ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көші-қон қызметімен жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрып жатқан адамдарды және сонау 1974 жылғы КСРО паспорттарын ауыстырмаған тұлғаларды анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Осындай тұлғалар жеке бастарын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты денсаулық сақтау, білім беру, тиісті жәрдемақы және зейнетақы алудан шектелген және ресми жұмысқа тұру мүмкіндіктерінен айырылған. Жыл басынан бастап КСРО-ның 1974 жылғы үлгісіндегі паспортымен тұрып жатқан 100-ден астам адам анықталды, олар Қазақстан Республикасының азаматтары деп танылды.
- Абай аудандық полиция бөліміне 52 жастағы Семей қаласының тумасы жүгінген. Ол сонау 80-ші жылдары Ресей Федерациясының Новосібір қаласына тұрақты өмір сүруге көшіп барып, сол жақта КСРО-ның 1974 жылғы үлгідегі паспортын рәсімдеген. 90-шы жылдары Қазақстанға қайта оралған, тұрмысқа шыққан, нәрестелі болған. Қазіргі уақытқа дейін өткен ғасырдың паспортымен өмір сүріп келген. Құжат алмастырудағы негізгі қиыншылық, ол паспортты Ресей Федерациясында рәсімдеген және Қазақстан Республикасының азаматтыңын растау үшін Ресейдің тиісті органынан растайтын құжат қажет болған, – дейді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Көші-қон қызметінің қызметкерлерімен көршілес елге тиісті сұрау-хаттар жолданып, ағымдағы жылдың 17 маусымында аталған азаматша қазақстандық паспортты алды.
- Ол өз кезегінде қызметкерлердің жеке басын куәландыруға қажетті құжаттарды жинаудағы көрсеткен көмектеріне алғысын білдірді. Енді ол азаматша өзге қазақстандықтармен тең дәрежеде барлық мемлекеттік қызметтерді пайдалана алады, – деді баспасөз қызметінде.
Осыған орай, түрлі себептер бойынша жеке бастарын куәландыратын құжаттары, жеке басы куәліктері жоқ азаматтарға тұрғылықты мекенжайлары бойынша көші-қон қызметіне жүгініп, ҚР азаматының немесе азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігін рәсімдеуді ұсынады.
Semey News