
Енді жыл сайын еліміздің барлық аймағында Абай күні аталып өтеді, рухани-ағартушылық іс-шаралар өткізіліп, Ұлы ақынның ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады, оның өлеңдерін оқу бойынша челлендждер ұйымдастырылады.
Өткен жылы ақынның 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Короновирус пандемиясына байланысты көптеген іс-шаралар онлайн форматта өткізілді.
Биылғы жылы, шектеу шараларына қарамастан, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметов, жазушы-абайтанушылар, ақындар және қоғам қайраткерлері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Әлеуметтік желілерде оның өлеңдері оқылып, күйлері тартылуда және Абай Құнанбайұлының қазақ мәдениетіне қосқан үлесі туралы ойларымен бөлісуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында, Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы деп атап өтті.
«Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.
Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет.
Мемлекет тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отыр.
Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ.
Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз.
Ұлы данышпан ұлттың рухани мәдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында.
Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек», – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Абайдың туған күні еліміздің барлық аумағында, тіпті шетелдерде аталып өтілуде.
Өзбекстанда Абай күніне арналған мерекелік шара өтті. Мұнда «Ұлы Абайдың шығармашылығы» атты кітап-иллюстрациялық көрмесі ұйымдастырылды. Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының Елшілігі оқырмандарға Абай қара сөздерінің өзбек тіліндегі аудармасын ұсынды.
Вьетнамда да Абайды құрметтейді және оның туындыларын сүйіп оқиды. Бұл жерде де 10 тамыз ерекше күн. Қазақстан елшілігінде шілде айының ортасында екі халық арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін вьетнамдық аудармашылар тобының жетекшісі – Доан Зань Нгиепуге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын табыстау салтанатты өткен.
Semey News