Семей

Семейдегі тұрғын үйлердің қасбеті бірыңғай үлгіде жаңартылып жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы қасбеті жаңартылып жатқан және жаңғыртудан өткен ғимараттарға барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аймақ басшысы Шәкәрім даңғылы, 35 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйде және Абай көшесі, 99 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратта болды. Аталған тұрғын үйде 116 пәтер бар. Қазір мұнда қасбетті термопанельдермен қаптау, балкондарды металлсайдингпен әрлеу, терезе жиектері мен сәндік кронштейндер орнату, жарықдиодты жарықтандыру құралдарын қою жұмыстары аяқталуға жақын.

Тұрғындар атқарылып жатқан жұмысқа ризашылықтарын жеткізді.

Қаламызда жақсы өзгерістердің болып жатқанын байқап жүрміз. Біздің үйіміз 1967 жылы соғыс ардагерлеріне арнап салынған болатын. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазір қасбеті заманауи қалыпқа келтіріліп жатқанына қуаныштымыз, – деді үй тұрғындары.

Ал Абай даңғылындағы әкімшілік ғимаратында Достық үйі және оған қарасты 20-дан астам мәдени бірлестік орналасқан. Бұл нысанда жөндеу жұмыстары толық аяталып, ғимарат жаңа кейіпке еніп отыр.

Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл облыс орталығындағы 20-дан астам ғимаратты жаңарту жоспарланған. Қазір 10 үйдің қасбеті толық жөнделіп, тағы 11 үйде жұмыс жалғасып жатыр.

Аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Облыс орталығындағы негізгі көшелердегі үйлердің қасбетін қалыпқа келтіру – маңызды жұмыстардың бірі. Сылап, бояп қойған бір басқа, осындай күрделі жөндеу жүргізудің жөні бөлек. Бұл қаланың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың ертеңгі күнге деген сенімін арттыратыны сөзсіз. Тұрғындар да өз аулаларын таза ұстап, сенбілік ұйымдастырып тұруы қажет. Жалпы, жөндеу жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғаса беретін боламыз. Тиісті қолдау көрсетеміз, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button