
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 маусымда Қасым Қайсенов кентіндегі жер үй өртенген. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенше 1970 жылғы ер адамның денесінің 15%-ын күйік шалған. Ал мансардтық қабаттың терезесінен секіріп кеткен 1972 жылғы азамат түрлі жарақаттар алды. Сондай-ақ 1967 жылғы әйел 1 қабаттың терезесінен сыртқа шығып үлгерген. Жедел жәрдем қызметкерлерінің қарауынан кейін ол үйіне жіберілді. Зардап шеккендер бірден ауруханаға жеткізілді.
«Өрт сөндірушілер хабар түскеннен кейін 3 минут ішінде келіп, өртті сөндіруге кірісті. Жалпы ауданы 50 шаршы метрге жеткен қызыл жалын мансардтық қабат қабырғаларын, шатырды, терезе мен есік блоктарының ағаш құрылымдарын шарпыған. Көп ұзамай өрт толықтай өшірілді», – делінген хабарламада.
Өрттің шығу себебі – электр сымдарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан болып отыр.
Semey News