Әйелді қорғау – отбасын қорғау
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова онлайн форматта Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарының және қоғамдастықтардың өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Semey News.

Кездесуге 100-ден астам шығысқазақстандықтар қатысты. Іс-шара әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасындағы қорлық-зомбылықты болдырмау бойынша жоспарланған шараларды қоғамдық талқылау аясында өтті.
ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мухамедчинов облыста отбасын қолдау және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстарға қарсы әрекет бойынша қандай шаралар жүзеге асырылып жатқаны туралы ақпараттандырды.
Облыстағы барлық қалалар мен аудандарда көпбалалы аз қамтылған отбасылар мәселелері жөніндегі арнайы қоғамдық комиссия жұмыс жасауда. Бір жарым жыл ішінде олар 100-ден астам отырыс өткізіп, маңызды деген сұрақтарды қарастырды. Сонымен қатар облысымызда мекенжай әлеуметтік көмегіне мұқтаж отбасыларды анықтау жөнінде 300 учаскелік комиссия құрылды. Олардың құрамына көпбалалы аналардың лидерлері кіргізілді.
- Елімізде бірінші болып біздің облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының қоғамдық бірлестіктері тіркелді. Қазіргі уақытта олар тұрғындармен белсенді жұмыстар жүргізуде. Олардың ішінде Өскемен қаласындағы «Үйлесім», Семей қаласында «Ақ ұлпа аналар» бірлестіктері бар. Көпбалалы аналар қауымдастығымен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сомасы 6,6 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, облыстағы көпбала және аз қамтылған отбасылары бизнес-идеяларын дамыту гранттарын ұтып ала алады. Аталған санаттағы отбасыларға сомасы 211 млн теңгені құрайтын 363 грант берілді. Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасылары шағын несиелер алуда.
Азамат Мухамедчинов сөз барысында отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбын қозғап өтті. Полиция органдарында әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі инспекторлардың саны 6-дан 22-ге дейін артты. Жыл басынан бастап полиция қызметкерлері тұрмыстық салада тәртіп бұзған тұлғаларға қатысты бес мыңнан астам қорғау нұсқамаларын шығарды. Бұдан басқа, тәртіп бұзушыларға қатысты 880 ерекше талаптар белгіленді, 90% жағдайда алкоголь өнімдерін пайдалануға тыйым салынған.
- Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы тәртіп бұзушылықтар бойынша 2 411 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралар отбасылық-тұрмыстық қылмысты 20 пайызға төмендетті, – деп атап өтті А.Мухамедчинов.
Қауымдастық өкілдері де өз ұсыныстарын жеткізді.
Жанна Жибраева, 2008 жылдан бастап әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын жүзеге асырып келе жатқан «Семей қаласындағы отбасы Орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі, бұзақыларды қоғамдық және ұжымдық жиынға салу тәжірибесін жандандыру қажеттігіне назар аударды.
- Бақылау жүйелі түрде, жағдай түпкілікті түзелгенге дейін жүргізілуі тиіс. Бізге зорлық-зомбылық фактілерінің мәлімдемесімен айналысудың қажеті жоқ, отбасын жарты жолда тастап кетпеуіміз керек, – деді Ж.Жибраева.
«Үйлесім» ҚБ жетекшісі, көпбалалы ана Жұлдыз Ақтанжанова әрқашан өз жұмысында «… мен елім үшін және халқым үшін не істей аламын» деген принципті ұстанатынын айтып өтті. Ол облыс аумағында және еліміздің өзге аймақтарындағы аналар ұйымдарына кеңестер беріп, өз тәжірибесімен бөліседі және Whats App мессенджерінде бірнеше топты жүргізеді. Жұлдыз Ақтажанова әртүрлі отбасылық жағдайларға біркелкі әрекет ету хаттамасын әзірлеуді, үнемі психолог мамандары мен сарапшылар ақыл-кеңес беріп отыратын ақпараттық-түсіндірмелік сайт ашуды ұсынды.
«Ұлағат» ҚБ жетекшісі Аяужан Ашимова, ең бастысы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жаңғырту деп есептейді. Сонымен қатар отбасында қорлық-зомбылық көрсеткендерге қатысты аяушылық болмау керек екенін және де осындай жағдай қайта орын алса заң алдында қатаң жазаға тарту қажет екенін атап өтті.
Кездесу барысында айтылған ұсыныстар «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобымен қарастырылатын болады.
Semey News