ҚоғамМәдениетСемейТОП

Абай мұрасы – қазақтың қазынасы

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күніне арнап Саягүл Семейхан фоторепортаж ұсынды, деп хабарлайды Semey News.

Абай шаңырағы 1940 жылы 16 қазанда Мұхтар Әуезовтің бастамасымен Бекбай Байысовтың үйінде ашылды. 1963 жылдары ескі ғимарат Роман Ершов деген орыс көпесінің үйінде орналасты. 1995 жылы 150 жылдықтың қарсаңында Абай музейі кең өріс алып, жаңа ғимарат салынып, келушілерге есігін айқара ашты. Ал, ақынның 175 жылдық мерейтойына орай музей күрделі жөндеуден өтті.
Абай музейінің алғашқы залы – «Абай жыл мезгілдері» деп аталады. Бұл жерде ақынның 1885 жылдары досы Долгополов тапсырған  тікелей жәдігерлері бар. Олар: айбалта, шоқпар, ағаш құты, қамыстан жасалған сыбызғы, ағаш ері, Абайдың нағашы атасы Тұрпанның ертоқымы, Абай тапсырған сандықша, күміспен көмкерілген кісе белдігі, тері торсығы. Кесене бойы айнала Абайдың табиғаттың 4 мезгіліне арнаған өлеңдеріне иллюстрация жасалған.

«Абайдың балалық шағы» залы – мұнда бала Абайдың бейнесін, әжесі Зере мен Байкөкше ақынды тамашалауға болады. Сонымен қатар, Абайдың шежіресі орналасқан. Заманиуи технологиямен жасақталған бұл бөлімде экран арқылы қазақ үйдің төрінен көлеңкелі театрды тамашалауға мүмкіндік берілген.
Ақынның тұлғалық қалыптасуына әсер еткен әкесі – Құнанбай. Оның нақты суреті сақталмаған. Мұнда Құнанбайдың құжатқа басқан мөрінің реконструкциясы көрсетілген. Күміс шамбы сол кездегі пайдаланған ақша түрі мен Қасиетті Құран-Кәрім кітабы лайықты орын тапқан. Сондай-ақ, Ағасұлтан дәрежесін дәлелдейтін мандаты да қойылған.
Абайдың медреседе оқыған кітаптары көрсетілген. Абайдың 1855-1859 жылдар аралығында 4 жыл Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде білім алғаны және оқыған кітаптары ұсынылған.
Бұл Абайдың Семейге келіп жүргендегі Әнияр Молдабайдың үйіндегі пайдаланған жеке заттары. Жиһаз түпнұсқа, таза қызыл ағаштан жасалған. Отырған орындығы, жұмыс үстелі, айнасы, кітап сөресі, сағатына дейін сақталған.
Абайдың шығармашылығы залында – шежірелі Шыңғыстау картасы, Жидебайдағы Абай музейінің макеті, медиа-зонада Абайдың әндерін тыңдауға болады.
Бұл Абайдың 1885 жылы тапсырған жәдігері  – таза қытай форфорынан жасалған құрсауланған кесе. Жидебай-Семей арасына қатынаған Абайдың тарантасының көшермесі орналасқан.
Абайдың ақындық мектебі залында – ақын-шәкірттеріне талдау жасалған. Бұл жерде ақынның өз ұлдары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл орналасқан. Ақылбайдың аудармаға жүйріктігі, Мағауияның сүйікті ұлы болғаны, Тұрағұлдың Әкем Абай туралы естелігі көрініс тапқан.
Бұл Абайдың отбасы залы. Мұнда ақынның отбасына қатысты толық мәлімет берілген. 1896 жылы түсірілген фотосуретке инсталяция жасалған. Мұнда Абайдың тікелей ұрпақтары туралы ақпарат берілген.
Абайдың есімін ұлықтауға арналған Абай мұрасы залында ақынға қатысты барлық мәлімет берілген. Мұнда 1940 жылы 95 жылдық мерейтой қарсаңында ашылған музейдің макеті көрсетілген.
Зерде кітабы – 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы Германияның Нюрнберг қаласында жасалған. Ерекшелігі –  елге елеулі азаматтар тілек-ниеттерін жазып қалдырады. Кітаптың сыртқы мұқабасы бұзау терісінен, қағазы көне технологиямен дайындалған.
Бұл Абай мұрасымен таныстыратын мультимедиялық зал. Мұнда ақынның әндері мен күйлері, шығармашылығы желісімен жазылған туындылар жайында мәлімет алуға болады. Абай Құнанбайұлының музыкалық шығармаларын танымал әншілердің орындауында тыңдап, ақын туралы түсірілген хабарларды, деректі және көркем фильмдерді, «Абай» операсы мен «Абай» пьесасын тамашалауға мүмкіндік жасалған.
«Ұлы ақын Абай ұлдарымен» туындысы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жасалған. Авторы мүсінші Нұрбол Қалиев. Ескерткіштің ұзындығы  – 5 метр.
«Өсиет» деп аталатын бөлмеде арнайы құрылғы арқылы Абайдың қарасөзінен үзінді беріледі.
Шәкәрім Құдайбердіұлы – 1858 жылы 11 шілдеде Кеңбұлақтың маңайында дүниеге келген. Абайдың немере інісі Шәкәрім 7 жасында әкеден жетім қалып, 10 жасқа дейін Құнанбайдың кейін Абайдың тәрбиесінде болады. Шәкәрімнің үш еңбегі: «Мұсылмандық шарт», «Түрік қырғыз қазақ хандарының шежіресі» және «Үш анығы» сақталған.
Бұл Абайдың Әйгерімге жасаған сыйлығы-күміс ертоқымы.
Semey News

Осы айдарда

Back to top button