Заң мен тәртіпСемейТОП

Ұландықтар Семейде баланы жазатайым жағдайдан сақтап қалды

Семей қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің сарбаздары жаңа шағын аудандардың бірінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алды.

Әуезов даңғылын патрульдеу кезінде әскери жасақ көпқабатты үйлердің бірінің үшінші қабатында ересектердің қарауынсыз ашық терезенің жанында тұрған кішкентай баланы байқады.

Әскери жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы қарамағындағы патрульші ефрейтор Бексұлтан Темірбеков және қатардағы жауынгер Әли Сағымбаевпен бірге баланың терезе алдында ойнап, жерге ұялы телефон мен кілттер лақтырғанын көреді.

Бұл жағдайдың қауіптілігін сезген әскери қызметшілер құлап кеткен жағдайда баланы қағып алуға үлгеру үшін терезе астына мұқият орнығады.

— Әріптестеріммен қажет болған жағдайда баланы ұстап алу үшін терезе астында күттік. Мен үйде ересектер бар-жоғын білу үшін ішке кірдім. Дереу оқиға орнына полицейлерді шақырдық. Көп ұзамай жұмыстан баланың әкесі келді, – дейді ефрейтор Дәулет Сейдалы.

Айта кету керек, бұл әскери бөлімнің әскери қызметшілері бұған дейін де азаматтарға көмек көрсеткен: олар көшеде ауырып қалған адамға жедел медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтауға себепші бола білді.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button