Облыс әкімі: «Халыққа қызмет көрсететін сауда орындары заман талабына сай болуы қажет»

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірқатар сауда орындарын аралап, халыққа қызмет көрсететін нысандардың абаттандырылуына, тазалық талаптарын сақтауына баса назар аударды. Аймақ басшысы құқық қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдерімен бірге шаһардың ортасындағы «Нива» сауда үйі, «Жансая» базары мен «Мың бастау» сауда орталығына барды.
Аралау барысында халық жиі келетін сауда нысандарында абаттандыру мен санитарлық тазалық деңгейі талапқа сай келмейтіні анықталды. 1985 жылы салынған «Нива» сауда үйінің алдында ескі дүңгіршіктер орнатылған, баспалдақтары тазартылмаған, ғимараттың төбесінен су ағып жатыр. Ал «Жансая» базары ғимаратының қасбеті талапқа сай емес, базар сыртындағы контейнерлер мен ішіндегі сауда бутиктері ескірген.
Аймақ басшысы тазалыққа немқұрайлы қараған сауда орындарына олқылықтарды тез арада жоюды, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, Семей қаласының әкіміне кәсіпкерлік басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесіп қаланың келбетін бұзып тұрған сауда орындарына заң аясында тексеру жүргізуді тапсырды. Облыста Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында осы аптаның демалыс күндерінен сенбіліктер мен тазалық акциясы басталатынын айтып, кәсіпкерлердің де ортақ жауапкершілікті сезініп, өз нысандарының тазалығы мен тәртібіне жіті мән беруі қажет екенін қатаң ескертті. Ескертуді елемегендерге айыппұл салынатынын айтты.
Полиция департаментінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру қағидаларын сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Жыл басынан бері 3 616 құқық бұзушылық анықталып, 12,3 млн теңге айыппұл салынды, 3 178 ескерту берілді. Құқық бұзушылықтардың алдын алуда бейнебақылау камералары тиімді қолданылуда. Олардың көмегімен 291 құқық бұзушылық анықталды. Облыс әкімі алдағы уақытта рейдтік іс-шараларды жалғастыруды, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Талап – барлығына ортақ. Қаланың қақ ортасында тұрған сауда орындарындағы тазалықтың мұндай деңгейде болуы мүлдем дұрыс емес. Семей – өз қаламыз, ортақ үйіміз. Оны таза ұстау – әрқайсымыздың міндетіміз. Тазалыққа салғырт қарайтын барлық бизнес нысандарына әуелі заң аясында ескерту беріледі. Ескертуді елемегендерді жауапқа тартып, айыппұл саламыз. Кәсіпкерлер өздері табыс тауып отырған нысандарының айналасын таза, ұқыпты ұстауы керек. Бизнес иелері табыстарының бір бөлігін абаттандыруға жұмсауы тиіс. Халыққа қызмет көрсететін сауда орындары заман талабына сай болуы керек, – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі сауда орындары басшыларына, қала әкімдігіне сауда орындарын жаңғырту, абаттандыру бойынша жобаларын ұсынып, бекіттіруді тапсырды. Үш айдан кейін келіп, арнайы тексеретінін айтты.
Айта кетейік, былтыр облыста өткен жалпыөңірлік сенбілік аясында 349 мыңнан астам тұрғын тазалық жұмыстарына қатысып, 52 мың тонна қалдық шығарылды. 70 мыңнан астам көшет отырғызылып, 191 заңсыз қоқыс орны жойылды. Сонымен қатар, «Үлгілі ауыл» байқауы ұйымдастырылып, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мен тазалығын сақтау жұмыстарына қатысып, белсенділік танытқан 20 ауылға 20 жаңа трактордың кілті табысталды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



