ШҚО ҚАЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, түн ортасында колония қызметкеріне сотталғандар “Н” есімді сотталған азаматта эпилепсия ұстамасы басталғанын айтқан. Колонияның қызметкері жатақханаға жедел келіп, еденде жатқан азаматтың аузынан көбік ағып, денесі құрысып жатқанын көрген. Жас қызметкер, әділет сержанты Ақылбек Аубакиров жедел жәрдем келгенге дейін дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Эпилепсия ұстамасы болған азамат 55 жаста, ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.
– Мас күйімде көлік жүргізіп, азаматтардың өліміне әкеп соққан жол апатына ұшырадым. Өзім ауыр халде ауруханаға жеткізілдім. Осы оқиғадан кейін көптеген түрлі аурулар пайда болды, оның шінде эпилепсия ауыруы да пайда болды. Ақылбек Аубакировке көрсеткен көмегі үшін өте ризамын. Мен ауруханаға жеткізілген соң дәрігерлер маған уақытылы алғашқы көмек көрсетілгенін айтты. Кешіккенде басқа жағдай болатын еді. Осындай күтпеген жағдайларда не істеу керектігін білетін қызметкерлердің бар екені өте жақсы”, – деді сотталған.