Сот ірі жер қойнауын пайдаланушымен болған дауда мемлекеттік кірістер органдарының ұстанымын қолдады

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты бағалы металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ірі кәсіпорынға қатысты Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген қосымша салық есептеулерінің заңдылығын растады.
Бұл туралы Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров хабарлады.
Оның айтуынша, кассациялық саты Департаменттің шағымын толық көлемде қанағаттандырып, төменгі сатыдағы соттардың салық төлеушінің талаптарын қанағаттандыру бөлігіндегі шешімдерінің күшін жойып, талап қоюды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдады.
2024 жылы мемлекеттік кірістер органдары кәсіпорынның 2021–2022 жылдардағы қызметіне кешенді салықтық тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша салықтар мен өсімпұлдар қосымша есептеліп, сондай-ақ бюджеттен қайтаруға мәлімделген қосылған құн салығының сомасы азайтылды. Жалпы есептелген сома 4,8 млрд теңгеден асты.
Қосымша есептеулерге алтынның жетіспеушілігі бойынша шығыстарды есепке алу кезінде, сондай-ақ шетелдік өзара байланысты компания көрсеткен консультациялық қызметтерге жұмсалған шығындарды шегерімдерге және есепке жатқызу кезінде анықталған салық заңнамасының бұзушылықтары негіз болды.
Істі қарау барысында Кассациялық сот мемлекеттік кірістер органдарының ұстанымын қолдап, салық органдарының салықтық бақылау шеңберінде ұсынылған құжаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін мәмілелерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен алдын ала жарамсыз деп танымай-ақ дербес бағалауға құқылы екенін растады.
Сот сондай-ақ шетелдік компанияның консультациялық қызметтерді нақты көрсеткенін растайтын жеткілікті дәлелдердің жоқ екенін көрсетті. Ұсынылған материалдарда орындалған жұмыстардың мазмұны, көлемі және нәтижелері туралы нақты мәліметтер болмаған. Осыған байланысты сот салық органының мәлімделген шығыстардың негізсіздігі туралы қорытындысымен келісті.
Бұдан бөлек, кассациялық саты алтынның жетіспеушілігін есепке алу мәселесі бойынша Департаменттің ұстанымын заңды деп танып, мұндай шығындар түгендеу аяқталып, жетіспеушілік фактісі анықталған салық кезеңінде есепке алынуы тиіс екенін атап өтті.
Істі қарау қорытындысы бойынша бюджетке жүргізілген есептеулердің заңдылығы толық көлемде расталды.
Кассациялық соттың бұл шешімі салықтық әкімшілендіру саласында бірыңғай сот практикасын қалыптастыру үшін маңызды мәнге ие. Сот салықтық есеп нақты шаруашылық операцияларға, олардың экономикалық негізділігіне және тиісті құжаттық растауға негізделуі тиіс екенін растады. Шегерімге жатқызылатын шығыстар табыс алуға бағытталған қызметпен тікелей байланысты болуы және сенімді құжаттармен расталуы қажет, – деп атап өтті Руслан Данияров.
Мемлекеттік кірістер департаментінде бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету, пайданы шығаруға бағытталған схемаларға қарсы іс-қимыл жасау және салықтық тәртіпті арттыру мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.



