Семейде суға батып бара жатқан қызды құтқарған жасөспірім қайтыс болғаннан кейін марапатталды
Семейде өз өмірін ажалға тігіп, Ертіс өзеніне батып бара жатқан қызды құтқарып қалған Ашимжанов Нұржігіт Қуанышұлы қайтыс болғаннан кейін "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды, деп хабарлайды Semey News.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 29 шілдедегі бұйрығымен Ашимжанов Нұржігіт Қуанышұлы қайтыс болғаннан кейін “Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалімен марапатталды.
Семей қалалық ТЖ басқармасы бастығының міндеттерін атқарушы азаматтық қорғаныс подполковнигі Ернар Жалелов жасөспірімнің жақындарына көңіл айтып, ержүректік пен батылдықтың үлгісі болатын батыр ұл тәрбиелегендеріне алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 30 маусымда Нұржігіт өзінің достарымен бірге Ертіс жағалауында демалып жүріп, суға батып бара жатқан қызды байқаған. Көп ойланбай қызды құтқару үшін суға секірді. қыз балаға жүзіп келіп оны иірімнен алып шығып, оны жағаға итерді. Алайда, өзін су иірімінен алып шығуға бойында күші жетпеді. Оны куәгерлер естүссіз қалпында судан алып шықты. Жедел медициналық жәрдем бригадасы келіп Нұржігітке жансақтау шараларын жасады, бірақта оның өмірін алып қала алмады.
Semey News