
Ағымдағы жылдың 17 тамызында полицияға Жарма ауданындағы шаруа қожалығының 54 жастағы басшысы 46 бастан тұратын жылқы табынын ұрланғаны туралы шағымданған. Табын иесінің айтуынша, қаскөйлер малдарды еркін жайылымынан ұрлап, белгісіз жаққа алып кеткен. Жылқыларын бір аптадан астам өз күштерімен іздеген, еш нәтиже бермеген.
Тәртіп сақшылары дереу іздеу шараларын ұйымдастырып, сол аумақты жақсы білетін қызметкерлер малды айдап кетуі мүмкін деген жерлердің барлығын қарастырған. Іздеу нәтижесінде бір табын жылқы жоғалды деген жерінен 20 шақырым жерден табылған. Белгілі болғандай, малды қараусыз қалдыру нәтижесінде жылқылар ұзаққа жайылып кеткен. Жоғалған малын тез арада тауып берген полицейлерге иесі алғысын білдіріп, алдағы уақытта жануарларды қараусыз қалдырмауға уәде берді.
Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл Ішкі істер органдарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өткен жөн. Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде облыс аумағында қылмыстың бұл түрі біршама қысқарған.
– Ағымдағы жылы мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке облыстың 52 тұрғыны тартылып, мал ұрлығымен айналысқан 7 қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолы кесілді, – деді Департамент бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Semeynews.kz