Абай облысының тәртіп сақшыларына 137 қызметтік автокөлік берілді

Бүгін Семейде Абай облысы полиция департаменті мамандарына қызметтік автокөліктердің кілті тапсырылды. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров қатысты.
Былтыр жергілікті атқарушы органдар тарапынан полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және арнайы техникалық құралдар сатып алуға тиісті қаражат бөлінді. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде бүгін полиция қызметіне KIA Cerato, Elantra, JAC және Cobalt маркалы 137 жаңа автокөлік берілді. Көліктердің арасында 8 автобус бар.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы табысталып отырған техникалар полиция қызметін жаңғырту және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділдік идеясы үстемдік құрған қоғамда полиция қызметкерлеріне жоғары талап қойылып, зор жауапкершілік жүктеледі. Әрбір тәртіп сақшысының қызметін мінсіз атқарып, білікті маман, отаншыл азамат болуы өте маңызды», – деп өздеріңіздің табанды еңбектеріңізді ерекше атап өткен болатын. Полицияның қызметін қолдау, олардың материалдық-техникалық базасын үнемі жетілдіріп, жаңартып отыру – заман талабы. Осыны ескере отырып, бүгін облыс әкімдігі полиция департаментіне 137 қызметтік автокөлікті табыстап отыр. Бұл – тек материалдық-техникалық базаны жаңарту ғана емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, полиция жұмысының жеделдігін және тиімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам. Қазіргі жағдайда жедел әрекет ету, жақсы жабдықталу және үйлесімді жұмыс істеу – азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі кепілі. Жаңа техникалар тиімді пайдаланылып, жұмыстың сапасын арттырып, өңірдің қауіпсіздігі үшін қызмет етуі керек. Сонымен қатар, облыс әкімдігі алдағы уақытта облыс орталығында және аудандарда жедел басқару орталықтарын салуға, радиостанциялар мен қосымша автокөліктер алуға қаражат бөлуді жоспарлап отырғанын айтқым келеді. Бүгінгідей көп мөлшердегі көлік облыс тарихында тәртіп сақшыларына берілген емес. Біз мұнымен шектелмей, алдағы уақытта полиция департаментінің автопаркін жаңалай беретін боламыз, – деді Берік Уәли.
Өңірде құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық тұрғыда нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде биылғы үш айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құқық бұзушылықтар саны 18 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар 246-дан 184-ке азайды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



