірлерін ескере отырып жүргізетін боламыз, – деп қорытындылады қала әкімі.
Semeynews.kz