Семейде төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды

Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары, коммуналдық мемлекеттік мекемелердің, аппарат пен дербес бөлімдердің басшылары, сондай-ақ инспекторлар қатысты.
Күн тәртібінде 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына тұрғын үй секторын дайындау, газбен жабдықтау жүйелері мен газ шаруашылығының қауіпсіздігі, 2026 жылғы шомылу маусымының қорытындылары, қысқы кезеңге тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен көлік инфрақұрылымын дайындау барысы және сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қаралды.
Отырыста алдымен жылыту маусымы қарсаңындағы тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне назар аударылды. 2026 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың есепке алынған тұрғын үйлерінің саны 1 238-ді құрайды. Өткен жылыту маусымында аталған санаттағы азаматтардың тұрғын үйлерін өрт сезгіштерімен қамту көрсеткіші 100%-ға жеткен. Биыл тізім қайта жаңартылып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен үш түтін сезгіші бөлінді.
Тұрғын үй секторындағы қауіпсіздік мәселесі газбен жабдықтау саласында да тұрақты бақылауда. Бүгінде Семей қаласында тұрғын үй секторын газбен жабдықтау қызметін сегіз ұйым жүзеге асырады. Биыл жоспардан тыс тексерулер аясында тоғыз көшпелі тексеру жүргізілді. Оның нәтижесінде екі қабаттан жоғары көппәтерлі тұрғын үйлерге газ баллондарын жеткізуге тыйым салу туралы хабарламалар берілді.
Қала аумағында су айдындарында жаппай демалуға арналған үш орын – «Заря», «Пристань», «Затон» жағажайлары белгіленген. Шомылу маусымы барысында тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері туралы 112 қызметі арқылы SMS-хабарламалар жолданып отырды. Сондай-ақ 665 рейдтік іс-шара өткізілді.
Отырыста алдағы қысқы кезеңге дайындық барысы талқыланды. Бүгінде 21 жылу көзінің 16-сы жұмысқа 100% дайын. Қалған бес жылу көзіндегі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Мамандардың мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстар жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастауға кедергі келтірмейді.
Қысқы кезеңге дайындық аясында көлік инфрақұрылымының жағдайына да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта қала көшелері мен автомобиль жолдарын күтіп-ұстау аумағы үш учаскеге – сол жағалау, орталық және оң жағалау бөліктеріне бөлінген. Мердігер ұйымдар қыс мезгілінде жолдарды уақтылы тазалау және күтіп-ұстау үшін арнайы техникаларын жаңартып, қажетті дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар жиында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Семей қаласында халықты қабылдайтын 81 пункт қарастырылған. Бұл пункттер төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыруға және алғашқы көмек көрсетуге арналған.
Отырыс қорытындысында қала әкімі жауапты мекемелерге тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтіп, жылыту маусымы мен қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ өрт және газ қауіпсіздігі, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмысы, жол инфрақұрылымының дайындығы мен төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.



