Абай облысыТОП

Абай облысында стратегиялық нысандарды күзететін әскери бөлімнің туған күні аталып өтті

Курчатов қаласында Ұлттық ұланның 3514 әскери бөлімінің құрылғанына 48 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойға орай қалалық мәдениет сарайында бас қосқан қонақтар әскери бөлімнің тарихына көз жүгіртіп, жауынгерлік дәстүрлері мен қызметтік жетістіктерін ұлықтады. Мемлекет үшін аса маңызды стратегиялық нысандарды күзететін әскери бөлімнің қалыптасу кезеңі 1977 жылғы 26 тамызда басталып, 1978 жылғы 28 қазанда аяқталған. Содан бері бөлім жеке құрамының басты міндеті – ел қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар нысандарды сенімді күзету. Мерейтойлық жиынға әскери қызмет ардагерлері, Курчатов қаласының әкімі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының өкілдері, өңірлік ішкі саясат бөлімінің мамандары және өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты. Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Әскери қызметшілер сап түзеп, елдің басты рәмізіне құрмет көрсетті. Іс-шара барысында әскери бөлімнің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагерлерге, офицерлер мен сарбаздарға ерекше құрмет көрсетілді. Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер Бас қолбасшылық пен өңірлік қолбасшылық атынан марапаттарға ие болды.

– Әскери бөлімнің 48 жылдық мерейтойында құрметті қонақ болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі мереке әскери бөлімнің абыройын асқақтатып, мерейін үстем етті. Әсіресе, қуанышымызды бөлісуге келген қонақтардың көптігі әскери бөлімнің өңірдегі қоғамдық ұйымдармен және жұртшылықпен тығыз байланыс орнатқанын көрсетеді, – деді Курчатов қаласы ішкі саясат бөлімінің бастығы Наталья Котова.

Бүгінде жарты ғасырға жуық тарихы бар әскери бөлім Қазақстанның стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. 1994 жылдан бастап бөлімнің жеке құрамы Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының нысандарын күзету міндетін атқарады.Сонымен қатар 2000 жылғы 29 шілдеде «Дегелең» аймағында Ұлттық ядролық орталық мамандары жүргізген жарылыс жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әскери бөлімнің әскери қызметшілері қатысты. Бұл – жеке құрамның кәсіби даярлығы мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды міндеттердің бірі.

Осы жылдар ішінде 3514 әскери бөлімі стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Әскери қызметшілердің табандылығы, кәсібилігі мен жауынгерлік дәстүрлерге адалдығы – бөлімнің басты жетістігі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button