ШҚО-да Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің 20 жылдығына орай фотокөрме ашылды
Өскеменде Шығыс Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аймағынан әкелінген бірегей фотосуреттер көрмесі өтуде, деп хабарлайды Semey News.
“Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жиырма жылдығы галереясы” фотокөрмесін Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкерлері бірлесіп дайындады.
Көрмеде парктің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімінің қызметкерлері дайындаған бірегей жүз фотожұмыс ұсынылды. Суреттер арқылы флора мен фаунаның қорғалатын нысандарын көруге және танысуға болады. Дала жұмыстары барысында түсірілген фотосуреттермен қатар, Алтай жоталарының биік таулы бөлігінде орнатылған фототұзақтармен жасалған кадрлар да ұсынылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме Катонқарағай саябағының 20 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.
– Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2001 жылы құрылды. Қазақстандағы ең ірі ерекше қорғалатын табиғи аумағы. Мұнда Көккөл сарқырамасы, “Рахман қайнарлары” жылу көздері, Берел қорғандары, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы және 643 мың гектардан астам әсем табиғат аумағында шоғырланған басқа да көптеген көрікті жерлер бар. Өңірде құстардың 300 түрі, өсімдіктердің мың түрі және сүтқоректілердің, бауырымен жорғалаушылардың, қосмекенділер мен балықтардың жүзден астам түрлері бар, – дейді Катонқарағай МҰТП бас директорының орынбасары Раушан Қырықбаева.
Көрмеде ұсынылған суреттер Катонқарағай паркінің сан алуандығын көрсетеді. Мұзтау шыңдарынан бастап Укока жазығына дейін, қорықтық территория тұрғындарын көрсетеді. Онда қар барысы, тырналар, алтай ұлары және көптеген басқа жануарлар бар. Сонымен қатар, суреттерде жәндіктер мен түрлі өсімдіктер бейнеленген – Қызыл кітапқа енген орхидеялардан, родиолдар, жәндіктермен қоректенетін жыртқыштардан бастап биік таулардан өсімдіктерге және саңырауқұлақтар мен таңқаларлық қыналарға дейін бейнелеген.
– Біз фотокөрменің ұйымдастырушылары ретінде Катонқарағай ұлттық саябағының әрбір фотосуретшісінің көзімен көрген табиғаттың сиқырлы сұлулығы мен ғажайып көрінісін барынша көрсетуді басты мақсат еттік.
Олардың суреттерінде – үлкен жартастар мен қарлы шыңдар, тұнық көлдер мен кемпірқосақ сарқырамалары, қайталанбас флора мен фауна, таңғажайып әсем көріністер бейнеленген. Барлықтарыңызды фотосуреттердің жылы және жанды энергетикасын сезініп, біздің ғажайып өлкемізге тағы да ғашық болуға шақырамыз, – дейді Пушкин атындағы облыстық кітапхананың директоры Бибігүл Шагиева.
Суреттер мен фотожұмыстар галереясын кітапхананың өлкетану топтамасынан алынған кітап көрмесі үйлесімді толықтырған. Ұсынылған басылымдар Шығыс Қазақстан облысының сан қырлы таңғажайып табиғатын жақсы танып-түсінуге көмектеседі.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі біздің өңірдің шығыс бөлігіндегі таулы аумақта орналасқан. Бірқатар халықаралық мәртебеге ие және “Катонқарағай” биосфералық резерваты (2014 жыл) және Катонқарағай ұлттық паркі мен Катун қорығы (Ресей) базасында құрылған “Үлкен Алтай” трансшекаралық биосфералық резерваты (2017 жыл) ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне қосылған.
“Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жиырма жылдық галереясы” фотокөрмесі Пушкин атындағы облыстық кітапханада бір ай бойы жалғасады.
Semey News