Берік УӘЛИ: «БАСТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫС МІНДЕТТІ ТҮРДЕ АЯҚТАЛУЫ КЕРЕК»

«SEMEI» телеарнасының директоры Нұрбек Бекен Абай облысының әкімі Берік Уәлимен сұхбатта осы мәселелерді көтерді. Әңгіме барысында өңірдегі ірі инвестициялық жобалар, Семейдегі тұрғын үйі құрылысына байланысты үлескерлердің мәселесі, ауылға қоныс аударған отбасыларға көрсетіліп жатқан қолдау жайлы сөз болды. Облыс әкімі мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатысты сынға да жауап беріп, уақыт белдеуі жөніндегі ұстанымын айтты.
– Берік Уәлиұлы, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялады. Құрылғанына төрт жыл болған Абай облысында құрылыс қарқыны қалай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында: «Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс»,- деп атап өтті. Бұл жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетін болды. Биылғы жылдың соңы мен 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет екені айтылды.
Президент айқындаған бұл басымдықтар Абай облысы үшін айрықша маңызды. Өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттер. Өңірімізде Бақты – Аягөз темір жол желісі, Семейдегі төрт жолақты көпір, ет өңдеу кешені, Аягөз ауданындағы Ақтоғай мыс балқыту зауыты секілді ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 35 миллиард теңге болатын 28 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Президентіміздің қолдауымен ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы қарқын алды. Облыс орталығында алғаш рет BINOM мектебі салынып жатыр. Бірнеше ауданда білім беру және денсаулық сақтау нысандары, жүзу бассейндері, спорт модульдері мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеруде.
Алдағы жылдары жаңа театр, облыстық аурухана және балалар ауруханасы салынады. Семейдегі Шугаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында жол айрығы салынып, Ертіс арқылы өтетін аспалы көпір күрделі жөндеуден өтеді. Біздің басты міндетіміз – әрбір жобаны сапалы жүзеге асырып, белгіленген мерзімде аяқтау. Құрылыс сапасы мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы тұрақты бақылауда болады.
– Жуырда «Семей» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Оның өңірге қандай пайдасы бар?
– Жаңа инвестициялық жобаларды орналастыру үшін өндірістік инфрақұрылымды кеңейтуге көңіл бөліп отырмыз. Инвесторлардың сұранысына орай, Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағы 96 гектардан 190 гектарға дейін кеңейтілді. Өндіріс орындарын ашуға сұраныс әлі де жоғары болғандықтан, жаңа өнеркәсіптік алаңдар қажет.
Үкімет ұсынысымызды қолдады. 7 қарашада Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Жаңасемей ауданындағы 600 гектар аумақта жоғары технологиялық өнеркәсіптік кешен құру жоспарланып отыр. Онда экспортқа бағдарланған кәсіпорындар да жұмыс істейтін болады.
Арнайы экономикалық аймақтағы жобаларға салынатын инвестиция көлемі 1,4 триллион теңге болады деп болжанып отыр. Жаңа кәсіпорындар іске қосылғанда 14 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады.
– Тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр? Жаңа үйлерді жылу және су желілеріне қосу мәселесі қалай шешіледі?
– Құрылыс көрсеткіші бойынша, 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысында ел өңірлері арасында 18-орында болсақ, биыл осы кезеңде 10-орынға көтерілдік. Былтырғы он айда облыстағы құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 226 миллиард теңгені құрады. Биыл бұл көрсеткіш 283 миллиард теңгеден асты.
Семейдің Қарағайлы ықшам ауданында жалпы ауданы 92,9 мың шаршы метр болатын 17 көп қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Бұл – 1 054 пәтер. Оның ішінде 13 үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын 342 пәтерлі төрт несиелік тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, жеке инвесторлар жалпы ауданы 80 мың шаршы метр болатын сегіз көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға берді. Тұрғын үйге сұраныс жоғары. Инфрақұрылым реттелсе, өз қаражатына үй салуға ниетті азаматтар бар. Мәселен, Қарағайлыда қазақстандық азаматтар Қытай компанияларымен бірлесіп, ірі тұрғын үй кешенінің құрылысын бастады.
– Ірі жобалардың іргетасын қалау рәсімдері жиі өтеді. Алайда кей нысанның құрылысы кешеуілдеп жатыр. Оның себебі неде?
– Иә, белгіленген мерзімінен кешігіп жатқан жекелеген жобалар бар. Мұны жасырмаймыз. Ірі нысанның құрылысы бірнеше кезеңнен тұрады. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді, инженерлік зерттеулер жүргізіледі, құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтеді. Жобаның күрделілігі мен техникалық ерекшеліктеріне қарай бұл жұмыстар қосымша уақыт алуы мүмкін.
Мысалы, Семейдегі футбол стадионында геологиялық зерттеулер нәтижесінде іргетасқа қатысты қосымша зерттеу жүргізу қажет болды. Құрылыс алаңында динамикалық зондтау жұмыстары жүргізіліп, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының қорытындысы қажет болды. Соның нәтижесінде шетелдік технология қолданылып, қада қағу жұмыстары қайта жанданды. Іргетасқа түсетін жүктеме жоғары болғандықтан, бұл әдіс Семейде алғаш рет қолданылып жатыр. Төрт мыңнан астам қада қағылады.
Іргетас қалау рәсімі инвестордың халық алдындағы жауапкершілігін білдіреді. Әрбір басталған құрылыс міндетті түрде соңына дейін жеткізілуі тиіс. Біздің міндетіміз – әр жобаны сапалы әрі қауіпсіз аяқтап, халықтың игілігіне беру. Іргетасы қаланған жобалардың бәрінде жұмыс жүріп жатыр.
– Семейде 17 көп қабатты үй заң бұзушылықпен салынып, оның тоғызы бойынша мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шыққан еді. Үлескерлердің мәселесі шешілді ме?
– 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында менің тапсырмаммен облыстағы үлескерлер мәселесі зерделенді. Сол 17 үйде 547 үлескер тұрып жатқаны және тоғыз үй бойынша мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі бар екені анықталды. Оған дейін орталыққа облыста үлескерлер мәселесі жоқ деген ақпарат беріліп келген.
Әкімдіктің құрылыс компанияларын заң бұзушылыққа байланысты сотқа бергені дұрыс. Бұл жерде құрылыс компанияларының жауапкершілігі үлкен. Сол үйлердегі пәтерлер неге сатылды, азаматтар ол жерде қанша уақыттан бері тұрып жатыр деген сауалдар толық зерделенбеген. Ал бұл көптеген отбасының тағдырына тікелей қатысты әлеуметтік мәселе еді.
Менің тапсырмаммен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы 17 үйдің құжаттарын зерттеді. Әр үйде қанша отбасы тұратынын, олардың қашан қоныстанғанын анықтап, ұсыныстарын берді. Ведомствоаралық комиссия құрып, мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей шештік. Қазір Абай облысында үлескерлер мәселесі жоқ деп айта аламыз.
– «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде қандай нысандар салынып жатыр?
– Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысы Достық үйін, Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын, Алматы қаласы Медиаорталық салып жатыр. Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Түркістан облысы Көрме орталығын салуда. Семейдің сол жағалауында Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын салып жатыр. Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын орнатуға кірісті. Бұл жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылған. Өз техникамызды, өз құрылыс өнімімізді пайдаланып жатырмыз.
Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Астана қаласы 1 500 орындық «Келешек» мектебін салып бермек. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандырады.
Акция аясындағы алғашқы екі нысанды жазда пайдалануға бердік. 10 тамызда, ұлы ақынның туған күнінде, Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы – Рәміздер алаңын аштық. 22 тамызда Батыс Қазақстан облысымен бірлесіп салған дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Акцияны ірі инвесторлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы 18 мың орындық стадион, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қарағайлыда инклюзивті спорт кешенін, «Самұрық-Қазына» Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Мирныйдағы кешеннің құрылысын желтоқсанда аяқтауды жоспарлап отырмыз.
«Қазақстан темір жолы» Аягөзде спорт кешенін салуға келісім берді. «ҚазМұнайГазбен» Семейдегі «Пищевик» стадионының жанынан Болашақ сарайын салу жөнінде келісімге келдік. «Қазатомөнеркәсіп» Семейде құны 2,5 миллиард теңге болатын спорт нысанын салып беретін болды.
– Бақты – Аягөз темір жол желісі, Семейдегі төрт жолақты көпір және Шақамандағы ет өңдеу зауытының құрылысы қалай жүріп жатыр?
– Бақты – Аягөз темір жол желісіне салынатын инвестицияның жалпы көлемі – 577,5 миллиард теңге. Мердігер – China Harbour Engineering Company. Былтыр 30 миллиард теңге, биылғы он айда 83,2 миллиард теңге инвестиция салынды. Ұзындығы 303 шақырым болатын жаңа желі Қытай шекарасын қолданыстағы Семей – Аягөз темір жолымен байланыстырады. Жоба бойынша, 11 жолайрық, 68 көпір және 355 су өткізу құрылысы салынады. Нысанды келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұл Достық пен Алтынкөлден кейінгі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші темір жол өткелі болады. Бағыттың өткізу қабілетін жылына 28 миллион тоннадан 48 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Абай облысы Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытындағы маңызды транзиттік торапқа айналады.
Семейдегі жаңа автокөлік көпірі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 30 қыркүйекте облысқа жасаған жұмыс сапарында берген тапсырмасына сәйкес салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 47,3 миллиард теңге. Қаржы тапшылығына байланысты құрылыс бір кезеңде тоқтап қалған еді. Биыл қаржыландыру мәселесі шешіліп, 19,9 миллиард теңге бөлінді.
Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген. Ұзындығы – 810 метр, ені – 23 метр. Тоғыз тіректің сегізі толық тұрғызылды. Соңғы, №4 тіректің құрылысы жүріп жатыр. Көпірге асфальт төсеу жұмыстары басталды. Шәкәрім және Тәңірбергенов көшелеріндегі көпірге кіреберіс жолдардың 560 метрі жаңғыртылып жатыр.
Жаңа көпір ашылған соң ол арқылы ауыр жүк көліктерін өткізіп, қоғамдық көліктің 11 бағытын жүргізу жоспарланған. Қазір бұл көліктер аспалы көпір арқылы өтеді. Көлік ағынының бір бөлігін жаңа бағытқа ауыстыруға дайындық аясында Абай көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысы қайта жаңғыртылды. Ескі көпірді жаяу жүргіншілерге пайдалануды жоспарлап отырмыз.
Шақаман ауылындағы «Eurasia Agro Semey» ет өңдеу зауытына 11 миллиард теңге инвестиция қарастырылған. Оның 7 миллиарды ауқымды жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында бөлінді. Қазір зауытқа жабдықтар жеткізіліп жатыр. Кәсіпорын жылына 11,4 мың тонна дайын өнім өндіруге есептелген. Өндірістік желілер бір ауысымда 100 бас ірі қара мен жылқыны және 1 000 бас ұсақ малды союға арналған. Шұжық цехы ауысымына 5 тонна, консерві цехы 12 тонна өнім шығара алады. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 250 жұмыс орны ашылады.
Тағы бір ірі жоба – Семейдегі жаңа жылу электр орталығы. «Самұрық-Энерго» мен Қазақстан-Сингапур консорциумы келісімге келді. Құрылысты биылғы төртінші тоқсанда бастау көзделген. Алдын ала есеп бойынша, станцияның электр қуаты кемінде 360 мегаватт, жобаның болжамды құны 714 миллиард теңге болады.
Курчатовта 700 мегаваттық электр станциясы салынып жатыр. Инвестиция көлемі – 759 миллиард теңге. 400 жұмыс орны құрылады.
– Алдағы уақытта облыста қандай әлеуметтік нысандар салынады?
– Семейде 300 төсек-орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 төсек-орындық облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Екі жоба да мемлекеттік сараптаманың бірінші кезеңінен өтуде. Қорытындыны 2026 жылдың төртінші тоқсанында алу жоспарланған. Екі аурухана да Ұшақтар кентіне іргелес, әуежайға баратын жолдың бойында орналасады.
Семейде 45 жылдан бері жаңа мәдениет ошағы салынбаған екен. Соңғысы – 1981 жылы бой көтерген Абай театры. Қазір онда үш ұжым жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынатын жаңа драма театрдың жобалау жұмыстары аяқталып, құжаттары мемлекеттік сараптамаға жолданды. Оң қорытындыны 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін алу жоспарланып отыр.
Облыста 6,3 мың оқушы орны жетіспейді. Оның 4,3 мыңы Семейге тиесілі. BI Group компаниясымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Семейде 1 400 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталды. Семей Астана мен Атыраудан кейін осы желінің мектебі ашылатын үшінші қала болады.
Қарағайлыда 400 орындық «Білім-инновация» лицейін салуға Инфрақұрылымдық даму қорынан 6,8 миллиард теңге бөлініп отыр. 4 қарашада жаңа ғимараттың іргетасы қаланды. Қазір лицей 1981 жылы салынған, 140 орынға есептелген ғимаратта жұмыс істейді. Онда 224 бала оқиды. Жыл сайын 600-ден 900-ге дейін өтініш түседі, 48 оқушы қабылданады. Жаңа ғимарат салынған соң қазіргі ғимаратты жөндеп, қыздар лицейіне айналдырамыз.
«Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы салатын 1 500 орындық мектептің жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Енді сараптамаға ұсынылады. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Ақсуатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 300 орындық мектеп салынады. Тағы екі мектепке қосымша ғимарат салынып жатыр.
– Өңірде жалпы құны 5,4 триллион теңге болатын 144 инвестициялық жоба бар. Жыл соңына дейін қай жобалар іске қосылады?
– 2025 жылы жалпы құны 2,2 триллион теңге болатын 29 инвестициялық жоба болса, қазір жалпы құны 5,4 триллион теңге болатын 144 жоба сүйемелденіп жатыр. Биыл 129,2 миллиард теңгенің 38 жобасын іске қосып, үш мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінге дейін 43 миллиард теңгенің 15 жобасы іске қосылып, 700-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін қалған 23 жобаны іске қосып, тағы 2,5 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.
Жарма ауданында құны 7,5 миллиард теңге болатын металл кендерін өндіру және байыту жобасы аясында 500 жұмыс орны ашылады. Семейде құны 4 миллиард теңге болатын өсімдік майын өндіретін зауытты іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын тәулігіне 500 тонна өнім өндіруге есептелген. Онда 50 жұмыс орны құрылады.
Өңірдің ұзақ мерзімді дамуы үшін Ақтоғай металлургиялық кешенінің маңызы зор. Мемлекет басшысы телекөпір арқылы кешеннің құрылысын бастауға рұқсат берді. Құны 800 миллиард теңгеден асатын зауыт жылына 314 мың тонна катодты мыс өндіруге есептелген. Іске қосылғанда 1 100-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Аягөз ауданындағы тағы бір ірі жоба – «Айдарлы» мыс кен орнын игеру және тау-кен байыту комбинатын салу. Инвестиция көлемі – 2,4 триллион теңге. Комбинат жылына 75 миллион тонна кен өңдеуге есептелген. 2,5 мың жұмыс орны құрылады. Алғашқы екі өндірістік желіні 2029 жылы, үшінші желіні 2030 жылы іске қосу көзделіп отыр.
– Инвестор тартуда қай қала мен аудандар алда келеді?
– Семей қаласы, Аягөз және Жарма аудандарының нәтижелерін атап өтуге болады. Өзге аудан әкімдеріне де осы өңірлердің тәжірибесінен үлгі алу керегін айтып жүрмін. Жұмысты бағалағанда, жобалардың санымен бірге, инвестиция көлемін, құрылатын жұмыс орындарын және жобалардың нақты іске асуын ескереміз.
– Семей мен Аягөз тұрғындары жылу мәселесін жыл сайын көтереді. Биыл қазандықтар мен тозған жылу желілерін жаңарту үшін қандай жұмыстар атқарылды?
– Биыл жылыту маусымына дайындық кезінде қазандықтарды жөндеуге және тозған жылу желілерін ауыстыруға басымдық бердік. Облыс бойынша 17 жылу көзінде жөндеу жүргізіліп, 56,4 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Жұмыстың басым бөлігі желілері едәуір тозған Семейде атқарылды.
Аягөзде былтыр «Орталық» қазандық жаңғыртылды. Соның нәтижесінде бұған дейін пеш жағып келген 28 екі қабатты тұрғын үй орталық жылуға қосылды. Биыл қалада төрт қазандық орнатылып, 960 метр жылу желісі салынды.
Семейде биыл алғаш рет жаз бойы ыстық су тұрақты берілді. Төрт жылу көзі арқылы 551 көп қабатты үйдегі 50 мыңға жуық абонент ыстық сумен қамтылды.
Кәріз жүйесін жаңарту жұмыстары да жүріп жатыр. Мұхамедханов көшесінде №28 мектептен Шмидт көшесіне дейінгі коллектор ауыстырылуда. «Ет комбинаты» коллекторында 5,4 шақырымнан астам құбыр жаңартылып жатыр. Қаланың ағынды суын тазарту жүйесіне жеткізетін №1 коллекторда да жұмыс жалғасуда.
– Семей тұрғындары жол жөндеу, аулаларды абаттандыру және қоғамдық көлік мәселелерін жиі көтереді. Биыл қалада қандай жұмыстар атқарылды?
– Жыл басынан бері 100-ден астам тұрғын үйдің ауласы абаттандырылды. Ойын алаңдары орнатылып, аулаішілік жолдарға асфальт төселді. Былтыр Семейдегі екі үлкен көпірдің асфальт жабыны толық ауыстырылып, қала орталығындағы айналма жолға да асфальт төселді.
Биыл Абай, Мичурин, Құнанбай, Лебаев, Жангелдин көшелерінде және Бейбітшілік аралына апаратын жолда жөндеу жүргізілді. Қажет жерлерде жол жиектастары ауыстырылып, тротуар салынды. Абай көшесінің 2,6 шақырымдық бөлігі он жылдан кейін қайта жөнделді. Жалпы қалыңдығы 13 сантиметр болатын екі қабат асфальт төселді. Абай көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысында оңға бұрылатын қосымша жолақтар жасалып, бағдаршамдар жаңартылды.
«Өлімнен де күшті» мемориалы маңындағы 10 мың шаршы метр аумақ абаттандырылып, автоматты суару құрылғысын сатып алу жоспарланған.
Қасбетін жөндеп, жарықтандыру жоспарланған 20 үйдің 19-ында жұмыс аяқталды. Водный, Бобровка және Ұшақтар кенттерін қоса алғанда, қалада төрт дене шынықтыру кешені пайдалануға берілді. Мирныйдағы спорт кешенін жыл соңына дейін ашуды жоспарлап отырмыз.
— Облыста жаңғырту жоспарланған он вокзалдың жетеуі пайдалануға берілді. Семей, Аягөз және Ақтоғай вокзалдарындағы жұмыс неге созылып кетті?
– Ауыл, Белағаш, Дегелең, Шар, Үшбиік, Жарма және Жалаңашкөл станцияларындағы вокзалдар жаңартылып, пайдалануға берілді. Семей, Аягөз және Ақтоғай станцияларында жұмыс жалғасып жатыр. Мердігер компанияның жұмысындағы кемшіліктерге байланысты мерзім созылды. Бастапқы кезеңде жобалық шешімдердің қайта қаралуы да құрылыс қарқынына әсер етті. Үш вокзалдағы жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Семей вокзалының бастапқы жобасында жолаушылардың бір платформадан екіншісіне қауіпсіз өтуіне арналған өткел қарастырылмаған еді. Біздің бастамамызбен бұл мәселе Көлік министрлігімен және «Қазақстан темір жолымен» келісіліп, өткел жобаға енгізілді. Қазір оның металл конструкциялары орнатылып жатыр.
Тұрғындардың өтініші бойынша, темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі де жобаға қосылды. Вокзал жағындағы іргетас жұмыстары аяқталды. Келесі кезеңде металл конструкциялар орнатылады. Көпірдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
— Семейдің Орталық алаңы қашан ашылады?
– Орталық алаңда негізгі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қазір мердігер төсемтас төсеп жатыр. Көктемде ағаш отырғызылып, субұрқақ іске қосылады. Жоспар бойынша алаң көктемде тұрғындардың игілігіне беріледі.
Жаңғырту жұмыстары 4,2 гектар аумақты қамтиды. Жаз бойы жер астындағы инженерлік желілер ретке келтірілді. Кәріз, автоматты суару, жауын суын бұру және электрмен жабдықтау жүйелері бойынша жұмыстар аяқталды. Жарықтандыру бағаналары орнатылып, субұрқақтың құрылымы дайындалды.
Көктемде 400-ден астам ағаш отырғызу көзделген. Жасыл желек алаң аумағының шамамен 30 пайызын қамтиды. Жобада субұрқақ, LED-экран, серуен жолдары мен демалыс орындары қарастырылған.
— Оқушылар сарайына қауіпсіз қатынауға арналған жаяу жүргіншілер өткелі қашан дайын болады?
– Сол жағалаудағы айналма жол айрығында жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып жатыр. Құрылыс қыркүйектің басында басталды. Іргетас пен тірек негіздерін бетондау жұмыстары аяқталды. Негізгі тіректер мен металл конструкцияларды монтаждау жұмыстарын 25 қарашада аяқтау көзделген. Одан кейін жарықтандыру жүйесі мен лифт орнатылады. Бұл жұмыстарды желтоқсанның басында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоба BI Group компаниясының демеушілігімен қалаға тарту ретінде жүзеге асырылып жатыр.
— Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс қаражаты әкімнің жеке имиджін ілгерілетуге жұмсалады деген сын бар. Бұған не айтасыз?
– Бұл пікірмен келіспеймін. Мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінетін қаражаттың көлемі бойынша еліміздің 20 өңірінің ішінде 16–17-орындамыз. Қаражаттың шамамен 65–70 пайызы жергілікті БАҚ-қа бөлінеді. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың мақсаты – тұрғындарға ақпарат жеткізу және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау.
Республикалық БАҚ-та соңғы уақытта жарияланған видеоларға бюджет қаражаты жұмсалған жоқ. Редакциялар бұл материалдарды облыс әкімдігінің парақшасынан немесе жергілікті БАҚ-тан алып, өз бастамасымен жариялап отыр.
— Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрап жүрген тұрғындар бар. Бұл мәселеге қатысты ұстанымыңыз қандай?
– Бұл мәселенің жерлестеріміз үшін маңызды екенін түсінемін. Бірі қазіргі уақытқа үйренгенін айтса, енді бірі бұрынғы уақытты қайтаруды сұрайды. Тұрғындардың пікірін ескеру қажет. Меніңше, бұл мәселені ел көлемінде қарастырған жөн. Ортақ уақыт мемлекеттік мекемелердің, банктердің, көлік пен байланыс салаларының жұмысын үйлестіруге және өңірлер арасындағы байланысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Өз басыма қазіргі уақыт қолайлы. Бұл мәселеде бүкіл елдің мүддесін ескерген маңызды деп ойлаймын.
— «Қаладан – ауылға» жобасымен көшіп келген отбасылардың ауылда тұрақтап қалуына қандай қолдау көрсетіледі? Жоба келесі жылы жалғаса ма?
– Биыл 20 ақпанда облыста 2026–2028 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» жобасын бастадық. Мақсатымыз – халқы азайған ауылдардың тіршілігін жандандыру, мектептерінің жабылып қалуына жол бермеу және өңірге қажетті мамандарды тарту.
Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіледі. Көшу шығынын өтеуге отбасының әр мүшесіне 302 750 теңге, баспана жалдау шығынын өтеуге жан басына 64 875–90 825 теңге қарастырылған. Баспана сатып алуға 7 028 125 теңгеге дейін тұрғын үй сертификаты беріледі. Жұмысқа орналасуға да жәрдем көрсетіледі.
Жыл соңына дейін 500 отбасын ауылға қоныстандыруды көздеген едік. Бұл межеге қазанның басында жеттік. Бүгінге дейін ауылдарға 1 716 адамнан тұратын 522 отбасы қоныстанды. Олардың 737-сі Семейден, 979-ы басқа облыстардан көшіп келді. Қоныс аударғандар арасында мұғалімдер, медицина қызметкерлері, ветеринарлар, механизаторлар және ауыл шаруашылығы мамандары бар. Мал өсіруге, өзге кәсіппен айналысуға ниетті азаматтар да келді. Жергілікті әкімдіктер қолдау көрсетіп отыр. Көп балалы отбасыларға фермерлердің демеушілігімен мал берілді. Кей аудандарда өсімдік шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтарға жер телімі ұсынылды. Бағдарламаны келесі жылы да жалғастырамыз.
— «Сана тазармай, қала тазармайды» деп тұрғындарды тазалыққа шақырып жүрсіз. Сенбілікке көбіне мемлекеттік мекеме қызметкерлері шығады. Тазалықты ортақ дағдыға қалай айналдырамыз?
– «Таза Қазақстан» – мемлекеттік бағдарлама. Мемлекет басшысы қалалар мен ауылдардың көркеюі, саябақтар мен аулалардың таза болуы, ең алдымен, өзімізге керек екенін атап өткен еді. Облыстың тазалығына әкімдік пен коммуналдық қызмет те, әрбір азамат пен әрбір отбасы да жауапты. Күнде жүретін көшелеріміз бен балаларымыз ойнайтын аулаларға өзіміз қамқорлықпен қарауымыз керек.
Ауылдардың тазалығын сақтап, абаттандыру үшін былтыр «Үлгілі ауыл» байқауын ұйымдастырдық. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша он аудандағы 20 ауылдық округке жаңа трактор бердік. Байқау биыл да жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін қорытындысын жариялап, жеңімпаздарға 20 трактор беру жоспарланып отыр.
— Биыл Алакөл жағалауын дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылды? Келесі жылдың жоспары қандай?
– Биыл Алакөл жағалауын дамытуға 16,9 миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталды. Қаржы жағалауды абаттандыруға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалды.
Жалпы құны 7,9 миллиард теңге болатын «Көктал» және «Алакөл» қосалқы станцияларын байланыстыру жобасы іске асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалды. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл жағалауды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жағалауды нығайту және серуен аймағын салу жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны – 15,1 миллиард теңге. Биыл Инфрақұрылымды дамыту қорынан 2 миллиард теңге бөлінді. Жоба аясында 3 018 метр жағалау нығайтылып, 2 991 метрлік серуен аймағы салынады.
Жағалаудағы жолдарды ағымдағы жөндеуге 449,9 миллион теңге қарастырылды. Қабанбай ауылының айналма жолын жаңғырту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін 224 бейнебақылау камерасы орнатылып, құтқару станциясы салынды.
Биыл алғаш рет «Алакөл алаулары – 2026» фестивалі өтті. 20 маусымнан бастап 15 концерт ұйымдастырылып, екі айға жуық уақытта фестивальға 75 мыңға жуық адам қатысты.
2027 жылы жағалауды нығайту жұмыстары жалғасады. Өрт сөндіру депосын аяқтау, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тазарту құрылыстары жобасын ілгерілету және қосымша коммуналдық жағажайлар ашу көзделіп отыр.
Сұхбаттасқан Нұрбек БЕКЕН, «SEMEI» телеарнасының директоры


