
ШҚО ПД баспасөз қызметі берген мәліметтер бойынша, 5 тамызда сағат 00:50-де Шемонаиха АПБ «102» жедел арнасына Первомай кентінің тұрғыны жүгініп, 30 жастағы азаматтық некедегі күйеуі өз-өзіне қол жұмсағысы келіп, пәтерінің 5-қабатынан секірмек ниетте тұрғанын хабарлаған.
- Первомай кенттік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Сайран Қалиев және жедел уәкіл Руслан Қойшыбаев КПБ қызметкерлері жедел жетті. Оқиға орнына жеткен полицейлер терезенің сыртында аяғын үйдің қабырғасына ғана тіреп, қолымен терезеден ұстап тұрған ер адамды көреді. Жағдайды көрген полиция қызметкерлерінің бірі ер адаммен келіссөз жүргізіп, оны пәтерге қайта кіргізу үшін темекі сұраған. Жасалған келіссөздердің нәтижесінде полиция қызметкері ер адамға жақындап, оны ұстап алып, қауіпсіз аумаққа шығарды, – деп түсіндірді баспасөз қызметінде.
Белгілі болғандай, жас жігіт мас күйінде болған, әйелімен жанжалдасу салдарын оны өзіне қол жұмсамақ болған.
Semey News