Аягөзде тұрғын үйлердің ауласы абаттандырылды

Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының орталығы Аягөз қаласындағы Ақтамберді көшесіндегі үш көп қабатты үйдің тұрғын үйдің ауласында жүргізілген абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Аталған аумақты жаңарту жұмыстары биылғы 1 қыркүйекте басталып, 10 қарашада толық аяқталды. Жоба тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға, балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыруға және ауланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Жоба аясында жалпы ауданы 3003 шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, 544 шаршы метр жерге брусчатка төселді. Сонымен қатар футбол, балалар ойын алаңдары, демалыс орындары жаңадан орнатылды.
Спорттық воркаут алаңы қайта жаңғыртылып, автокөлік тұрағы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аумақты кешкі уақытта жарықтандыру үшін сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Аймақ басшысы мұндай жобалар қаланың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Аумақта бұрын асфальт жабындысы болмаған, жауын-шашын кезінде батпаққа айналатын. Қазір аула толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай ойын және демалыс алаңдары салынды. Енді осы маңдағы бірнеше көп қабатты тұрғын үйдің балалары, іргелес орналасқан мектептің оқушылары осында келіп ойнайтын болады. Тұрғындар да аумақтың тазалығына көңіл бөліп, айналасын ретке келтіріп, ағаш отырғызса дейміз. Бұл ретте баршаңызды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырамын. Жаңартылған аула құтты болсын!, – деді Берік Уәли.
Тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын жеткізді.
Біздің аулада 39 жыл бойы жаңа ойын алаңы болмаған. Енді міне балаларымызға осындай заманауи әрі жайлы алаң салынды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Атқарылған жұмысқа өте ризамыз. Барлық тұрғындардың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді жергілікті тұрғындар.
Қазіргі таңда Аягөз қаласында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, саябақтарда гүлдер отырғызылып, жарық бағандары боялды, субұрқақтардың сорғылары ауыстырылды. Бұдан бөлек көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар ойын алаңдарын жаңарту және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар атқарылуда.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



