Абай облысында киберқауіпсіздік бойынша өңірлік форум өтті

Семей қаласында Ұлттық киберқауіпсіздік айлығы аясында киберқауіпсіздік, цифрлық гигиена және дербес деректерді қорғау мәселелеріне арналған «Қауіпсіздікке қарай қадам» өңірлік форумы өтті.
Іс-шараны Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасы ұйымдастырды. Форумға Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің, мемлекеттік органдардың, білім беру саласының өкілдері, өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ «Abai IT Valley» технологиялық кластері, «Semey Hub» технопаркі және IT-колледж өкілдері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің заманауи киберқауіптер туралы хабардарлығын арттыру, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу.
Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Наурызбаевтың айтуынша, халықтың кибермәдениетін арттыру – цифрлық қауіпсіздік саласындағы маңызды бағыттардың бірі.
Цифрлық инфрақұрылымды қорғау тетіктері мен заңнаманы жетілдірумен қатар, халықтың кибермәдениетін арттыру да маңызды. Азаматтар қолданыстағы қауіптерді біліп, дербес деректерін қалай қорғау керектігін түсінуі қажет, – деді Бауыржан Наурызбаев.
Оның айтуынша, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар тегін цифрлық сервис пен білім беру ресурстары әзірленген.
Атап айтқанда, азаматтарға өз атына несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салуға мүмкіндік беретін «Стоп-кредит» сервисі қолжетімді. Сонымен қатар дипфейктер мен ықтимал қауіпті сілтемелерді анықтауға арналған цифрлық құралдар да қолданылады.
Электрондық үкімет порталында ЮНИСЕФ-пен бірлесіп әзірленген онлайн-курстар да бар. Олар балалар мен ата-аналарға арналған және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға, соның ішінде кибербуллингтің алдын алуға бағытталған.
Бұдан бөлек, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған цифрлық гигиена негіздері бойынша арнайы онлайн-курс әзірленген.
Қазақстанда қыркүйек айы Киберқауіпсіздік айлығы болып жарияланған. Айлық аясында еліміздің өңірлерінде киберқауіптер туралы халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған ақпараттық науқандар, ашық сабақтар, семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Кибермәдениет айлығы аясында цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және киберқауіптерге қарсы іс-қимыл тақырыптарына арналған республикалық бейнероликтер байқауы да өтуде.
Байқауға қатысушылар ұзақтығы 60 секундтан аспайтын қысқа бейнероликтер дайындауы тиіс. Жұмыстар 20 қыркүйекке дейін қабылданады. Іріктеу кезеңінен өткен финалистер Instagram желісіндегі дауыс беруге қатысып, оның қорытындысы бойынша алты жеңімпаз анықталады.



