ШҚО жастар ресурстық орталығының қолдауымен акцияға ШҚО волонтерлерінің фронт-офисі, республикалық штаб және “Жасыл Ел” еңбек жасақтарының облыстық филиалы қатысты.
Еріктілердің айтуынша, бұл акцияның негізгі мақсаты – адамдарды Ертіс өзенінің бойындағы қалалар мен елді мекендердегі су арналарын тазартуға шақыру, экологияны жақсарту және жастарға табиғатты аялау керектігін көрсету, сондай-ақ, Birgemiz: Taza Álem волонтерлік бағытын дамыту болып табылады.
Акция Зайсан ауданында бастау алды. Алдағы күндері Күршім, Көкпекті, Катонқарағай, Ұлан, Глубокое, Шемонаиха, Бесқарағай, Алтай, Өскемен, Семей, Курчатов аудандарында жалғаспақ. Кейіннен Павлодар облысына, ал сол жерден Ресей Федерациясына жетпек.
Зайсан ауданында акцияның басталуы барысында іс-шараға 100-ден астам еріктілер мен “Жасыл Ел” жастар еңбек жасақтарының жауынгерлері қатысты.
– Халықаралық акцияның нәтижесінде үш ел арқылы өтетін Ертіс өзенінің бойында орналасқан қалалар мен елді мекендер бір мезгілде тазалық іс-шаралары өткізіліп, соның нәтижесінде өзендегі экологиялық жағдай жақсарады деп күтілуде. Сонымен қатар, біз өзеннің жағдайына назар аударғымыз келеді. Біз осы шараны ұйымдастыру арқылы, халықаралық достықтың арта түсуін қалаймыз, – дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Арайлым Есімбекова.
Semey News